Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің көмегімен несие беруші – банкті таңдау
Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің көмегімен несие беруші – банкті таңдау
Заемшылар кредитор банкті таңдау барысында бірінші кезекте несие бойынша номиналды сыйақы ставкасына назар аударады. Алайда, несие аларда банктің ұсынып отырған қызметіне талдау жүргізу үшін көптеген факторларға көңіл аудару керек, соның ішінде, бірінші кезекте, банктік қызметтің нақты құнын анықтап алу қажет. Себебі, несиенің құнына номиналды пайыздық үстемеден бөлек басқа әртүрлі көрсеткіштер әсер етеді: несиені қолдану мерзімі, өтеу әдісі, комиссиялар мен әртүрлі жарналар, мәселен, несие беру туралы өтінішті қарастырғаны, кеңестер бергені, ағымдағы және басқа есеп-шоттарды ашқаны және жүргізгені үшін, несиені беру бойынша атқарылған жұмыстар және несие сомасын қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін, сонымен қатар, шарттың талаптарына сәйкес заемға байланысты депозиттің болуы және т.б. Банктердің біртекті кредиттері бойынша номиналды пайыздық ставкалардың айырмашылығы айтарлықтай көп емес. Сондықтан банктер жария ете бермейтін әртүрлі қосымша төлемдерге баса көңіл бөлінеді. Бұл нақты сыйақы ставкаларының мөлшерін өзгертіп, клиенттерді шатастырады. Сондықтан әртүрлі банктердегі сыйақы мөлшерін салыстыруға мүмкіндік жасау және заемды алу және оған қызмет көрсетуге байланысты барлық жасырын төлемдерді айқындау, сол арқылы қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі (әрі қарай – СЖТМ) түсінігі енгізілді. Осы СЖТМ – халықаралық тәжірибеде кредиттік ұйымдардың кеңінен пайдаланатын стандартты есептік көрсеткіші. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі (СЖТМ) – банктің қызметі бойынша дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелетін сыйақы мөлшерлемесі (нақты құны). Бұл көрсеткіш заемшыларды заемның нақты құны туралы ақпараттандыруға арналған және сол арқылы әртүрлі несиелеу шарттары банктер арасында таңдау жасауға мүкіндік береді. «Сыйақының тиімді мөлшерлемесі» термині банктік тәжірибеде бұрыннан қолданылып келгенімен, біздің елдің қаржы қызметін тұтынушыларының басым көпшілігі бұл түсінікпен мұнда ғана таныс болды. Сонымен, банктік заемды алғанда 2 сыйақы мөлшерлемесі болады. Біреуі номиналды, екіншісі – жылдық тиімді. Номиналды сыйақы мөлшерлемесінің негізінде заемды пайдаланғаны үшін сыйақылар саналады және ай сайынғы төлемдер есептеледі, ал сыйақының жылдық тиімді мөлшері заемшының комиссиялық төлемдерімен байланысты. СЖТМ заемшының несие алумен байланысты барлық шығындарын көрсететін болғандықтан банктер мүмкіндігінше СЖТМ заемшыға көрсетпеуді мақсат тұтады. Сондықтан СЖТМ ашық түрде көрсету заң жүзінде банктерге міндеттелген. «Миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау сұрақтары бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 19 ақпандағы №230-III Заңымен «Қазақстан Республикасындағы банктер және банктік қызмет туралы» Заңының 39-бабына толықтырулар енгізілген. Оған сәйкес клиенттермен жасалатын банктік заем шарттарында, қаржылық қызметтер бойынша сыйақы мөлшерлері туралы ақпараттар таратқанда және оларды жариялағанда банктер, банк қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар сыйақы мөлшерлемелерін дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде көрсетуге міндетті. Бұл норманы енгізудің нәтижесінде қаржы қызметтерін тұтынушыларға, біріншіден, сыйақы мөлшерлемелері туралы шынайы ақпарат алуға, екіншіден, әртүрлі банктердің сыйақы мөлшерлемесін және несиелеу шарттарын салыстырып, бағалауға мүмкіндік туды. Екінші деңгейдегі 3 банктің жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесін несиелік калькулятормен есептеп көрелік. Мысалы, несие беру сомасы барлығында бірдей 500 мың теңге, сыйақының номиналды мөлшерлемесі 17%, аннуитеттік өтеу әдісімен, несиелеудің бір жылдық мерзімімен 3 банктің комиссиялары әртүрлі болсын: бір реттік комиссия 2%, 0% және 7%, ай сайынғы комиссия 0,3%, 0,5% және 0% құрайды. Осыған байланысты, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 3 банкте 32,8%, 33% және 38,3% сәйкесінше есептеледі. Яғни, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі төмен болып шыққан 1-ші банктің несиелеу шарттары басқа екеуімен салыстырғанда тиімдірек болып табылады. Заем алу барысында (СЖТМ дұрыс есептелгенін анықтау үшін) СЖТМ-нің мәні комиссиялық және басқа төлемдердің көлеміне қарай номиналды сыйақы мөлшерлемесінен шамалы көп болатындығын білген жөн. Өсімқорлықпен күресу үшін СЖТМ-нің мүмкін болатын жоғары мәні ҚР Ұлттық Банкінің нормативті-құқықтық актісімен шектелген. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы №377 қаулысымен банктік несиелер, микрокредиттер және екінші деңгейдегі банктермен, банктік қызметтердің жекелеген түрлерін көрсететін ұйымдармен, микроқаржылық, микрокредиттік ұйымдармен, несие серіктестіктерімен берілетін несиелер бойынша СЖТМ-нің максималды мәні жылдық 56%-дан аспауы қажет. Осы нормативтік құжатпен қарыз алушының банк қызметтерінің құны бойынша толық және салыстырмалы мәліметтерді алу барысында құқығын барынша қорғайды және де бұл банк клиенттеріне әртүрлі банктердің нақты сыйақы мөлшерлемелерінің көлемін объективті түрде салыстыруға және бағалауға мүмкіндік береді.
Нұрлан БЕРІКБОСЫНОВ, ҚР Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалы директорының орынбасары.