- Advertisement -

Жасөспірімдер қылмысы: кінәлі кім, қайтсек азаяды?

233

- Advertisement -

Қазіргі таңда өмірге деген көзқарастары толық қалыптаса қоймаған жастардың қылмыс жасауы жиі кездеседі. Оған кім кінәлі, қайтсек қылмыс азаяды? Жалпы, біздің қоғам кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің арасындағы қылмысты олардың санасының жетілмегенімен байланыстырады. Шын мәнінде оларға ұшқан ұясында дұрыс көңіл бөлінбегендіктен, кейбір ата-аналардың салғырттығынан жасөспірімдер қылмыс жасауға «құмар» болып өсуде. Осы ретте тәрбиенің тізгінін босатпау – әрбір отбасыға үлкен сын.

Қалай десек те, жасөспірімдер арасындағы бұл түйткіл өте өзекті болып отыр. Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының бірлесе атқарған профилактикалық шараларының арқасында қауіпке тосқауыл қойылуда. Әйтсе де, өз ортасында бүлік шығарып, қатарластарына әлімжеттік жасайтындар әлі де бар. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты 37 іс қаралды.

Мұндағы құқықбұзушылық көріністердің басым бөлігі – ұрлық, тонау, бұзақылық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, қарақшылық сипатында және ауыр қылмыстар санатына жатады. Оның ішінде, кәмелетке толмаған 19 жасөспірімге қатысты сот үкімі шығарылып, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындалды. Ал өзге істер бойынша тараптар татуласып, келтiрiлген зиян қалпына келтірілді. Осылайша, медиация тәртібімен жасөспірімдер қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Қылмыстық процестік Кодекстің 307-бабында көзделгендей, кәмелетке толмағандарға қатысты істерді елімізде 2012 жылдан бастап құрылған кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайды.

Айта кетейік, сот – кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау кезінде тұрмыстық және тәрбие алу жағдайларын, психикалық дамуы деңгейін, жеке басының ерекшеліктері мен қылмыстық құқықбұзушылық жасаудың себептерін ескере отырып, шешім қабылдайды.

Сондай-ақ қылмыстық іс қысқартылған жағдайда тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары ретінде бір жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілейді. Осылайша, бақылауға алынған жасөспірімдер уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмауға, белгілі бір орындарға бармауға, отбасын 2 міндеттерін орындауға әрі түнгі уақыт аралығында көңіл көтеретін, ойын-сауық үйірмелерінде болмауға міндеттеледі.

Бұдан бөлек, алкогольді ішімдіктер сататын орындарда болмауы және тіркелу үшін мамандандырылған мемлекеттік органның пробация қызметіне шақырту бойынша келуі тиіс. Соттың міндеті – кәмелетке толмағандарды жазаға тартып, оларды темір торға тоғытып, соттау емес. Керісінше, кәмелетке толмағандарды түзелу жолына түсіріп, олардың қоғамнан өз орындарын табуына ықпал ету.

 

Жасұлан ШЫРШЫҚБАЕВ,

облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support