Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

21

3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні. Атаулы күнге орай психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес және түзету кабинеттеріне, оңалту орталығына арнайы жабдықтар тапсырылды.

Арнайы жабдықтар 6 психологиялық – медициналық-педагогикалық кеңес, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне және Тараз қаласының оңалту орталығына берілді. Монтессори кабинеттеріне арналған оқу құралдарына, Бильгоу тақталарымен (тепе-теңдік ұстауға арналған тренажер-тақталары), ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тексеруге арналған жиынтықтар мен ортопедиялық орындықтар жеткізілді.Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 8 мыңға жуық бала тұрады.

Өңірімізде 29 арнаулы мекеме, атап айтқанда, 4 арнайы мектеп-интернат, 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, оңалту орталығы, инклюзивті қолдауға арналған 5 кабинет, аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған «Асыл Мирас» орталығы бар.Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Президенттің тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, олардың құқықтарының сақталуы және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

– Ең алдымен мұндай ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға көңіл бөлінуде. Жақында ғана олардың автопаркі 5 көлікпен толықты. Тағы бірнеше көлік сатып алу жоспарлануда. Жыл сайын жаңа түзету кабинеттері ашылуда. «Асар» орталығының базасында аква-монша, ипподром ашылады. «Мамыр» тоғайы абаттандырылуда, мұнда ерекше қажеттілігі бар жандарға жағдай жасалған. Мұның бәрі оларды қоғамнан сырт қалдырмау үшін жасалып жатыр. Сіздерге, әріптестеріңізге тынымсыз еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды орталыққа тасу олардың ата-аналары үшін қиындық тудыратыны анық. Сондықтан балаларға инва-таксидың көмегі ауадай қажеттігін ескерген облыс әкімі ерекше балаларға арналған инва-таксидің де мәселесін алдағы уақытта қарастыратынын жеткізді.

Сонымен қатар облыс басшысы Халықаралық мүгедектер күніне арналған қайырымдылық дастарқанына қатысты. Шара барысында мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.