- Advertisement -

Жөні бір, жолы басқа

249

- Advertisement -

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Иә, әр ұлттың сана сезімі мен түсінігіне қарай, дәстүрі де өзгеше. Ел-елді қойып, бір мемлекеттің өзінде шығысы мен батысы, оңтүстігі мен солтүстігінде бір-біріне ұқсамайтын, жөні бір, жолы басқа, сан түрлі ырым-жоралғы бар. Оның ішінде қазақтың заманауи түрге еніп, мың боялып, өзгеріске ұшыраған ғұрыптары жөнінде де сөз басқа.

Кейбір жөн-жоралғы ұзақ жылдардан бері қолданысқа еніп, қалыптасып қалғанымен, уақыт өте келе мүлде басқа арнаға бағыт алып бара жатқан сыңайлы. Кеше мен бүгіннің арасын жалғап тұрған салт-сана сан түрге еніп, бастапқы мағынасын жоғалтып алған. Осы орайда әлеуметтік желіде түрлі ырым мен үрдістің талайы жүр.

Соның біріне тоқталсақ, келінді терезеден түсіру – өткен ғасырдан бастап қалыптаса бастаған ырым екен. Бұл соңғы жылдары қатты белең алып, танылып келеді. Әсіресе батыс өңірінің тұрғындары бұл ырымға сеніп, оны ұстанып жүр. Олардың айтуынша, бір әулетке бір күнде екі келін қатар түскен кезде олардың бірін терезеден кіргізсе, абысындар тату болады. Сенім бойынша, екі келін де есіктен кірсе бақ біреуіне ауып кетеді де, екінші келін отбасында бақытсыз болуы, соңы тіпті ажырасуға апаруы мүмкін екен.

Бұл туралы абайтанушы Омар Жәлел бір сөзінде: «Менің естуім бойынша, егіздер үйленгенде бірін есіктен, екінші келінді терезеден кіргізеді екен. Қазақта бие екі құлын тапса, біреуін міндетті түрде басқа біреуге беріп жібереді. Әйтпесе екеуі де өліп қалады деп ойлайды. Сол сияқты екі келін түскенде бірін терезеден кіргізу дәстүр емес, ырым»,– деген ой білдіріпті.

Әуелде қазақ келін түсіргенде оны алдынан күтіп алып, шымылдықпен бет-жүзін көрсетпей жауып, қайын атасының шаңырағына түсіретін болған. Босағадан оң аяқпен аттаған келінге отқа май тамыздырып, тулаққа отырғызған деседі. Ондағысы «От анадан бақ сұрап», иленген тулақтай мінезі биязы болсын дегені екен. Жалпы, қазақ тарихы мен дәстүрі туралы кітаптардың қайсысын оқысаңыз да «Келінді терезеден кіргізеді» деген сөзді таба алмайсыз. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова да бір сұхбатында: «…Бір келінді есіктен, біреуін терезеден түсіріпті. Ол не масқара? Терезеден түсетіндей ол келін ұры ма еді? Мұның бәрі қазіргілердің шығарып алғаны. Әйтпесе, қазақта бұл нәрсе болмаған.

Келін табалдырықты аттап кіруі керек. Табалдырықты аттаған кезде үш қайтара сәлем жасайды», – деп кейіген екен. Ал бұл ырымға шариғат та дұрыс қарамайды. Өйткені қасиетті Құранда «Үйлеріңе артқы жағынан кірулерің – жақсылық емес. Есіктен кіріңдер! Алладан қорқыңдар» деген аят бар. Сол себепті, қанша келін түссе де, жақсылыққа балап ақ босағасынан аттатқан дұрыс сияқты.

Сонымен қатар бүгінде гендер пати, «девичник» деген заманауи кеш белең алып келеді. Мысалы, гендер пати – құрсақ шашу, ал қыз ойнақ бұрынғы қыз ойнақ пен бастаңғының жаңа нұсқасы дейді білетіндер. Оның мағынасы ағылшынның «gender» сөзінен шыққан. Ол – адамның жынысы дегенді білдіреді екен.

Бұл үрдіс америкалықтарда ХХ ғасырда пайда болған көрінеді. Құрсақ шашу – ертеде келін жүкті екенін білгенде, өзінің енесінен «сүйінші» сұраған. Қуанышты хабарды естіген ене, дастарқан жайып, келініне яғни, болашақ анаға «шашу» шашқан. Ал бүгінде аталып жүрген Гендер пати – аяғы ауыр келіншек құрсақтағы шарананың жынысын болашақ әкесіне сүйіншілеп, тосынсый жасайды. Осы орайда «Құрсақ шашуды» түрлендіріп, гендер патиге айналдырып жіберген сыңайлымыз.

«Hens party» немесе «Hens night», сөзбе-сөз аударғанда «Тауық кеші» – бұл қалыңдықтың құрбылары той алдында бас қосатын отырыс. Бұл да ұмыт болған қазақтың дәстүрі. Яғни, ол «қыз ойнақ» деп аталады. Қыз ойнақ – тұрмысқа шығатын қыз құрбылары, әпке-жеңгелерімен оңаша бас қосады. Сөйтіп босаға аттағалы тұрған бойжеткен балалық шағымен, еркелігімен қоштасып, құрбылар сырласып, әңгімелеседі. Бұл кеш таңға дейін жалғасып, таңертең бірін-бірі қимай тарқасады.

Сөйтіп болашақ келінге жаңа өмірдің қыр-сырын түсіндіреді, жеңгелері ас үйдің тыныс-тіршілігімен таныстырады, ақыл-кеңес айтылады. Оны қыз құрбыларымен бірге отырып тыңдайды. Бұл кеш ұзатылатын қыздың үйінде жасалады. Міне, сонда кешегі қыз ойнақ, бүгінде «тауық кешіне» айналып, жаңарған түрі.

Әлеуметтік желіде үйлену тойдың жарқын һәм салтанатты видеосы тарады. Тек жастар ортаға шыққан сәтте «Жар-жардың» орнына ағылшынның әуені төгіліп, ешкім түсінбейтін саз ойнап тұрды. Үлкендер жағы «Неге жар-жар айтылмайды?» деп сұрағанда, асаба: «Қазіргі тойларда осылай болады» деп жауап берді. Дәл сол ортада екі жастың тілге, ұлтқа деген құрметі болса, бұлай жасамас еді деген ой келеді.

Тұсаукесер – сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Бұл ырымды енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан сәбидің қадам басуы үшін, сүрінбеуі үшін жасайды. Ал бүгінде сыныптастар жиналып, 50 жастан асып, оң босағада отырып қалған кәрі қыздың тұсауын кесіп, «өмірлік серігін тапсын» деп ырымдаған бейнеролик әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Мәселен, ырымның өзгеріске ұшырауы осындай оқиғалардан бастау алатын сыңайлы. Осы үрдісті көргендер «Тұсаукесер» салтын кәрі қыздардың теңін табуы үшін жасалған қосымша жоралғы деп ұғып, әдетке айналып кетпесіне кім кепіл?!

Тағы бір көзбен көріп жүрген ерекше дәстүр, қыздың жасауын алып келгендегі құдалардың «қылығы». Құдалықта қыздың төсек орнын көрсеткенде, ортаға көрпе төсеп жіберіп, құда мен құдағиды жатқызып, үстілеріне көрпе жауып, «аймаластыру» мүлде қисынға келмейтін іс. Жөн, қазақта «Көрпең ұлғайсын» деген ырыммен мұндай дәстүр болған шығар. Алайда бағзыда жұрт көзінше күйеуіне білегінен ұстатпай, бұрымынан иіскетпеген аналарымыздың құдалардың алдында күйеуінің құшағына кіріп алып, бүкіл құда-жегжаттың алдында жата қалуы өте ерсі сыңайлы.

Германияда ХVIII ғасырда тек балалардың туған күнінде шырақ жағу дәстүрі болған екен. Сол күні көзге көрінетін жерге тәтті бәліш қойылып, оған шырақ жаққан. Шырақ саны баланың жасынан бір санға артық болыпты. Қосымша шырақ болашақты білдірген деседі. Шырақ күні бойы жанып тұрған, сөнсе жаңасына алмастырған. Ал кешке туған күн иесі ішінен өзінің арманын айтып, шырақты үрлеген. Сенім бойынша шырақтан көтерілген түтін бала тілегін Құдайға жеткізуі тиіс.

Қазір қазақтың туған күндері мен тойларында еуропаша үлкен торт әкелу, жарықты сөндіріп, от шашумен бұрқылдатып кіргізу дәстүрімізге енді. Бұл қазақы ұғым түсініктерге, салт-дәстүрге жат. Қазақ халқы отты өшіруді емес, керісінше, оттың лаулағанын тәуір көреді. «Шырағың сөнбесін» деп бата береді. Жаңа түскен келінге «отқа май құйғызады», «түтіні түзу шықсын» деп жатады. Негізі қазақ отты тұтатып, жанған отқа тілегін айтқан. Қатты налып, қарғаған сәтте ғана «отың сөніп қалсын» дегенді айтқан болар…

Ал ең сорақысы, туған күн иесін құттықтап, бетіне тортты ұрып, жабыстыру. Бұл құттықтаудың бір түрі. Одан бөлек туған күні болған жасөспірімді құттықтап келген достары бас-көз демей шикі жұмыртқамен атқылағанын да көрдік. Мұндай сәт жасөспірім балалар үшін өте көңілді өтеді. «Асты қорлама» деп, нан қоқымына дейін қастерлеп өскен қазақтың, тортты туған күн иесін құттықтап бетіне жапсыруы, тым қате һәм дөрекі ақылға сыймайтын нәрсе.

Қуанышты қойып, өлім-жітімдегі сүйек жөнелтудің өз үрдісі бар емес пе еді?! Ал бүгінде адам жоғалтқан шаңырақтың дастарқаны жайнап тұрады. Негізі той жасаған қуаныштарда ғана дастарқанды жарқыратып қояды емес пе? Ал қайтыс болған кісінің дастарқанын жайнату, мәйіт жөнелтудің жөн-жоралғысын асырып, тасыту, адамды о дүниеге аттандыруда жарысқа түскендей болуы бақталастық іспетті. Осы тұрғыда бақиға аттанған адамның ескі киімдері, ұстаған дүниелері таратылады. Қазіргі таңда жап-жаңа киім сатып алып, кілем тарату да дәстүрге айналып барады.

Қай мезгіл, қай кезең болмасын өзіне сай жөн-жоралғы, салт-дәстүрге деген адалдығы бар. Тек сол іздің жүректерге жол тауып, сайрап жатуы сіз бен бізге байланысты…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support