Агросаланы дамыту – ауқымды міндет
Агросаланы дамыту – ауқымды міндет
Бұл жерде агроөнеркәсіп саласын субсидиялауда әуелі өнім өндіруші фермерлерге нақтылай және тікелей берілуі тиіс деп ойлаймын. Сонымен қатар өнімді ұқсата пайдаланушыларға және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеушілерге, диқандарға маусымдық далалық жұмыстарды атқаруына дизель отынын жеңілдікпен беруі керек. «Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы», – деген еді Мемлекет басшысы. Бұл шын мәнінде қолдауға тұрарлық жайт. Себебі бір-бірімен тәжірибе алмаспайтын, өзара томаға тұйық жұмыс істейтін диқандар мен фермерлердің күйі төмен. Себебі техникасы тозған. Жері құнарсыз. Міне, сондықтан ондаған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өзара ұжымдасуы – үлкен жетістіктерге жеткізуде. Мәселен, Ақтөбе мен Ақсай ауылдық округінде құрылған ауыл шаруашылығы кооперативіне ондаған шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлердің бірігуі олардың үлкен инвестицияға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. «Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды», – деді Президент. Бұл да техникасы бар, жері жоқ, малы бар, жайылымы жоқ шаруаларға үлкен қолдау, үлкен демеу болғалы тұр. Жер де, жайылым да қолынан іс келетін шаруа қожалықтарына берілуі керек. Сонда ғана жер өз ырзығын береді. Жерді баптай білетін диқан ғана оның бағасын біліп жұмыс істейді. Президентіміздің де Жолдауда айтып отырғаны осы.
Нұрдаулет ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ,
зейнеткер, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, агроном.
Жуалы ауданы.