- Advertisement -

Елеусіз болған ер есімі ескерусіз қалмаса екен

217

- Advertisement -

Бұл әңгіме бар өмірін ауылының өркендеп өсуі мен елінің тұтастығына арнаған, қарапайым еңбек адамынан совхоздың бір бөлімшесінің басқарма басқарушысына (управляющий) дейін көтеріліп, осы қызметін 30 жыл атқарған Көшкінбайұлы Сихымбай ағамыз туралы болмақ. Мәскеудің Орталық Мемлекеттік Әскери Тарихи Архивіндегі (ЦГВИА) Сихымбай Көшкінбайұлы туралы 1096 істің үш топтамасы осы азамат ардагерге арналыпты.

1973 жылы Орта Азия Әскери округінің дәргейіндегі бүгінгі «Ақтөбе» және «Бәйтерек» ауылдық округтеріне кіретін №10 совхоз «Бәйтерек» елді мекен жайы, «Жаңаталап», «Марьяновка», «Габаевка» елді мекендері Қырғыз ССР-інің Қайнар, Бақайыр айылдары және қырғыздың 2 бөлімшесімен біріктіріліп, сегіз елді мекеннің бірігуімен ірілендірілген үлкен совхоз құрылуы туралы Мәскеу өз ұсынысын Қаз ССР-і мен Қырғыз ССР-інің үкіметіне жолдаған екен.

Ірілендірілген осы совхоздың орталығы қырғыздың Қайнар айылы болып белгіленеді. Совхоз негізінен Орта Азия Әскери Округінің әскерінің ет-сүт, көкөніс-жеміс, астық пен дәнді дақылдар өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етумен айналысуы қажет болып жоспарланыпты. Бұл шешім территориялық-әкімшілік-шаруашылық талабы мен суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етіп, шаруашылық жерлерін ұтымды пайдалану үшін туындаған еді.

Ал бұның арғы жағындағы территориялық аймақтарды бөліп еншілеу кезіндегі ұлттық мүдде, республикалардың мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздігі, ұлтаралық мәселелердің сұрақтары, ата-баба бейіт мазарлары, салт- сана, әдет-ғұрып деген мәселелердегі екі республиканың ара-қатынасындағы тірлікке Мәскеу пысқырып та қарамапты.

Міне, осы уақытта Мәскеудің ұсыныс жобасына тікелей қарсы шыққан Сихымбай Көшкінбайұлы еді. Сол кездегі Орта Азия Әскери Округінің штаб пәтері Ташкент қаласында орналасқан болса, округтің бас қолбасшысы генерал- майор Д.Т.Язовтың қабылдауына үш рет кіріп, 1973-1974 жылдар аралығында қазақтың жерінің тұтастығын дәлелдеп, Байзақ датқаның баласы Ақмолда батырдың қаншама уақыттан бергі қыстау қонысы мен жайлауын мысалға келтіріп, 1920 жылғы жер-су реформасын көлденең тұтқан, 1924 жылғы Орта Азия республикаларының территориялық жеке межеленуін, ұлттық реңмен біртұтас қоныстануын айтып, ата- баба мазарлары туралы, оларға қатынайтын логистика мәселесін көтеріп, №10 совхоз «Бәйтерек» ауылы, «Жаңаталап» ауылы, «Марьяновка», «Габаевка» елді мекендерін Жуалы ауданының орталығы Бурныйдан (Боранды бекеттен) бөлуге болмайтындығы жөнінде тарихи баяндама жасаған екен.

Жуалы ауданының шекаралық аймағы «Бәйтерек» совхозына Мәскеу тарапынан қатты көңіл бөлу 1965 жылдан басталды. Қазақ ССР-ның «тың және тыңайған жерлерін игеруге» Ресей, Белоруссия, Украина жерлерінен келген мамандандырылған механизатор жұмысшылары Жуалы ауданына да келді. Бұл славян ұлтының 5-рет, неміс ұлтының 3-рет Қазақстанға қоныстануы еді. Осы қоныстану кезінде білікті мамандар №10 совхоз «Бәйтерек» елді мекеніне көшірілді. Нәтижесінде, 3 жылдың ішінде түзу көшелерде жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар, дүкендер пайда болды. Елді мекен Мәскеулік қамтамасыз ету жүйесіне көшірілді.

Совхоз «усадьбасы» гүлденген елді мекенге айналды. Осы кезеңде қалың қазақтың «Сахасы» Сихымбай Көшкінбайұлы «Ұлттар теңдігі» мәселесін көтерді. Өндірістік жолдамалармен қазақ жастарының жоғары оқу орындарына түсуін, қазақтан шыққан мамандарды жұмысқа орналастыру қажеттігін, тіпті өндірістік қажеттілік есебінде Жаңаталап ауылынан шыққан жастарды жүргізушілік «автошкола», «ДОСААФ» курстарына жіберіп, техниканы тізгіндеуге қатты күш-жігерін салған, жөндеу станцияларында моторист-слесарьлардың қазақтан шығуына мұрындық болған осы кісі еді.

Қазақ жастарының тек қана совхоздың малын бағып, егінін суғарып, көкөніс пен жеміс-жидегін екпей техникаға көңіл аудару қажет екендігін ХХ ғасырдың 60 жылдары бастама етіп көтерген де Сахаң болатын. Осы мәселе күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Осы деректің барлығы Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік Әскери-тарихи Архивінде (ЦГВИА) мөлдіретіп тұрып жазылып, Сахаң туралы мінездеме беріліпті. Орта Азия Әскери Округінің басшылығы Сихымбай Көшкінбайұлы секілді жер жағдайын меңгерген, суландыру жүйесін білетін, мал жағдайын байыппен қарайтын, ел алдында қадір-қасиеті бар адам ретінде іскерлігін бағаласа керек.

Сонымен бірге «жеке іс» парақшасында Сахаң басқарған бөлімшенің «социалистік жарыста» өзге бөлімшелердің көрсеткішінен ауыл шаруашылығындағы қандай өнім жағынан болсын оқ бойы алда екендігі, ол кісінің ерекше еңбекті ұйымдастыру қабілеті баса көрсетіліп айтылыпты.

Ендігі айтарым, елі үшін еңіреп жүріп еңбек еткен аптал азамат, атадан абадан ұл болып туылған есіл ер өз кіндігінен 5 ұлды, 5 қызды елдің ертеңіндегі тірлікке сызыпты. Осы ұл-қыздардан тараған немере-шөберелер түрлі салада елдің етегін жауып, есін жиғанға септігін тигізуде. Жоғарыдағы ел алдындағы еңбектерін санамалап, сараптай келе Сихымбай Көшкінбайұлының есімі «елеусіз болған, атаусыз қалған есімдердің» санын толтырмай, халық алдында аталса деген ой.

«Жаңаталап» елді мекенінің атауына тиіспей, сол елді мекендегі «Жаңаталап» орта мектебінің атауы Сихымбай Көшкінбайұлына берілсе деген ұсынысымыз бар. Біз осы айдармен алдыңғы буынға қарапайым еңбек адамының есімін насихаттап, еңбектің наны тәтті екендігін, мемлекет территориясының тұтастығын, елдің егемендігіне сызатты түсірмеу атадан балаға, баладан немереге, ұрпақтан ұрпаққа мирас екендігін ұғындырар едік.

Сайын даланың сай-саласындағы ұлтымыздың 5-6 үйден тұрған әулеттерінің басын бір ауылға жинаған, оңтүстігіндегі қырғыздың Бақайырынан, солтүстігіндегі Айша бибі кесенесіне дейін шұбатылып кеткен алқаптағы қазақ жұртының қонысын бір елді мекенге біріктірген, жаңа өркениеттің жаршысы болған, ел жанашыры Сихымбай Көшкінбайұлының еңбектерінің атын атап, түсін түстеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Тіпті Жуалы ауданы бойынша елді мекендердің атаулары Алексеевка, Кантемировка, Некрасовка, Казанка, Благовещенка, Зыковка, Петровка, Братское, Юрьевка, Юсуповка, Евгеньевка, Ново- Вознесеновка атауларымен толып жатқанда, Сахаң елді мекеннің атауын Ақмолда батырдың немересі Әлім молдамен ақылдаса келе «Жаңаталап» деп атап, 1958 жылы ел ішінде жиналыс өткізіп, бұл атауды аудандық партия бюросында қорғағандығы жөнінде, осы әрекеті үшін «ұлтшыл» деген айдарды алғанын кейінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Сондықтан ұлт теңдігін ұлықтаған заманның батыры Сихымбай Көшкінбайұлының бүгінгі күнгі тарихтан орын алатын уақыты жетті деп ойлаймыз.

 

 Ғабиден ЖӘКЕЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support