- Advertisement -

«Хантау-Бурылбайтал» тасжолы пайдалануға берілді

60

- Advertisement -

Облысымызда республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасы аясында құрылыс жұмыстары осыдан төрт жыл бұрын басталып кеткен еді.

Бұл автомобиль жолы өткен ғасырдың 70- ші жылдары салынып, пайдалануға берілген. Онда ол жолдың көлік жиілігі тәулігіне 400 бен 600 автокөлікке есептелген. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып жығылады. Бір жағы көлік ағынының жиілей түсуінен соңғы жылдары жол төсеніші ауыр жүк көліктеріне шыдас бермей қатты бүлініп, жүруге жарамсыз болып қалған-ды.

Осы жолды қайта салуға республикалық бюджеттен 112 миллиард теңге қаралып, құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған. Бұл алдымен жүргізуші қауымын қатты қуантқан болатын. Атап өтерлігі, бұл жол екі бағытта, яғни, «Меркі-Шу», «Хантау-Бурылбайтал» бағыттарында жүргізілді.

Жолдың жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайды. Оның ішінде «Меркі-Шу» автожолына тиесілісі 86 шақырым. Бұл учаскеде, көліктер қозғалысы үшін 4 жүріс жолағы салынып, жол осінде жүріс жолақтарын бөлу қоршауы орнатылған. Осылайша бұл жол бірінші техникалық санаттағы автожолға айналмақ. Ал Шу қаласын айналып өту тұсынан бастап Бурылбайталға дейінгі ұзындығы 176 шақырымды құрайтын жол учаскесі көлік қозғалысы үшін 2 жолағы бар екінші техникалық жол санатына жатады.

Сондай-ақ жаңа жол Тәтті, Шу, Бірлік елді мекендерін айналып өтеді. Онда 6 көпір, 3 теміржол өткелі, 11 жарықтандырылатын көлік айрығы, 276 су өткізгіш құбыр, демалыс алаңдары мен автопавильондар салынған.

Жол бөліктері бүгінге дейін кезең-кезеңмен беріліп келді. Енді, міне, облысымызға қарасты екінші бағыттағы «Хантау-Бурылбайтал» учаскесінде қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріліп отыр.

Республикалық маңызы бар «Меркі-Бурылбайтал» тасжолының жалпы ұзындығы 81,4 шақырымды құрайтын «Хантау-Бурылбайтал» учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Аталған учаскенің құрылысына 220 техника мен 330 құрылысшы жұмылдырылған болатын.

– Бұл жол екінші техникалық санатқа жатады. Жоба аясында 2 көпір, теміржол арқылы өтетін 2 жол өтпесі, 70 су өткізгіш құбыр және 9 мал айдау өткелі салынды. «Мирный» және «Қияхты» елді мекендерінің қасында 6 автопавильон мен 2 демалыс алаңы жасақталды. Бұдан бөлек, 860 жол белгісі және 37 шақырым қоршау орнатылды. Жол таңбаларын сызу барысында термопластика қолданылды. Жол төсемінің үстіңгі қабаты қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетоннан тұрады, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова.

Филиал басшылығының айтуынша, жобада қолданылған жол-құрылыс материалдарының барлығы отандық өнім.

Бір атап өтерлігі, «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасына бұл жылдары «Синьсин» «Құрылыс және дамыту жөніндегі қытай компаниясы» мен «АБК Автодор НС» ЖШС және жергілікті компаниялар қатысқан болатын. Жалпы құрылыс алаңына серіктестіктер 600-ден астам адам мен 400 бірлік жол техникасы жұмылдырылған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support