Денсаулық

Күй құдіретінің құзар шыңы

Күй құдіретінің құзар шыңы

Күй – құдірет, күй – кие. Күй – қазақтың жаны, Ұлы Далаға жаңғырған ұлт рухының мәңгілік үні. Қазақ халқы ұлт пен ұлыс болып қалыптасқан күннен бастап, төл өнеріне әрдайым төр мен тұғырдан орын бергені тарихтан белгілі. Соның ішіндегі ең биігі – күй өнері десек артық айтқандық емес. Ол Мәңгілік елдің сарқылмас мұрасы, мағыналы маржаны, рухани асыл қазынасы.

Домбыра мұнша шешен болдың неге? Күй толған көкірегің шежіре ме? Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің, Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, – деп Қасым Аманжолов жырлағандай, кез келген күйдің өзіндік тағдыры, мұңы мен сыры һәм рухани энергиясы бар. Осынау классикалық өнердің биіктігіне барып, тереңдігіне бойлап, жауһар мұраны жасай білген күйшілердің шеберлігіне еріксіз тебіреніп, мойындаудан басқа амалың қалмайды. Бұл тұста «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп тайға таңба басқандай жазылып, жадымызда жаңғырып тұр. Сондай нәзіктіктің наркескені, кесек кескін күйшінің бірегейі, белгілі жерлесіміз, өңір мақтанышы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаев биыл 85 жасқа толып отыр. Өткен ғасырлардағы Қорқыт, Асан Қайғы, Қазтуған, Тәттімбет, Құрманғазы, Ықыластардың, дарынды күйші, дәулескер домбырашылардың дара жолын бүгінмен жалғаған композитордың «Баласағұн» орталық концерт залында «Күмбірле күйім, елімде!» атты шығармашылық кеші өтті. Өміршең күйлердің авторы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітіріп, өзі туып-өскен өңірдің мәдени-рухани өміріне араласып, дәстүрлі музыкалық мәдениеттің бүгінгі өмірмен сабақтасуына табандылықпен еңбек сіңірген республикаға танымал қайраткер. Бүгінгі күні абырой биігіне адал еңбекпен жетіп, терең ізденіспен артына өшпес із қалдырған күйші елдің мейіріміне бөлене жүріп, туып-өскен алтын бесігі – Шу жерінен алыстамай-ақ өнер әлеміне өзін де, өлкесін де мәшһүр етті. Күй күмбірлеген кешті облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров ақжарма тілегімен ашып, облыс әкімінің құттықтау хатын жеткізді. Мерейтой иесіне ата дәстүр бойынша шапан жапты. Кеш барысында «Сырлы саздың сыңғыры» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Әулиеатаны әуезді күймен әлдилеген шарада ҚР Мәдениет қайраткері, дирижер Нұрлан Бекенов, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері мен «Қазақ оркестрі» және оркестрдің көркемдік жетекшісі, дирижер Дулат Байзілдаев өнерлерін ортаға салды. Салтанатты сазды сәтте күйші-композитордың «Ерке сылқым», «Жетісу сазы», «Әулиеата», «Көкшолақ», «Тұран елі», «Қызыл елік»» һәм осы сарындас, ой-толғамы тақылеттес сом туындылары көпшіліктің көңілін баурап, жүрегіне жол салды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, автордың күйшілік өнердегі өзіндік қолтаңбасын таныту, рухани қазынамызға айналған шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сазды кеш – күйшінің ойы мен сырлы сезімінің жауһар жемісі. 1970 жылдары дүниеге келіп, елу жыл ел рухын әлдилеген, дәуір келбетінің көрінісіне айналған «Ерке сылқым» күйі қазіргі таңда Алаштың атын алты құрлыққа асқақтатып, алпауыт АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы субұрқақтарда да күмбірлеп тұрғанын айрықша атап өту керек. «Алланың маған берген талантының арқасында әнді де жаздым. Өнер қашанда халқымен өнер. Сіздердің алдарыңызда осылай тұрғаным да халқымның арқасы. Жеткен әрбір жетістігімді халқымның қолдауы, құрметтеуі деп білемін», деді аты аңызға айналған күй авторы кеш барысында тебіреніп. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы мәдениет саласында сүбелі еңбек етіп, белгілі «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінің негізін құрап, ансамбльдің республикалық, облыстық фестивальдерге қатысуына тікелей қол ұшын созып, қолдау көрсеткен ұлт құндылығының шын жанашыры алтынға айырбасталмас асыл туындыларымен қалың көпшілікті осылайша тағы бір тебірентіп тастады. «Көкірегімнің үміті мен тілегі, Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі», деп ақын Жұмекен Нәжімеденов бейнелегендей, бұл күнде 70-тен астам шығармалары киелі өнер сахналарында үзілмей орындалып жүрген композитордың классикалық туындылары әулиеаталықтарға үлкен әсер сыйлады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ