- Advertisement -

Жоспар – жүйелі, мақсат – айқын

101

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңда жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр.

Жуалы негізінен аграрлы аудан. Дегенмен соңғы жылдары кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларына да елеулі көңіл бөлініп келеді. Ауданның жалпы бюджеті 16,5 миллиард теңгені құрайды. Оның ішіндегі өзіндік кірісі – 1,9, субвенциясы – 9,7, трансферті – 7 миллиард теңге.

41 инвестициялық жоба іске асырылуда

Ауданда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Биыл жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын 41 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылуда. Осының аясында Алатау мен Диқан ауылдарында 100 және 180 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілсе, үш орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Сегіз елді мекенге ауыз су құбыры, бес ауылға кварталішілік газ құбыры тартылуда. Екі елді мекенде медициналық пункт құрылысы, біреуінде мәдениет үйінің (өтпелі) және 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ 6 елді мекенде инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым жүргізілу үстінде. 13 елді мекенде 22 ауылішілік көше және екі аудандық маңызы бар автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілуде.

Бұдан бөлек, 2022-2023 жылдары жалпы құны 8,9 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаның құжаттары қаржыландыруға дайын. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары іске асырылатын 14 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 786 адамды құрайды. Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 76 пәтерден тұратын бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 18 пәтерлі көпқабатты бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Оны жыл соңына дейін мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған 18 отбасыға арендалық баспана ретінде беретін боламыз. Бұдан бөлек, «Асар» жобасы аясында жағдайы төмен 9 отбасы баспаналы болып отыр. Ал «Дипломмен ауылға» жобасымен 36 жас маманға тұрғын үй алу үшін тиісті қаржысы берілді.

Жер телімі кезегінде 5879 азамат тұр. 2020 жылы Б.Момышұлы ауылынан жаңа тұрғын үй алқабына электр желісі, жол, су және газ құбыры тартылып, кезектілікке сәйкес 170 жер телімі берілген болатын. Көкбастау ауылдық округіндегі Теріс және Қосбөлтек ауылдарындағы жаңа тұрғын алқапты газбен қамту жұмыстары аяқталып, сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Нұрлыкент ауылындағы жаңа тұрғын үй алқабына су және газбен жабдықтау құрылыс жұмыстары аяқталды.

 Құрылыс секторы маңызды орынға ие

Ұлттық экономика құрылымында баса мән беретін сала – құрылыс саласы. Бұл саланың ауқымы кең. Бүгінгі таңда аудандағы 31 елді мекен таза ауыз сумен қамтылған, ол 63 пайызды құрайды. Ағымдағы жылдың қорытындысымен ол 35-ке жетіп, 73,4 пайызды құрайтын болады. Бұдан бөлек, сегіз елді мекенге таза ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Қоңыртөбе ауылындағы таза ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қабылдау үшін мердігер тарапынан құжаттар әзірленуде. Ал Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған ауылдарындағы құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспалануда. Бәйтерек, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарындағы құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі. «Жуалы Су» мекемесі тарапынан жүргізілген Ақтасты ауылындағы жұмыстар аяқталды.

Ал аудандағы 49 елді мекеннің бүгінде 44-і табиғи газбен қамтылған, ол 89,7 пайызды құрайды. Таулы аймақтағы бір елді мекенді табиғи газға қосу алдағы жылға жоспарланған. Дегенмен оны биыл мерзімінен бұрын аяқтауға күш салудамыз. Бұдан кейін газбен қамтылмаған ауданда Билікөл ауылдық округі ғана қалмақ. Ол округтегі төрт елді мекенге кварталішілік газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта магистральды газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.

Мемлекет басшысының Жолдауда 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Бұл жұмыстар ауданда тиісті деңгейде атқарылуда. Дегенмен тұрғындар тарапынан жолға қатысты көп сын айтылады. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, тың бағытта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, өткен жылдары 40 ауылішілік көше жолы жөнделген болатын. Биыл ауылішілік жолдар бойынша 15 жоба қолға алынып, 19,3 шақырымды құрайтын 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Жыл қорытындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 75 пайызды құрайтын болады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізуге 3 жол енген. Атап айтсақ, Шыңбұлақ ауылындағы 7,6 шақырымды құрайтын автомобиль жолының құрылыс жұмыстары аяқталса, «Күйік-Теріс-Ащыбұлақ» бағытындағы 10,63, «Б.Момышұлы-Береке-Жұрымбай» бағытындағы 8,26 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жыл қорытындысымен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 97,7 пайызды құрайды деген болжам бар.

 Өнеркәсіп өнімі артып келеді

Мемлекет кәсіпкерлікке қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне мән береді. Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды жайдан-жай тапсырып отырмағаны белгілі. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың аясында өнеркәсіп өнімі артып келеді.

Өнеркәсіп саласында биыл 13,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 100,3, ал өңдеу өнеркәсібінде 6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 100,7 пайызды құраған. Әрине, мұндағы үлес негізінен аудандағы он екі сүт өңдеу шағын зауыттарына тиесілі. Сонымен ағымдағы жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 12,1 миллиард теңгені құрады. Оны жыл соңына 13,5 миллиард теңгеге дейін орындау жоспарланған.

Қазіргі таңда ауданда 2022-2025 жылдар аралығында іске асыруды көздейтін, жалпы құны 18,7 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба тізбесі жасалған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда ауданда 169 адамға тұрақты жаңа жұмыс орндары ашылмақ. Бұдан бөлек, ауданда 5226 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеуде. Онда 9552 адам еңбек етуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта несиеге қол жеткізген, екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуіне ие болған бизнес өкілдері жоқ емес. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдаралмасы аясында 5 пайызбен кепілсіз несиеге 56 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалық жетекшілері ие болған. Берілген сома жиынтығы 401,5 миллион теңгені құрады.

Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» дей келіп ауыл шаруашылығына басымдық береді.

Жуалы – аграрлы аудан. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 36,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 103,1 пайызды құраса, биылғы 10 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 50 миллиард 671,8 миллион теңгені құрап, нақты индекс көлемі 106,1 пайызға жетті. Оның 29 800,7 миллион теңгесі егін, 20 871,1 миллион теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Ал ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция 611,538 миллион теңгені құрап, 131 пайызға орындалды.

Жыл санап техника паркі де жаңаруда. Атап айтсақ, агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда бүгінгі таңда 634 трактор, 158 комбайн, 790 тіркеме бар. Бүгінгі таңда 130 жаңа техника сатып алынып, техника паркі 11 пайызға жаңарып отыр. Шаруалар ауыл шаруашылығы техникалары мен тіркемелерін және су үнемдеу қондырғыларын алған 52 шаруа қожалық инвест субсидиямен қамтылған.

Мал шаруашылығын дамыту бойынша ауданның шаруа қожалықтарына бүгінгі таңда 759,1 миллион теңге субсидия төленді. 15 сүт тауарлы фермасынан өндірілген сүт көлемі 43669 тоннаны құраған. Мәселен, Қызыларық, Ақсай, Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округінде «Ахмет» шаруа қожалығы 400, «AGRO-LUCK» АШӨК 100 басқа арналған сүт тауарлы фермаларын салу, «Жамбыл AGROMILK» АШӨК сүтті қайта өңдеу цехын іске қосу «Асылжан-2020» ЖК сүтті қайта өңдеу цехын іске қосу арқылы игерілмей жатқан жерді қайта айналымға қосу арқылы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 41,1 миллиардтан 2025 жылы 49,3 миллиардқа жеткізу көзделуде.

Биылғы жылдың өнімі үшін 94 504,2 гектар егістік алқап тиімді пайдаланылып, одан жиналған мол өнім, астық пен майлы дақылдар, көкөніс пен бақша, мал азығы мен картоп ауданның игілігіне айналды.

 Қанатқақты жоба нақты нәтиже беруде

«Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет» деген болатын Президент Жолдауда. Бүгінгі таңда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасына ауданнан үш ауылдық округ еніп отыр. Бұған дейін ол Ақтөбе және Ақсай ауылдық округтерінде жүзеге асырылған болса, жақында бұл жобаға Жетітөбе ауылдық округі енді. Онда алты елді мекен бар.

Қанатқақты жобаға соңынан енген округте үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытына 513 аула қатысуға ниет танытқан. Ал екінші бағыт бойынша жобаға 185 азамат қатыспақ. Бұл бағытқа 464,580 миллион теңге қаралып, оған 2640 бас мал сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану бойынша 51 шаруа ауыл шаруашылығы кооперативімен бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Жаңа техникасыз кооператив жұмысын көтеру мүмкін емес. Ол үшін 210 миллион теңге қаралып, оған 4 трактор, бір комбайн, 13 ауыл шаруашылығы тіркемесін алу көзделген. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың бірігуі есебінен кооперативтің жер көлемі 930 гектар егістік, 145 гектар шабындық алқапқа ұлғайған.

Бұдан бөлек, жобаның бесінші бағыты аясында төрт жоба іске асырылмақ. Оған қаралған қаражат 40,5 миллион теңгені құрайды. Осы қаражат аясында округте сүтті қайта өңдеу кіші цехы, наубайхана, құс фермасы мен сүт өңдеу зауытын ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 62 құжат несие алуға өткізіліп, олар қаралу үстінде.

Ауданда жайылым тапшылығы бес ауылдық округте бар. Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым 114 559 гектар алқапты құрайды. Соның ішінде елді мекен жайылымы 27 326, орман қоры жайылымы 25 657 гектар. Ауылдық округтерге қоғамдық жайылым үшін 9 870 гектар жер берілді. Жетіспейтін жайылым көлемі 90 860 гектарды құрайды.

 Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды

«2025 жылға дейін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде ағымдағы жылдың 10 айында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4388 жұмыссыз қатысты. Оның 1921-і тұрақты, 931-і уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен – 75, жұмыссыздарды жұмыс берушілердегі жұмыс орындарына оқытумен – 31, электрондық еңбек биржасы порталында онлайн оқытумен – 101 жұмыссыз қамтылған болатын. Қайтарымсыз грант – 177 адамға берілсе, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 869 адам оқытылды.

Білім саласында биыл екі жаңа мектеп пайдалануға берілсе, 25 келушіге арналған екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Оның бірі Күреңбел, екіншісі Бәйтерек ауылдарында бой көтерген. Жақында пайдалануға берілмек.

Мәдениет саласында да толайым жетістіктер бар. Биыл Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы облыс көлемінде аталып өтсе, негізгі іс-шаралары ауданда ұйымдастырылды.

Ауданда спортпен шұғылданамын деушілер үшін барлық жағдай жасалған. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданда бір орталық стадион, бір спорт кешені, 12 үлкен футбол алаңдары, 86 шағын алаңшалар, 39 спорттық зал ешқандай кедергісіз жұмыс істеуде. Барлық күні спортпен шұғылданушыларға есіктері айқара ашық. Өткен жылы 4 «Street Workout» және Жаңаталап ауылында бір жасанды төсенішті футбол алаңшасы пайдалануға берілген болатын. Енді биыл 4 спорт залы және Бауыржан Момышұлы ауылында демеуші есебінен бір жасанды төсенішті футбол және бір баскетбол алаңшасы салынды. Сондай-ақ мұндай алаңдар Алатау, Қаратас, Теріс-Ащыбұлақ ауылдарында жасанды төсенішті футбол алаңшалары ашылып отыр.

Тағы бір атап өтерлігі Бауыржан Момышұлы ауылында жобалық құны 362 миллион теңгені құрайтын спорт сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Алдағы жылдары Нұрлыкент пен Ертай ауылдарында спорт кешенінің құрылысы және Кәріқорған ауылында спорт залына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Алдағы уақытта да Жолдаудан туындаған міндеттерді басшылыққа ала отырып жұмыс істейтін боламыз.

 

 Жалғас МҰРТАЗА,

Жуалы ауданының әкімі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support