- Advertisement -

Ұлттық құндылық – білім саласының басты бағыты

90

- Advertisement -

Бүгінгі таңда білім беру саласының оқу бағдарламасында үлкен серпіліс бар. Ол серпіліс «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаладан туындаған. Соның аясында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған мақсатты жұмыстар басталып кетті.

Осыған дейін білім саласында басты мақсат оқушыға нақты білім, ғылым негіздерін оқыту болып келген еді. Ендігі кезекте балаларды елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей отырып олардың бойындағы рухани танымы қалыптасқан, Отанын сүйетін патриот, жеке тұлға етіп тәрбиелеу мәселесі тұр. Яғни, еліміздің ертеңі қандай болатыны жастарымыздың бойына қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Жалпы патриотизм – өзіңнің кіндік қаның тамған жерге, өскен ауылыңа, қалаң мен аймағына деген сүйіспеншіліктен басталып, ол ұлттық мәдениетіңмен, әдеп-ғұрып, салт-дәстүріңмен астасып жатуға тиіс.

Оқушыларды тәрбиелеуде басты ұстанар бағытымыз – ұлттық құндылықтар болуы қажет. Ол үшін нені білуіміз керек? Атап айтсақ, біріншіден, өз тарихымызды жастарға үйретуіміз керек. Екіншіден, өз тілімізді білуге міндеттіміз. Тіл – тарихымыздың жабулы құлпын ашар әмбебап кілті екендігін ұрпақ санасына жеткізу міндет. Үшіншіден, атадан-балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты дәріптеу. Бұл ұлттық санамыздың қалыптасуына апаратын төте жол. Төртіншіден, өткен тарихымыздың жақсылықтары мен игі тағылымдарын сақтау, дамыту әрі жаңа сапа беру. Бесіншіден, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру. Міне, осының барлығы да жастар бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бастамашы болатын бес бағыт деп білген дұрыс.

Осыған орай мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бастысы біз жас ұрпақтың арасында ұлттық кодымызды жаңғыртуға деген ұмтылысты арттыруға күш салдық. Бұдан бөлек, сыныптар арасында Рухани жаңғыру аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері, «Атқа міну мәдениеті», «Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны», «Тарихи сананы жаңғырту», «Түркі әлемінің бесігі» және басқа тақырыптар бойынша танымдық сағаттар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Біз осылайша Елбасымыздың «Партиотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деген міндетін орындаудамыз.

Рухани жаңғыруға ұстаздар қауымының қосатын үлесі, ол – оқушыларды тәуелсіз еліміздің білімді, тәрбиелі азаматы етіп тәрбиелеу. Қазіргі таңда білім беру мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас пайда болып, оқытудың жаңа технологиясы тәжірибеге енуде.

Біліммен қаруланған, бойында рухани күш-қуаты мығым жас – елдіктің туын жықпайды. Сондықтан да сынып арасында «Тәрбие және білім», «Кітап – білім бұлағы», «Буккроссинг» жобасы, «Кітап оқу терапиясы», «Туған жерге туыңды тік», «Ғажайып алаң» атты сыныптан тыс іс-шаралар өткізілді. Бұл шаралар биылғы оқу жылында да өз жалғасын табуда.

«Бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім-нәр егеді», деп ежелден тәмсілдеген дана халқымыз «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деген қағиданы, ұлағатты ой қорытқан. Сондықтан бүгінгі таңда кез келген көзі қарақты ата-ана ұл-қызының білім алып, қатарынан кем болмағанын ойлайтыны белгілі. Бұл көзқарас қазіргі кезде өмір заңдылығына айналды.

 

Қарлығаш СЫДЫҚОВА,

Бақалы бастауыш мектебінің меңгерушісі.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support