- Advertisement -

Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы

125

- Advertisement -

Ұстаздық – ауыр жол. Осы жолда қырық жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ұстаздың бірі – С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры Жорабек Кәдірбеков. Еңбек жолын қатардағы мұғалімдіктен бастап, мектеп директоры, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары лауазымына дейінгі баспалдақтан өткен ол білім саласына өзіндік үлесін қосып келеді. «Осы жолға түсуіме Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектебінде сабақ берген ағай-әпкейлерімнің көп септігі тиді десем артық айтқандығым емес. Өйткені олардың әрбірінің өз орны бар. Білім беруде олардың ешбірі аянып қалмады, бар білгенін біздің ойымызға да, бойымызға да сіңіруге тырысты. Соларға қарап бой да, ой да түзедік. Сынып жетекшіміз болған Анар Белқожаева мен Шынар Бақтыбековаға, ұстаздарым Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мадиярбек Назарбеков пен Шырынбек Маханбетовке еліктеп, солар сынды білімді, тәрбиелі болғым келді. Шынымды айтсам, мектеп қабырғасынан осы кісілерге ұқсағым кеп ұстаздық жолды таңдадым», – дейді Жорабек Мамырұлы.

Еңбек жолын сол тұстағы билік бекіткен талапқа сай бір жыл ауылда қалып, «ХХІІ партсъез» атындағы колхозда шопанның көмекшісі болып бастаған. Одан кейін жасы жетіп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, әскери қызметін Германия жерінде атқарады. Осында білімділігімен көзге түскен оған сол тұстағы Одақтың кез келген республикасындағы жоғары оқу орнына түсуі үшін жолдама беріледі. Сол жолдама қолына тиісімен ешқайда қайырылмастан туған жеріне оралысымен ол Жамбыл педагогикалық институтына құжат тапсырып, математика факультетіне оқуға түседі. Сөйтіп ұстаздық жолын өзі білім алған Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды.

Өмір деген бір орында тұрмайды ғой. Оның ұйымдастыру қабілетін жазбай таныған, сол тұстағы аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Иманбеков жас маманды өзі еңбек ететін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықта айлап жалақы алмаған көп мұғалім мектепті тастап, саудаға кеткені белгілі. Сол бір қиын заманда да кәсібіне адалдық танытқан Жорабек балаларға білім беру жолынан таймады.

«Балаға білім және тәрбие беру деген оңай шаруа емес. Ол нағыз мұғалімнің қолынан келетін іс. Жас кезде қателіксіз болмайды ғой. Сол қателігім өзіме өмір бойы сабақ болғаны бар. Мектепке институт бітіріп жаңа келген кезім. Өзіме бір кластың жетекшілігін берген. Байқамай оқу процесі барысында бір оқушымды қатты ренжітіп алыппын. Оқу жылы аяғы болатын, бірнеше пәннен екі деген бағамен қорытыланғалы тұрған оқушыма «келесі жылға қалсаң, сыныбыңда үп-үлкен болып қалай отырасың?» деп намысына тиетін сөз айттым. Ата-анасы шағымданды. Оның тігісін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Ботагөз Үсенова жатқызып, соңынан мені шақырып алды. Сөйтіп: «Жорабек, біз кімге білім беріп жатырмыз, кімді тәрбиелеп отырмыз» деді. Сөйтіп бұл сөздердің мағынасын жақсылап түсіндірді. Содан кейін мен бұл қателікті қайталамауға тырыстым», – дейді ол.

Қанша дегенмен бала тәрбиесіне, лайықты білім алуына ата-ананың көп септігі тиетіні белгілі. Сол сияқты Жорабектің ата-анасы да балаларының жақсы тәлім-тәрбие, білім алуына бар жағдай жасаған. Атап айтсақ, 25 жыл механизаторлардың бригадирі болып істеген қызметінен өз еркімен бас тартқан Жорекеңнің әкесі марқұм Мамыр «Он ұл-қызымды оқытуым керек, бұл жұмыстың жалақысы аз» деп шопандыққа ауысқан. Сөйтіп ұлдары мен қыздарының барлығына жоғары білім алуына, өмірден өз орындарын табуына зор еңбек сіңірген. Әрине, бұл жерде анасы Ұлдан Әзтайқызының да зор еңбегі бар екені айтпаса да түсінікті.

Абай атындағы орта мектеп директорының оң қолы бола білген ол 2003 жылы ғана ауылдан аудан орталығына қоныс аударып, Герцен атындағы орта мектепке информатика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Содан көп өтпей осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Ал 2011 жылы аудан әкімдігінің білім бөлімі басшысының орынбасары болып тағайындалады. 2013 жылы аталған штаттың қысқаруына байланысты Жамбыл атындағы орта мектепке директор етіп жіберіледі. Бұдан кейін Диқан орта мектебінде директор болып жұмыс істейді. Аудан басшылығының ұйғарымымен 2016 жылы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке директор болып ауыстырылады. Содан бері осы жұмысты абыроймен атқарып келеді. Мектептегі білім сапасының жоғарлауына үлесін қосып, өткен оқу жылын ҰБТ-дан 74,3 орта балмен аяқтады. Қазір бұл білім ордасы аудандағы үздік он мектептің қатарында.

Басшылық қызметте жөн айтып, жол сілтеген ардагер ұстаздарын Жорабек еш ұмытпайды. Солардың ішінде Қанатбек Төленбеков, Әбілқайыр Шынарбеков пен Бимат Тойшыбековтерді ықыласпен еске алып отырады. Бұдан бөлек, өзінің ізденісін арттыру үшін республикамыздың ірі қалаларында білімін жетілдіріп келіп, үйренгенін әріптестерінің, жастардың бойына сіңіруде. Қазір ол басқаратын мектепте білімді жас мамандар шоғыры қалыптасып келеді.

Жорекеңнің Құдай қосқан жұбайы Әсия Әнуарбекқызы аудандық ауруханада медбике. Екеуі Алланың берген ұл мен қыздарын өсіріп, бүгінде олардан немере сүйіп отырған жағдайы бар. Қазір әке жолын қызы Әсел жалғастыруда. Ал ұлдары Мұрат, Досмұхан бір-бір саланың маманы. Кенжесі Бағдәулет әке жолын жалғап, ҚазМУ-де білім алуда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support