Мектеп түлектері қайырымды іске жұмылды

18

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының негізімен жасалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел ішінде талай игі істердің атқарылуына сеп болды. Ұлтымыздың рухани және мәдени құндылықтарды сақтай отырып, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылуды көздеген бағдарлама жаңа тарихи дамуға бетбұрыс болғаны рас. Бағдарлама аясында Луговой ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепте «Мейірімді жүрек – жомарт қол» тақырыбында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Аталмыш бағдарламада «…басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», – делінген.

М.Горький атындағы орта мектебінің ұжымы да осыны назарға алып, білім ұясынан түлеп ұшқан, еңбекпен қоғамда өз орнын тапқан түлектерінің басын қосты. Сол азаматтардың демеушілігімен денсаулығына байланысты ерекше білімді қажет ететін, көпбалалы, жетім, жартылай жетім, аз қамтылған оқушыларға жағдай жасап, қол ұшын беруді мақсат етті.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған акцияға осы мектептің түлектері, Луговой ауылдық округінің әкімі Мұрат Сванов, аудандағы «Жан жылуы» қайырымдылық қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіпов, мектептің тұрақты демеушісі, жеке кәсіпкер Т.Оразбаев және мектептің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты. Шақырылған қонақтар өз лебіздерін білдіріп, акцияға демеушілік жасады. Сонымен қатар өзге де мектеп түлектері акцияға үлес қосты. Шара соңы оқу ошағында ашылған «Инклюзивті қолдау» кабинетінің білім алушылары мен мектеп оқушыларының өнер көрсетуімен қорытындыланды. Мұндай іс-шараның мектепте өткізілуінің де өзіндік мақсаты бар. Білім ұясында тәрбиеленуші жасөспірімдер бір-біріне жанашыр, бауырмал болып өсіп, туған жер, өскен өлкеге қайырымды болса деген мүдде көзделді, – дейді аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Өркен Тамшыбай.

Акцияға қатысушылар қатарындағы «Жан жылуы» қайырымдылық қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіпов бұған дейін де ауданда түрлі сауапты істерді ұйымдастырып жүргенін естігенбіз. Оның бастамасымен асарлатып үй салынып, баспанаға мұқтаж жанұяларға берілуде.

– Біздің қордың құрылғанына көп болған жоқ. Соған қарамастан, былтыр төрт жанұяға пәтер салып бердік, биыл да бұл іс жалғасын тауып жатыр. Қайырымды болу – әр адамның хақысы, ал мейірімділік – қорғансыз, үйсіз-күйсіз, мүгедек жандарға деген жан шуағы. Міне, сондықтан да қордың атын «Жан жылуы» деп атадық. Қорға қаражат әлеуметтік желі арқылы байланысқан азаматтардан түседі. Біздің міндетіміз – сол қаражатты жағдайы жоқ отбасыларына апта сайын азық-түлік, дәрі-дәрмек түрінде беру. Кейбір кісілердің пәтерақысын төлеп жүрміз. Луговой ауылындағы мүгедек балаға қоларба әперу де біздің комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмады. Осының барлығын комиссияға мүше бес ана реттеп отырады. Олардың арасында Галина қажы Майлыбайқызы, байырғы педагог Есенкүл Мұхтарова, Сапаркүл Нұржанова мен Зәмзәгүл Нұрматова бар. Биыл Луговой ауылындағы Алатау көшесінен салынған жаңа үйдің кілтін Дария Төлендібаеваға беруді ұйғардық, – дейді «Халық алғысы» медалімен марапатталған қор жетекшісі Жәнібек Жүсіпов.

Міне, осындай патриоттық қасиетті бойына сіңірген азаматтардың үлгілі ісі жасөспірімдерге де жетсін деген ниеттегі жұмыстар мектептерде, оқу орындарында өткізілуі де маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көзделген мұраттың бірі де осы.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.