- Advertisement -

Барланған пайдалы қазбалар қоры мол

129

- Advertisement -

Табиғат байлығын ел игілігіне айналдыра отырып қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін жобалар экологтардың келісімімен іске асырылуда. Әсіресе еліміздегі минералды-шикізаттық ресурстарға бай аймақтардың бірі, ол – Жамбыл облысы. Републикадағы плавик шпатының – 68, фосфорит қорының 72 пайызы «Қаратау фосфор» бассейні аумағында шоғырланған.

Өңірімізде басқа да пайдалы қазбалар қоры мол. Олардың арасында асыл металдар – алтын, күміс және түсті металдар – мыс, мырыш және қорғасынның мол қоры бар. Сондай-ақ барит, көмір және минералды тұзды да көптеп кездестіруге болады. Шу және Сарысу ойпаттарында қаптайтын тас пен газ кен көздерінің өнімдері елімізде зор сұранысқа ие. Облысымыздың аумағында әлі де барланбаған кен көздері аз емес.

«Оңтүстік жерқойнауы» өңіраралық департаменті республикалық мемлекеттік мекемесі Жамбыл аумақтық геология инспекциясының басшысы Асқар Құндызбаевтың айтуынша, Шу және Іле аумағында қорғасын-мырыш минералының мол қоры бар екен. Сарысу ауданының аумағындағы тұз кені көзін игеру қолға алынды. Осындағы азықтық ас тұзының болжанған қоры 15 миллион тоннаны құрайды. Облысымыз барланған жерасты суы және таза су қоры жөнінен республикада үшінші орында. Аймақ экономикасында фосфорит, алтын, мыс және құрылыс материалдарын өндіру басым бағыттардың бірі саналады. Облыс аумағында 142,9 миллиард АҚШ долларына бағаланған болжамды кен орны бар.

– Жамбылдықтар үйлерін жылыту және өндірістік қажеттілік үшін жыл сайын 371 тонна көмір тұтынады. Қатты отынның көпшілігі сырттан жеткізіледі. Ал Шу кен көзінде көмірдің орасан мол қоры шоғырланған. Егер инвестиция салынса, кен көзі игерілсе, онда өзімізде өндіруге болады. Осынау жер қойнауындағы орасан байлықты игеріп ел игілігіне жарату үшін ірі инвестиция керек. Кейінгі кезде бұл бағытта елеулі іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Геологиялық іздестіру-барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан елеулі қаржы бөлінуде, – дейді ол.

Табиғат байлығы, жерасты қазынасын игеруге бөлінген қаржы мақсатты жұмсалғаны атқарылған жұмыс барысынан көрініп-ақ тұр. Атап айтсақ, өткен жылдарда Сарықамыс кең алаңында Сидерид темір кен, Төртқұдық алтын кен белгісі, Бөдене құдық кен алаңының Ащыкөл-1, Ащыкөл-2, Бөдене құдық, Танен кен орындарында полиметалл мен темірдің болжамды қоры анықталды. Сонымен қатар Шу-Хантау алаңдарында алтын, мыс, күміс, темір, қалайы, вольфрам, молибден және висмуттың болжамдық перспективтік бағамы анықталды.

Зерттеу, барлау жұмыстарының нәтижесінде облысымызда бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың қатарында «Еврохим тыңайтқыштар» ЖШС-ның минералды тыңайтқыш өңдейтін химия зауыты бар. Бұдан бөлек, «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС тау-кен металлургия комбинатын салуда және алып кен орындарын игеруде. «Қазақ Сода» ЖШС кальцилендірілген сода өндірісі зауытын салуда. Бұдан басқа, Шу-Қызыл тұз, Сұлутөр-Беріктас кен алаңдарында геологиялық-минералдық, Шу-Сарысу шөгінді бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеулер жасалуда.

«Жері байдың – елі бай» демекші, облыс аумағында пайдалы қазбаларды неғұрлым көп өндіріп, өңдеп іске жарату – экономикамызды дамытуға серпін берумен қатар жамбылдықтардың да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға игі ықпалын тигізері анық.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support