Жаңалықтар

Биназар батырдың кесенесі жаңартылды

Биназар батырдың кесенесі жаңартылды

5 6Еліне тұлға болған батыр бабамыз Биназар Ақеділұлының туғанына биыл – 210 жыл толып отыр. Осыдан тура 20 жыл бұрын батыр бабамыз мәңгілік тыныстап жатқан Сұңқар тауының баурайындағы зиратының басына үлкен кесене тұрғызылғаны белгілі. Ал батырдың 200 жылдығы мерейтойы қарсаңында Тараздан Астанаға баратын күре жолдың бойындағы Бірлік ауылының тұсынан батырға арналып орнатылған атқа қонған үлкен ескерткіші де оның елге қорған болғанын аңғартып тұрғандай. Биназар батырдың 1994 жылы тұрғызылған кесенесі кейінгі жылдары тозып, маңайы мал жүретін жерге айналғаны анық. Мұны ретке келтіруді ойлаған аудан басшылары мен «Биназар батыр» атындағы қордың төрағасы Сағат Алдабергенов ақылдаса келіп, биыл осы үлкен кесенені күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаған еді. – Біз өз ұсынысымызды облыс әкімі К.Көкірекбаевқа айтқанымызда ол кісі бірден келісіп, баба кесенесін өзі арнайы келіп көрді. Көп көмек көрсетті. Нәтижесінде 4-5 ай көлемінде кесене күрделі жөндеуден өтіп, төңірегі қоршалып, ретке келтірілді. Мұндағы жұмысқа аудан әкімі Болат Мәдікеновтің де үлкен жәрдемі тигенін айтуым керек. Сондай-ақ, Кеңес, Бірлік, Биназар, Хантау, Қызылту, Қызылотау, Ұланбел ауылдық округінің әкімдері де аудан басшысының тапсырмасына орай көп еңбек сіңірді. Ал бар жұмыстың басы-қасында болып, ыстық-суығына көнген баба ұрпақтары бірліктік қос депутат Мадияр Жақсыбаев пен Қайрат Хасенов, биназарлық Дүйсенғали Қыдырбаевтардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жалпы, бұл ортақ іске мол үлес қосқан Оңтүстік Қазақстан облысындағы және Қордай, Шу ауданы, Тараз, Алматы қалаларындағы, өз ауданымыздағы ағайындарға да айтар алғысымыз шексіз, – дейді аталған қордың төрағасы Сағат Алдабергенов. Өткен сенбіде кесененің қайта жаңғыртылуына байланысты Сұңқар тауының баурайындағы жазыққа киіз үйлер тігіліп, ас берілді. Оған алыс-жақын ауылдардан 300-ге жуық адам қатысты. Кесене маңына халық жиналған бетте аудандық мешіттің бас имамы Зият Исаев баба рухына Құран бағыштады. Содан соң аудан әкімі Болат Мәдікенов алғашқы сөзді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа берді. – Аудан әкімі айтып кеткендей, бұл кесене 1994 жылы сол кездегі осы ауданның әкімі, бүгінде облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Жиенәліұлының басшылығымен соғылғанын жақсы білеміз. Сол кезде баба ұрпақтары осы кесенені көтеріп, бабамызға арнап Құран бағыштаған, кұрмет жасалған. Мен осыдан 4-5 ай бұрын осында келіп, бабамыздың кесенесінің тозып кеткенін көргенмін. Баба ұрпақтарының ұсынысын да ескерген болатынмын. Енді міне, аудан әкімшілігі, басқа да азаматтардың көмегімен кесене жөндеуден өтті. Қазақта «әруақты жерден ат үркеді» деген сөз бар. Қараңыздаршы, бүгін күн де жарқырап тұр. Бабамызды ұрпақтары ұмытпай еске алып, осындай тірлік жасап отыр. Бұл – бала-шағамызға, ұрпақтарымызға үлкен тәрбие. Ендеше, Биназар бабамыздың әруағы бәрімізді қолдасын, елімізде тыныштық болсын. Ал осы үлкен іске атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын. Күні кеше ғана осы ауданда «Құралай сұлудың» кесенесін ретке келтірсек, бүгін міне, Биназар бабамыздың кесенесін көтеріп отырмыз. Мұндай жақсы істер алда да жалғасын таба беретін болады, – деген облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы бұдан кейін ауданымызда атқарылып жатқан игі істерге де тоқталып өтті. Бұдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысынан келген қонақ Жансейіт Теңізбайұлы, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов өзінің игі тілегін білдірсе, биназарлық ақын Болатбек Әбішов аудан тұрғындары атынан бабаға деген тілегін өлең жолдарымен жеткізді. Облыс, аудан басшыларынан кейін жиналған жұрт баба кесенесіне кіріп тағзым етті. Баба кесенесінің іші-сырты жақсы жөнделгендігі көрініп тұр. Іші әсем әрленіп, кіреберіс текпішек, еденіне дейін әдемі тастар төселген. Төбесіндегі үлкен және алдыңғы екі күмбезі де жаңартылып, сырты кейінгі үлгімен шығып жатқан кірпішпен қапталған екен. Кесене мен шырақшы үйі арасына Ұланбелдің қызыл тастары төселіп, төңірек мал кірмейтіндей болып қоршалған. Кесене алдына шағын бастырма орнатылып, орындықтар қойылған. Кесенеге кіреберістегі тұғыр тасқа Құран сүрелерінен араб және қазақ тілдерінде жазылған аят сөздері де келушілердің назарын өздеріне аударды. Түс қайта Биназар ауылында қазақша күрестен «Түйе палуан» жарысы өтті. 90 келіге дейін салмақта 18, ал 90 келіден жоғары салмақта 9 балуан белдесті. Аса тартысты өткен бәсекеде 90 келіге дейінгілер арасында биназарлық Марат Шоқабаевқа ешкім шақ келмеді. Мойынқұмдық Нұрзат Исақ пен көкжелектік Серікбосын Ынтықбаев екінші, үшінші орындарды бөлісті. 90 келіден жоғарылар арасында бірліктік Убайдулла Мүлкібаев «Түйе палуан» атанса, оның жерлесі Берік Қошкенов екінші, биназарлық Қуаныш Қалқабаев үшінші орынды иеленді. Кешкісін болған көкпар ат спорты ойынында Биназар ауылы командасының мерейі үстем болды.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.

Мойынқұм ауданы.