Мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды ұлықтау
Мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды ұлықтау
2022 жыл табалдырықтан аттағаннан бастап ұлт руханиятында үздіксіз салмақты әрі мәнді оқиғалар легі түзілді. Олай деуімнің себебі, маңызды мерейтойлар мен елеулі есімдердің биылғы жыл еншісінде екенін білген дүйім жұрттың көкейінде: «Ұлт тұлғалары ұлықталады ма? Әлде ескерусіз қалады ма?» деген сауалдың туындап, күдік пен үміттің қылаң бергені жасырын емес.
Терең тарихын құрметтеп, келешектен күдер үзбеген халқымыздың атаулы тұлғаларын ұмыт қалдырмайтыны, өсиет сөздерін өнеге тұтып, қастерлеуі қай кезеңде де игілікті іс саналады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125, қазақтың дара перзенті Дінмұхамед Қонаевтың 110, ақиқаттың ақ семсері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын жоғары деңгейде атап өту – барша қазақ халқы үшін парыз, ортақ іс еді. Өйткені аумалы-төкпелі кезеңдерде ұлт келешегі үшін аянбаған тұлғалардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі десек, әрбір қазақ үшін ұлттық сана-сезіміне әсер етіп, бойындағы жігерін жиюына, рухын кемелдендіруіне үлкен себеп. Тарихы терең Тараз төрінде Дінмұхамед Қонаев ескерткішінің орнатылуы тек әулиеаталықтардың ғана емес, барша қазақ халқының қуанышын еселей түсті. Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының алдына қойылған ескерткіштің ашылуы А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында салтанатты жиынға ұласты. Іс-шара барысында қоғам қайраткерінің елге сіңірген ерен еңбегі еске түсіріліп, дәріптелді. Жиынға Дінмұхамед Ахметұлының туған-туыстары, замандастары мен әріптестері, ұлт зиялылары, сонымен қатар жергілікті билік өкілдері, облыс тұрғындары қатысты. Сондай-ақ тұлғаның құрметіне «Д.Қонаев атындағы орталықтың» да ашылуы айтулы күнмен тұспа-тұс келіп, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» құрамындағы Д.А.Қонаев музейіндегі тұлғаның киімдері, сыйға алған оттық топтамасы, құжаттары мен жәдігер заттарынан уақытша жылжымалы көрме қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. «Өмірдің екі тірегі бар. Үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау» деп Дінмұхамед Ахметұлының өзі айтқандай, мұндай мазмұнды іс-шаралар тұлғаның тұлғалығын дәріптеп қана қоймай, үйрену мен үйретудің бірлігін құрау арқылы ұлтымыз үшін пайдалы іс болды. Айта кетейік, халқының дара перзенті Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығында қайраткердің атымен аталатын облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жөндеуден өтіп, өз оқырмандарына қызмет көрсетудің сапасын арттыра түскені де қуанышты жаңалықтар қатарын еселеді. Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аясында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Театр – өмір айнасы» атты халық театрларының фестивалі облыстық деңгейде өтті. Шерағамыздың «Әдебиет, өнер тоқтаса, асағаны ақ май болса да, қоғам өледі. Қоғамның маңызын, адамның рухани байлығын өсіретін бірден-бір құрал – өнер» деген даналық сөзі осы тұста негізгі ойдың мәнін аша түскендей. Бұл шара да қатардағы іс-шаралардың бірі емес, келген көрермен ой түйіп, өнер жолындағы жастардың шабыт алатын алаңының бірі бола білді. Ауыл-аймақтардағы халықтық театрлардың, сол театрдағы жас буынның алары мен берері көп болды десек те артық айтпағандығымыз. Заңғар жазушының шығармашылығын және тұлғалығын дәріптеу легі мұнымен тоқтаған жоқ. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры Тараз қаласына гастрольдік сапармен келіп, тараздық өнерсүйер қауымды қуантқаны да ауыз толтырып айтарлық іс болды. М.Әуезовтің 125 жылдығы аясындағы іссапар барысында А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында «Ай мен Айша» драмасы сахналанып, жергілікті жазушылардың да ұмыт қалмағандығын ерекше атап өткім келеді. Тағы айта кетерлігі, облыс әкімдігінің қолдауымен «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қатысуымен айтулы ақынның 80 жас мерейтойына орай өткен «Ғұмыр-дария» атты ән мен жыр кеші де көптің есінде. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің «Танакөз» поэмасы желісіне қойған композициясымен, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы өнерпаздарының әншашуымен өткен кеште жамбылдықтар дарабоз ақынның ақ батасын алып, дән риза болып тарасты. Кесек тұлға, кенен дарын Шерхан Мұртазаның 90 жылдығының қалай атап өтілгендігі дүйім жұртқа мәлім. Алты Алаштың ардақтылары тегіс қатысып, респубикалық деңгейде өткен той Шерағаңның қазақ руханиятына, журналистикасы мен әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегінің нақ дәлелі болды. Халық жазушысының Тараздың қақ төрінен тұғырының биіктігі 4 метрді, мүсіннің жалпы биіктігі 7,7 метрді құрайтын еңселі ескерткіші орнатылып, Талаптыдағы өз тұрағы болған үй әдеби-мемориалды мұражай ретінде халық игілігіне берілді. Сондай-ақ Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы жазушының күнделік жазбалары жинақталған «Ауылды, сені сағынам» атты екі томдық кітабын шығарды. Аталған кітаптың бірінші томында тұлғаның студенттік кезеңдегі хаттары мен осы уақытқа дейін ешқайда жарияланбаған шығармалары топтастырылса, екінші томына 1949-1979 жылдар аралығындағы күнделік жазбалары енген. Ал 1979 жылдан бері қарайғы күнделік жазбаларын жинақтап жарыққа шығару алдағы уақыттың еншісінде. Сонымен қатар Шерхан Мұртазаның тұлғалық болмысын аша түсу мақсатында «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен баспасөзінің даму үрдісі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылып, ұлт зиялылары, ғалымдармен қатар Шерағаңның шекпенінен шыққан ірі тұлғалар бас қосты. Облыстық театр ұжымы да мерейтой аясында құр алақан болмады. Жазушының туған күні, 28 қыркүйекте қоюшы-режиссер Қуандық Қасымовтың «Шер-Хан» драма-элегиясының тұсауын кесіп, көпшілік назарына ұсынды. Аталған қойылым көрерменін тәнті етіп, зор ықыласқа ие болды. Ұлтымыздың дарасы Шерхан Мұртаза былай деген екен: «Әсте әруақ көзге көрінбес. Оның мекені – өзіңнің кеудеңде болар. Әруақ кеудеңнен орын таппаса, мәңгүрттік содан өрбір». Біз, қазақ биік тұлаларын, үлкеннің жолын сыйлаған елміз. Сондықтан да тұлғаларымызды ұлықтауға аса мән береміз. Мерейтой аясында Жуалы жерінде жазушының өз үйінің әдеби-мемориалды үйге айналуы, Дінмұхамед Қонаевтай алыптың Тараз қаласында музей-орталығының ашылуы тұлғаларымызды сыйлауымыздың бір нышаны іспетті. Оларға жасалған құрмет арқылы ұрпақтар сабақтастығы беки түсті деп білемін. Мәселен, Жуалы жеріндегі Шерхан Мұртазаның үйіне облысымыздың, тіпті көршілес облыстардан жастардың қызығушылығы артып, меймандар арнайы атбасын бұрып келуде. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, орта жас буындағы азаматтар мен ел ағалары да бар. Бұл үрдісті бір күндік немесе науқандық шара деп айтуға болмайды. Себебі, жазушының жазған шығармалары бір ғұмырға һәм ғасырларға азық. Сондықтан да бұл үйдің ашылуын көпшілік асыға күтті. Тау тұлғаны, шығармашылығын ардақтай келе, мұнда әр адам өз жанының қалауын іздеп келеді. Мұнда қаламгердің құтты алақанының табы қалған жеке заттарымен қатар, жазушы суреттеген көркем табиғат та бар. Ал табиғат, Жер-Ана – адамның қуаты. Адам ғұмыр бойы өзін жетілдірумен келеді. Ол үшін өткеніне үңіліп, содан тұғыр іздейді. Біздің тұғырымыз – ұлтымыздың құндылықтары, оны дәріптеген адал перзенттер. Барымызды бағалап, құрметтей білсек, Шерхан бабамыз айтқан мәңгүрттікке ұрынбасымыз анық. Қазақ тарихындағы тұғырлы тұлғаларды дәріптеу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі өзегі болып саналады. Ендеше, дәуірлер демін жалғап, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда тұралап қалмас үшін де, ұлттық құндылықтарымыздың ғұмырын ғасырларға жалғау үшін де тау тұлғаларымыздың болмысын, бағасы биік өнер иелерінің шығармашылығын насихаттау мұнымен тоқтап қалмасы анық. Осы мақсатта алдағы жоспарлар негізінде елеулі тұлғалар мен атаулы күндерді жоғары деңгейде атап өту жалғасын таба бермек. Мұның барлығы өңір мәдениетін дамыту ғана емес, қазақ руханияты мен өнерінің қарыштап дамуына қосылған тамшыдай үлес деп білеміз. Өйткені еліміздің өркендеуіне үлес қосу әрқайсымыздың мойнымыздағы міндет қана емес, үлкен мәртебе деп білемін. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы мәдениет саласындағы мамандардың негізгі атқаратын жұмысы ғана емес, қазақ руханияты алдындағы зор жауапкершілік.
Ерлан ЖҮНІСБАЙ,
облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама
басқармасының басшысы.