- Advertisement -

Ел дамуының драйвері

43

- Advertisement -

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Аталған тұжырымдамаға сәйкес билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Мемлекет басшысы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, Үкіметтен де соны талап етіп отыр. Түрлі деңгейдегі әкімдердің жұмысына да бұл ретте салмақ түседі. Атқамінерлер қарапайым халықтың мұң-мұқтажына, қажеттілігіне құлақ асқаны жөн.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» демекші, елдің тізгінін ұстаған азаматтардың міндеті кабинетте шіреніп отыру емес, елдің арасына барып, ең өзекті мәселені шешу екенін уақыт талабы көрсетіп отыр. Мемлекет басшысының да барлық деңгейдегі әкімдерге қойып отырған талабы осы. Мұны Қаратау қаласының басшылығы жақсы түсініп отыр. «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, бұл күнде аталған кеншілер қаласына барған жұрттың шаһардың өркендеуін көздерімен көріп, жақсы деген бағаларын беріп жатыр. Оған атқарылып жатқан ілкімді істер себеп.

Айтып, айтпай не керек, Қаратау түні күндізгідей жарқырап тұр. Қаланың күншығыс бетіндегі Амангелді Иманов, Байходжаев, Ғани Мұратбаев, Шона Смаханұлы, Қаныш Сәтбаев көшелеріне 166 дана диодты түнгі жарықшамдар қойылыпты.

Бұрын қараңғы болып тұратын 3 шағынауданындағы №48, 49, 50, 51 үйлердің аулаларына және Әбілда Ақшораев пен Иван Панфилов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына 25 дана бағанасымен көше жарықшамдары орнатылғаны да – игілікті іс. А.Шейн көшесі мен Б.Момышұлы көшелерінің аралығына мешіт жанынан жаяу жүргіншілерге арналған жаяу жол жолағы төселіп, С.Сейфуллин көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпір жөнделді. Қала ішіндегі жол шұңқырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қоғамдық көліктерге арналған 17 аялдама қайта жаңғыртылудан өтті.

Қала ішіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына 7 қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын алаңшалар салынды. Қала ішіндегі зират аумағын қоршау жұмыстары жүргізілді. Жұмыс мұнымен шектеліп қалған жоқ. Ә.Молдағұлова № 55, 57, 59, 61 және Ә.Ақшораев № 5, 9, 14, 16 үйлердің аулаларына, сонымен қатар Ә.Ақшораев №1, №1а және А.Шейн көшесі мен Б.Момышұлы көшелерінің аралығындағы жаяу жүргіншілер жаяу жүргінші жолы бағанасы мен диодты жарықшамдар орнатылып отыр.

Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебі мен 3 шағынауданы №26 үй аралығындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол төселіп, қала ішіндегі люктерге техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілді.

Спорттық алаңдар салу, көшелерді абаттандыру жұмыстары да кенжелеп қалған жоқ. Бірінші кезекте күн тәртібінде тұр. Жалпы Қаратау қаласы бойынша Балалар жылына байланысты шағын футбол алаңшаларының 80 пайызы жаңартылды. Сонымен қатар келесі жылға 5 шағынауданы және М.Мәметова көшелеріне жаңадан шағын футбол алаңдарын соғу және 3 шағынауданы №18 көпқабатты тұрғын үй мен Ә.Молдағұлова №59-61 үйлер аулаларындағы шағын футбол алаңдарын қайта жаңғырту жоспарлануда.

Әкімнің жұмысы өзекті мәселені шеше білуімен көрінсе керек. Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетов мұны жақсы түсінеді. Аталған қаладағы мәселелердің бірі – қаңғыбас ит-мысықтардың көбеюі. Есепті мерзім ішінде Арбатас көшесінің бойында орналасқан қаңғыбас иттер мен мысықтарды күтіп-ұстауға арналған орын ашылып жұмыс істеуде. Одан өзге ветеринарлық қызмет тарапынан 362 ит пен 31 мысық ауланып, биотермиялық шұңқырға тасталынды. Конго-қырым гемморрагиялық қызбасы дертінің алдын алу мақсатында қала ішіндегі 541 қоражайға және 9399 мал 3 кезеңдік дәрілеуден өткізілді.

Тазалық та – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Қаратау қаласында барлығы 44 қоқыс алаңы бар. 2022 жылы 8 алаңша жаңартылып, оның ішіне 78 контейнер қойылды. Бүгінге 21 алаңша жаңартуды қажет етеді. Жобалық-сметалық құжаттары дайын тұрған көрінеді.

Қаратау қаласына тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған аумағы 10 гектарды құрайтын полигон аумағына қазу және тазалау жұмыстары жүргізіліп, тазалықты қамтамасыз ету мақсатында айналасы қоршалған. Бүгінгі таңда, заңды тұлғаға 5 жылға сенімгерлік басқаруға беріліп отыр. Қаратау қаласында тазалықпен екі компания айналысып келеді. Яғни, бұл шаруа «Таза қала Қаратау» және «Қаратау саябақтары» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жүктелген. Шағын және көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторлар, кәсіпкерлермен барлығы 17 177 келісімшарт жасалғаны да біраз жұмыстың жолға қойылғанының дәлелі.

Биыл колледж қызметкерлері мен білімгерлерінің, қоғамдық қызметкерлердің, ардагерлердің және еріктілердің қатысуымен Қаратау қаласындағы «Тамды әулие» өзенінің бойы тазартылды. Төле би, С.Шәкіров, А.Байтұрсынұлы көшелері қиылысындағы арық-атыздарды, қала ішіндегі тал-дарақтарды бұтау, көшелердегі бұталарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Қаратау қаласының орталық көшелеріндегі арық- атыздарды тазалау жұмыстары атқарылды.

Полигон айналасын тегістеп жөндеу жұмыстары ретке келіп, 110 шағын және көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен шатырларына дезинфекциялық жұмыстары жүзеге асты.

Кеншілер қаласының жанына батқан бір мәселе шаһардың шетіндегі «Флора» саяжайы болатын. Мұнда иесіз, бұзылған үйлер көбейіп, түнде бұзақылық оқиғалар орын алатын. Тұрғындар қауіптеніп келгендерін жасырмайды. «Флора» саяжайындағы дамба нығайтылып, көлемі 4 гектар жердегі бұзылған және жарамсыз болып қалған үйлер мен қоражайлардың орындары күл-қоқыстан тазаланды. Осы жұмыстың нәтижесінде «Флора» саяжайындағы тегістелген жер телімдері бағбандық және саяжай бағытында пайдалануға берілуде.

Ағымдағы жылы 5 жылыжай жұмыс істеп, өнімдерін Қаратау, Жаңатас қалаларының тұрғындарына ұсынуда. 2026 жылға дейін тегістелген жер теліміне 21 жылыжай салу жоспарлануда.

Кәсіпкерлік саласына да көңіл бөлініп отыр. Шағын инвестициялық жобаларды дамыту барысында 45 жоба әзірленіп, оны қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге ұсыныстар берілді. Сондай-ақ жаңа бизнес идеяларды іске асыру бойынша Қаратау қаласының 107 тұрғыны қайтарымсыз гранттардың иегерлері болды.

– Менің қызметке келгеніме бір жыл болды. Осы уақыт ішінде қаланың даму деңгейін саралап, біраз өзекті мәселелерімен толық қанық болдым. Қандай деңгейдегі мәселе болса да, тұрғындармен кеңесіп, халықтың пікірін тыңдап, содан кейін шешілу жолдарын қарастырып келемін. Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков те қаланың дамуы бойынша біраз тапсырмалар беріп, қаржы жағынан қолдайтынын айтып отыр. Келешекте шаһардың көркейе түсуіне жол ашатын бірнеше жобаларды жүзеге асыруды ойлап отырмыз. Халықтың жайлы өмірі, көмекті қажет ететін отбасыларға қолдау жасау біздің міндетіміз. Осы жолда өзім де аянбай еңбек ете бермекпін. Орынбасарларым мен аппараттағы қызметкерлерден де осыны талап етемін, – дейді Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетов.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support