Инфляцияны есепке алмай, ақша жинамаңыз
Инфляцияны есепке алмай, ақша жинамаңыз
Егер ақша жинауды жоспарласаңыз, тек ниет пен сондай шешімге келгеніңіз жеткіліксіз, себебі мұнда инфляцияны ескермесеңіз болмайды. Атап айтқанда, сіз машина, пәтер алу үшін қаражат жинасаңыз, ол құнсызданады, себебі экономикада тауарға қарағанда, ақша ұсынысы тез өседі. Сондықтан сізге ертеңгі мәселені шешу үшін бүгін ақшаны көбірек салуыңыз керек. Сіз инфляцияны қуып жете алмауыңыз да мүмкін. Бірақ, өз қаражатыңызды шетел валютасымен де салсаңыз, инфляцияны жеңуге болады. Мәселен, сіз ақшаңызды теңгелей, доллар және еуроға айналдырып, үш түрлі валютада депозитке салар болсаңыз, бір валюта құнсызданса, екіншісінің құны нығая түсуі мүмкін. Соның есебінен сіздің салған ақшаңыздың құны жоғарылап, тым болмағанда, өз құнын жоғалтпай сақталып тұруы мүмкін. Жалпы, «инфляция» деген терминнің латын тілінен тура аудармасы «ісіну» деген сөзді білдіреді. Оның бірнеше анықтамасы бар. Инфляция – бұл ақшаның құнсыздануы, сатып алу қабілетінің төмендеуі, сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңсіздігі, тауарлар мен көрсететін қызметтер бағасының өсуі және халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі. Бұл термин тікелей Солтүстік Америкада 1861-1865 жылдары азаматтық соғыс кезінде, ал экономикалық әдебиетте бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған екен. Дүние жүзінде ХХ ғасырдың екінші жартысында инфляция барлық елдерде болған. Қазіргі заманғы инфляция барлық елдерді жаулап алған, күрделі, көпқырлы процесс. Оның тез өсуі халықтың экономикалық дамуына қатты нұқсан келтіреді. Оны туындатқан себептерді жою мүмкін болса да, өзін жою қиын. Инфляцияны шартты түрде мынадай түрлерге бөлуге болады: – экономиканы қамтитын аумағына байланысты – жергілікті, ұлттық және әлемдік инфляция; – қозғалыс қарқынына байланысты – біркелкі (баға үнемі төмен қарқынмен өседі), үздіксіз және сатылы (бір қалыпты емес) инфляция; – бағаның жылдық өсу қарқынына қарай баяу, қарқынды және ұшқыр инфляция деп бөлінеді. Баяу инфляция – бағаның өсу қарқыны жылына орта есеппен 5-10 пайыздан аспайды. Қарқынды инфляция (галопирующая) – онда бағаның өсуі орта есеппен 10 пайыздан 100 пайызға дейін өседі. Ұшқыр инфляцияда (гиперинфляция) бағаның өсуі жылына 100 пайыздан асады. Халықаралық валюта қорында баға айына 50 пайызға өссе, оны ұшқыр инфляцияның ішіндегі аса ұшқыры (супергиперинфляция) деп атайды. Егер инфляцияның өсуі жұмыссыздықтың өсуімен және өндірістің құлдырауымен ұштасса, ондай құбылысты стагфляция деп атайды. Сұраныс инфляциясы – негізінен ақшалай факторларға байланысты туындайды, яғни, айналыстағы ақша массасы өссе, соның нәтижесінде төлем қабілеті бар сұраныс та жоғары болады. Шығындар инфляциясы – өнімге баға белгілеуде әсер ететін ақшасыз факторларға байланысты туындайды. Тауар бағасының өсуі халықтың табысын төмендетіп, жалақыны қайта индексациялауды талап етеді. Жалақының өсуі өз кезегінде өнімді өндіру шығындарының өсуіне, пайданың төмендеуіне, қолданып жүрген баға бойынша шығаратын өнім көлемінің қысқаруына әкеп соғады. Пайданы сақтап қалу мақсатында өндірушілер тауар бағасын көтеруге мәжбүр болады. Нәтижесінде инфляциялық серіппе (спираль) пайда болады, бағаның көтерілуі жалақының өсуін талап етсе, жалақының өсуі бағаны көтереді. Бұл жалақы мен бағаның «инфляциялық серіппе» теориясы деп аталады. Инфляцияның қазіргі кездерде өзіне тән біршама ерекшеліктері бар: – егер, инфляция қарқыны бұрын бір жердің аумағынан шықпаса, қазір бүкіл ел аумағын қамтиды; – егер, инфляция бұрын тек бір мезгілде ғана жүрсе, қазір инфляция көп уақытқа созылатын құбылыс; – егер, инфляция бұрын тек ақшаның әсерінен туындаса, қазір көптеген ақшасыз және басқа да экономикалық емес факторларға да байланысты.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА