Ата-аналармен байланыс үзілмейді
Ата-аналармен байланыс үзілмейді
Барлау бөлімінің командирі, подполковник Алмаз Кабиев ата-аналарды сарбаздардың күн тәртібімен, жатын орындарымен таныстырды. Одан әрі командирдің ата-аналармен кездесуі залда жалғасын тапты. Олар ұлдарына қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған тұшымды жауап алды. Командирлермен жеке танысудан бөлек, ата-аналар офицерлердің телефон нөмірлерін жазып алып, енді оларға тікелей қоңырау шалып, ұлдарының әскери борышын қалай өтеп жатқанын сұрап біле алатын мүмкіндікке ие болды. Ата-аналары бауыр еті балаларының аз уақыт ішінде ер жетіп, жауапкершілікті сезініп қалғандарын байқап, офицерлердің жұмысына оң баға берді, еңбектеріне табыс тіледі. Отан алдында адал болуға ант берген сарбаздар анттың әр сөзі үнемі жауапкершілікке, Отан, ел үшін әскери парызын орындауға шақыратынын түсініп, парызды іспен көрсетуге ниетті екендерін жеткізді. Осындай маңызды сәтте туғандарының қасында болуы оларға рух пен сенім ұялатты. Луговой гарнизоны әскери бөлімінің қолбасшылығы ата-аналарға әскери бөлімнің есігін айқара ашып, казарманы көруге мүмкіндік бере отырып, нәтижесінде ата-аналар ұлдары үшін алаңдаушылыққа ешқандай себеп пен күмәннің жоқ екеніне көз жеткізді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ