Команда басшысы... чемпион!
Команда басшысы... чемпион!
«Астана арландарын» олимпиада чемпионы Серік Сәпиев басқаратын болды
Лондон олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы Серік Сәпиев «Астана арландары» командасына президент болып тағайындалды. Бұл туралы «Астана» президент клубының өкілі Дархан Қалетаев мәлімдеді. Серік Сәпиев «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда спорт менеджері мамандығы бойынша оқуын аяқтап, соңыра елге келеді екен. Елге орала салысымен Сәпиев «Астана арландарының» тізгінін қолға алмақ. Ал WSB додасының жаңа маусымы қаңтарда басталады деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, команданы осыған дейін басқарған Болат Манкенов өз еркімен қызметінен кетті. Оның артынан бас бапкер Сергей Корчинский де орнымен қош айтысқан болатын. Күні кеше ғана «Астана арландарының» бас бапкері қызметіне талай тарлан боксшылардың бағын ашқан айтулы бапкер Марат Жақиев тағайындалды. Корчинский арландарды жаттықтырған жылдары ұжым бір мәрте жобаны жеңіп алған болатын. Жақиев те команданы биік белестерге жетелері даусыз. Айтпақшы «Астана арландары» бесінші маусымда «Баку оттары», «Италия тундерс», «Польша хазарс», АҚШ, Венесуэла, Пуэрто Рико командаларымен бір қатарда «В» тобында шайқасады. Венесуэла мен Пуэрто Рико командалары жобаның дебютанттары екендіктерін де еске сала кетейік. Мамандар топтың фавориттері ретінде «Астана арландары» командасын және «Баку оттарын» атап отыр. Үшінші орынға лайықты ұжым «Италия тундерс» командасы деседі олар.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».