- Advertisement -

Өрттің дені тұрғын үй секторларына тиесілі

46

- Advertisement -

Облысымызда өрт оқиғасының орын алуы азаймай отыр. Өткен жылдың осы кезеңінде өңірдегі жеке тұрғын үйлерден 325 өрт шығып, шығын 19 миллион теңгеге жеткен. 5 адам жарақат алса, аталған тілсіз жау 14 адамның өмірін жалмаған. Биыл да он айдың ішінде жеке тұрғын үйлерде 428 өрт тіркелген. Шығыны 79 миллион теңгені құрап, 5 адам жарақаттанса, 2 адам қаза тапқан.

Тараз қаласында орын алған өрттердің де дені жеке үйлерге қатысты болып отыр. Жалпы Тараз қаласында жеке тұрғын үйлердің 93,5 пайызы табиғи газға қосылса, қала аумағына қарасты алқаптарда 6306 тұрғын үйдің ішінде 3355-і табиғи газ пайдаланады. Ал газға қосылмаған, яғни көмір пайдаланатын 2951 тұрғын үй бар екен. Мұны тілге тиек етуіміздің себебі, өрттердің ең көп саны азаматтық қорғау органдарының бақылауына жатпайтын нысандарда болады екен. Олардың дені тұрғын үй секторына қатысты. Жалпы облыста өрт санының 60 пайыздан астамы тұрғын үй секторына, 21 пайызы көлік құралдарына тиесілі көрінеді. Ал Тараз қаласы бойынша жасалған зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, өрттердің 80 пайыздан астамы тұрғын алқаптарда орын алыпты.

Жалпы өрттердің туындау тәуекелін болдырмау және азайту мақсатында азаматтық қорғау органдары өрттің алдын алу шараларының кешенін жүргізуді доғарған емес. Осы жылы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы, еріктілер және жергілікті полиция қызметі өкілдерімен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудің, тұрғын үй секторында өрттердің алдын алу мақсатында ақпараттық агенттіктер, облыстық телеарналар өкілдерінің қатысуымен өткізген брифингтердің пайдасы мол екенін айта кетуміз керек. Бұл тұрғыда да атқарылар шаруалар жүйелі жүргізілуде. Десе де өрттің шығуы әлі де саябыр таппай отыр.

– Басқа уақытты айтпағанның өзінде, айналдырған екі аптаның ішінде Тараз қаласының өзінде бірнеше оқиға орын алды.

Осы жылдың 5 желтоқсанында Тараз қаласында сағат түнгі 00:02-де Мәмбет батыр көшесі 2 «О» мекенжайындағы (Ауыл-Береке базары») «Тұрсынбаев ЖК» жеке кәсіпкерлігі аумағында асхана мен 2 құрылыс дүкені (бір қабатты шатыр, металл жәшік бойынша гофрленген төсем) және 8 металл контейнерді (құрылыс материалдарын) өрт шалды. Өртенген жердің жалпы ауданы 290 шаршы метр. Оқиға орнынан өрт сөндірушілер отыз литрлік бес газ баллонын сыртқа шығарды. Өрт сағат 00:45 ішінде оқшауланып, Тараз қалалық өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің күшімен сағат 00:58-де жойылды. Оған 50 қызметкер және 13 техника жұмылдырылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда. Бірінші бөлімшенің келу уақыты сағат – 00:05.

Өкінішке қарай, жыл ішінде азаматтардың немқұрайдылығынан адамдар қаза тауып, мүлік жойылатын өрттер орын алады. Сондықтан тұрғындардың сақ болғаны өте маңызды. Барлық қауіпсіздік шараларын ұстану – әркімнің туыстары мен жақындарының өмірін, мүлкін сақтайды, – дейді облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақов.

Көліктердің өртенуі де алаңдарлық мәселе. Бұл да адамдардың өзі басқаратын техника құралдарының жағдайына мән бермеуінен, салғырттығынан орын алатын жайт. Мәселен, осы жылы көктемде Меркі ауылында «Shacman» жүк көлігінің кабинасы өртенген. Кабинадан шыға алмай, жүргізуші жанып кеткен. Тілсіз жау темекі шегу кезінде абайсыздықтан шыққан. Тараз қаласы, Төле би көшесінің соңында да бір «ЗИЛ» жүк автокөлігінің кабинасы отқа оранған. Жүргізуші 1-2-3-дәрежелі ауыр жағдаймен ауруханаға түскен. Сондықтан жүргізушілер көліктің электр сымдарының оқшаулануына мән беріп, қауіпсіздікті естен шағармауы керек. Сол секілді тұрғын үйлерде де отқа, баланың отпен ойнауына жол бермегені абзал. Мысалы Шу ауданы, Шу қаласы, Қонаев көшесіндегі 4 қабатты тұрғын үйдің 3 подьезі өртенген. Қызыл жалын үй шатырын шарпыған. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылып, 130 адам қауіпсіз жерге көшірілсе, оның ішінде 30-ы бала. Бағымызға орай, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жаңатас қаласындағы 2-ықшамауданда да №6 үйдің шатыры өртенген. Айта берсек, осы тектес деректер жетіп артылады. Улы газбен улану жағдайлары да аз емес. Мұндай 5 оқиға қыркүйек айына дейін орын алған. Салдарынан бір адам қаза болған. Жалпы бес адам зардап шексе, оның біреуі жасөспірім.

Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Мейірбек Дүйсембаев тұрғын үй секторында өрттің орын алу, бөлмелерге газдың таралуы адам өміріне қауіп төндіретін өзекті мәселелердің бірі екенін айтады. Ол жылу беру маусымы кезеңінде азаматтар екі есе қырағылық танытуы қажеттігін сөз етті.

– Жеке және көпқабатты үйлерде профилактикалық жұмыстарды күшейту үшін Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері үйлерді күнделікті аралауда. Іс-шара барысында ТЖ қызметкерлері жылыту пештерін, электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде, отпен жұмыс істеу кезінде, соның ішінде темекі тарту, газ аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, балалардың отпен ойнауына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар тұрғындарға сертификатталған электр жылытқыштарды ғана пайдалануға, үйлердегі электр сымдарын тек білікті мамандарға жөндетуге, жылыту пештерін уақытында тексеріп, алдын алу шараларын жүргізуге және жас балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға кеңес беруде. Сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдары туралы ойланып, жылыту құралдарын қараусыз қалдырмауға, мұржаларды уақтылы тазалауды жүргізуге шақыру да біздің басты міндетіміздің бірі, – деді М.Дүйсенбаев.

Биыл өңір бойынша өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі дабылы негізінде мамандар 2440 құтқару үшін оқиға орнына аттанған. Оның ішінде өрттерге – 557, авариялық-құтқару жұмыстарына – 220, өрт ретінде есепке алынбайтын жану оқиғаларына – 1604, дәлелденбеген жану оқиғаларына 59 мәрте шыққан. Апаттық жағдай кезінде 260 адам құтқарылып, 563 тұрғын қауіпсіз орынға жеткізілген.

Жедел құтқару жасағы 755 мәрте оқиға орнына аттанса, 141 адам қауіптен құтқарылыпты. Ал 32 тұрғын қауіпсіз орынға көшірілген.

Тұрғындар үйден шығарда балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, электр және газ құралдарын қуат көзінен ажыратып, үйді жылыту үшін пеш жаққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы керек-ақ. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда тұрғындар бірден «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалса, адамға төнген қауіпті біршама сейілтуге болатынын ұғынуымыз керек.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support