Облыс әкімі 15-шағын аудандағы жылу мәселесін жедел шешуді тапсырды
Облыс әкімі 15-шағын аудандағы жылу мәселесін жедел шешуді тапсырды
Айта кетейік, бұған дейін аталған шағын аудандағы кейбір көпқабатты тұрғын үйлердегі жылытуға қатысты мәселелер әлеуметтік желілерде көтерілген болатын. Нақтырақ айтқанда, тұрғындардың пәтерлердегі жылу температурасының төмендігіне байланысты шағымдары жиілеген. Соған сәйкес қалалық құрылыс және тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің қызметкерлері «ТаразТрансЭнерго» мекемесінің мамандарымен бірлесіп тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі жылу тораптарын тексеру жұмыстарын жүргізген. Тараз қаласының әкімі Бекболат Орынбековтің айтуынша, тексеру кезінде беру құбыры мен қайтару құбырындағы қысым бірдей екендігі, яғни, салқындатқыштың айналым қозғалысы жоқтығы анықталған. Осыған байланысты, «ТаразТрансЭнерго» кәсіпорнына жылу трассасында айналымды арттыру үшін магистральдық кері жылу желісіне сорғылар орнату ұсынылған. «ҚұрылысИнвестЖоба» ЖШС жобалау ұйымына сорғы станциясын орнату орнын таңдау және сорғылардың қуатын есептеу бойынша тиісті тапсырмалар берілген. Облыс әкімі қыс мезгіліндегі жылу деңгейінің төмендігіне қатысты тұрғындардың шағымы орынды екенін атап өтіп, бұл мәселені бір апта ішінде шешуді тапсырды. Жауаптыларға жан-жақты жұмыстар жүргізіп, жедел шаралар қабылдау бойынша нақты міндеттер жүктелді.