- Advertisement -

38 өнеркәсіптік-инновациялық жоба жүзеге асырылуда

67

- Advertisement -

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге нақты көмек, қолдау көрсетіліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жұмыс тауып беретін, бюджетке қомақты қаржы түсіретін маңызды салаға үнемі баса назар аударып отырады. Биылғы қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды атап көрсете келе: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап» деді. Осы маңызды салада облыста қандай жұмыстар атқарылуда? Осы сұрақ төңірегінде облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевпен сұхбаттасқан едік.

Аспандияр Мұраталыұлы, Мемлекет басшысы Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, басқа да алқалы жиындарда да кәсіпкерлік саласына ерекше мән беріп, саланы өркендету туралы Үкіметке, әкімдерге нақты міндеттер жүктеп келеді. Осы орайда алғашқы сұрақты облыста қанша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді, оларға қолдау, көмек қандай деңгейде және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаларды жүзеге асырудан бастасақ?

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау – бізге де жүктелен зор міндет. Сондықтан да жеке кәсіпкерден бастап, іргелі жеке құрылымдарда еңбек ететін азаматтар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты жете сезінуі керек. Басқарма қызметкерлері жеке кәсіп ашып, еңбек етемін деген азаматтарға жеткізіп-ақ жатыр. Осындай жұмыстың нәтижесінде кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға қанат жайып келе жатқаны көңіл қуантады. Мәселен, биылғы 1 қарашада облысымызда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік 87 096 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 121,4 пайызға артты.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылған адамдар саны 2022 жылдың 2 тоқсанына 133 315 адамнан асып, жыл басымен салыстырғанда 8 пайызға өсті. 2022 жылдың 2 тоқсанына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 311,3 миллиард теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 113,4 пайызды құрады. Сонымен қатар жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 2021 жылдың қорытындысымен 25,9 пайыз, ал жалпы қосылған құн көлемі 585 655 миллион теңгені құрады. Жалпы қосылған құн – тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді шығару мен аралық тұтыну арасындағы айырмашылық. Бұл көрсеткіш өндіріс процесінде негізгі капиталдың құнын қамтиды.

Биыл 2 тоқсанда шағын және орта бизнес үлесі 18 пайыз, ал жалпы қосылған құн көлемі 189 850 миллион теңгені құрады. Жыл басынан облыста орналасқан барлық қаржы институттарымен сомасы 97,2 миллиард теңгені құрайтын 35 970 кәсіпкерге несие берілді. Бұл қаражаттың 56,3 пайызы, яғни 54,7 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 13,2 пайызы, яғни 12,8 миллиард теңгесі «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниялары арқылы, 30,5 пайызы, 29,7 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы қаржыландырылды. 39,6 миллиард теңге, яғни 40,7 пайызы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландырылған.

Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында кәсіпкерлерді қолдауға барлығы 13,5 миллиард теңге қарастырылып, сомасы 27,2 миллиард теңгені құрайтын 2622 жобаға қолдау көрсетілді. Бұған қоса ағымдағы жылдың шілде айына «Жұмыспен қамтуға арналған жол картасы» аясында 1 884 миллион теңгені құрайтын 356 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 356 жаңа жұмыс орындары құрылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2022 жылы жалпы сомасы 9,5 миллиард теңгеге 5 жоба қолдау көрді.

Осы бағытта 3166 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде, салық төлемдерінің өсімі 9,1 миллиард теңгені құрап, өндірістің ұлғаюы 92,9 миллиард теңгеге өсуі жоспарлануда.

– Президент Жолдауда еңбек өнімділігінің төмендігіне, инновацияның жеткіліксіздігіне назар аудара келе, оны шешудің жолдарын да атап көрсетті. Облыстың индустриялық-инновациялық дамуы қандай күйде, осыған кеңінен тоқтала кетсеңіз?

– Біздің облыстың индустриялық-инновациялық дамуы жоғары деңгейде. Өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың бірыңғай индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 1635,6 миллиард теңгені құрайтын 38 өнеркәсіптік-инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс кезінде 5541 және іске қосылу кезінде 5132 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. 2022 жылы жалпы құны 56,7 миллиард теңгені құрайтын 8 өнеркәсіптік-инновациялық жобаны іске асырылуы жоспарлануда, 395 жаңа жұмыс орны ашылуда.

Инвестициялық жобалардың іске асыру қорытындысы бойынша облысымызда мына өндірістер ашылады: Майда ұнтақталған мәрмәр толықтырғыш өндірісі, табиғи тастан плиталарды, қаптауға арналған тақтайшаларды өндірісі, S (спанбонд), SS, SMS, MB (мельтблау) типтегі тоқыма емес маталар өндірісі, құрама жем өндірісі, кептірілген нан өндірісі, минералды тынайтқыштардың өндірісі және тағы басқа өндіріс орындары бар. Жоғарыда аталған инвестициялық жобаларды іске асыру өнеркәсіп өнімін өндіру көлемін 8,5 миллиард теңгеге, экспорт көлемін 2,9 миллиард теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы Жолдауда міндеттеген кәсіпкерлерге қолдау көрсету туралы қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша кәсіпкерлікті қолдау шараларын одан әрі дамыту мақсатында алда келе жатқан 2023 жылға «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде іске асырылатын жобалар үшін түпкілікті қарыз алушыға 6 пайыз мөлшерлемесімен айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін несие беру көзделуде. Инвестициялық мақсаттарға 20 миллион теңгеге дейін экономиканың басым секторларындағы жобаларға несие мерзімі 2 жылды құрайтын кепілсіз несие екінші деңгейдегі банктер және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акцинерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жастар қатарындағы үміткерлерге пайыздық ставкасы 2,5 пайызды құрайтын, сомасы 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау шараларын көрсету жоспарлануда.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша екі моноқала – Қаратау мен Жаңатасқа және бір шағын қала Шуға, сондай-ақ аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде жаңа шағын орта кәсіпкерлік субъектілерін құруға ынталандыру, сонымен қатар шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобаларды несиелендіру үшін ауыл шаруашылығы саласынан бөлек салалық шектеулерсіз сомасы 20 миллион теңгені құрайтын, мерзімі 7 жылға дейінгі, мөлшерлемесі 4 пайызбен кредит беру жоспарлануда.

Аталған бағытта несие беру механизмдерін «Атамекен Тараз» және «Тараз» микроқаржы ұйымдары бірлесе қарастырып, келесі 2023 жылға шағын орта бизнес субъектілерін қаржыландыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.

– Бүгінгі күні маңызды мәселенің бірі – тауар бағасын тұрақтандыру. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыруда басқарма тарапынан қандай шаралар қолға алынуда?

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мен қамтылуы туралы айтатын болсақ, облыс әкімдігі инфляцияны тұрақтандыру үшін мынадай жұмыстар атқаруда.

Тауар өндірушіден (көтерме жеткізушіден) бөлшек сатушыға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу тізбегіндегі артық делдалдықты жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, жергілікті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті және Экономикалық тергеу департаменттерімен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемақысын 15 пайыздан асырғаны үшін айыппұлдармен хаттамалық ескертулер берілуде.

Сауда үстемақысын 15 және 10 пайыздан жоғары өткермеу жөнінде сауда дүкендерімен, өндіруші кәсіпорындарымен меморандум жасалынды.

Облыс бойынша 155 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 2869 тонна ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, рожки, жұмыртқа, тұз, қант және айран, барлығы 9 тауар түрі бойынша тікелей жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар аудандардағы шаруа қожалықтары өздерінің көкөніс өнімдерін ауылдық округтерде орналасқан дүкендерге жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен делдалсыз тікелей жеткізуде. Облыс бойынша 32 әлеуметтік павильон қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ облыс аумағында орналасқан 601 сауда нүктесімен 10 пайыздан аса сауда үстемақысын асырмау туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 204-4-бабына сәйкес сауда үстемесін қайта бұзғаны үшін 4 сауда нүктесіне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар сауда үстемақысы бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 204-4-бабына сәйкес, барлығы 27 дүкенге хаттамалық ескерту берілді. Бұл ретте сауда үстемесін көтермеу туралы 199 тауар өндірушілермен 490 сауда желілерімен меморандум жасалды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support