- Advertisement -

Ұлттық спортты ұлықтау – парыз

57

- Advertisement -

Халқымыздың өткен өмірі мен дәуірлеген тұрмысы көне тарих көмбесіне көмілгенімен, уақыт өте келе ол қайта жарқырап келеді. Өйткені «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала ұлт тарихының олқы тұстарының орнын толтыруға үлкен үлес қосуда. Мұнда атқа міну мәдениеті туралы тың мәліметтер мен құнды деректер бар. Иә, мақаладағы дәлелді дәйектердің өзі-ақ қазақтың жылқы жануарымен егіз жаратылғанынан хабардар етіп тұрғандай.

Әйтпесе, қазақ жыраулары: «Қыздың көркі – құлпыда, жігіттің көркі – жылқыда», «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деп толғанбас еді, сірә. Ұланғайыр ұлы даланың төсін дөңгелек тұяғымен дүбірлетіп, жылқы жануарының жүйріктігі жөнінде ән-жырлар жетіп артылады. Осыдан-ақ ұлттық спортымыздың сонау ежелгі замандардан бастау алып, бүгінге жеткенін бағамдауға болады. Ал ұлттық спорттың ішіндегі ең танымалы – көкпар ойыны.

Көкпар – қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып барып, дода ортасынан серкені суырып шыққан көкпаршыны көргенде делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Әлде ат дүбірі естілгенде үйінде байыз тауып отырған қазақты көріп пе едіңіз? Рас, көкпарды жігіттің төресі жанына серік етеді. Өйткені шаршы топқа кіру бөлек, серкені тақымға басу тым басқа. Бұл күнде көкпар ойыны даму үстінде. Ұлттық спорттың жанашырлары қазақ көкпарын әлемдік деңгейге көтеруге күш салып жүр. Оған дәлел – елішілік жарыстарды айтпағанның өзінде Азия ашық біріншілігінің өтуі, халықаралық чемпионаттардың ұйымдастырылуы. Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы қазақ көкпарының тарихын қамтыған әдістемелік құрал ретінде пайдалануға жарайтын алғашқы туындыны жарыққа шығаруы. Осылайша, «екі тізгін, бір шылбырды» ұстаған жанашырлар бағзы заманнан келе жатқан саф өнердің өрісін кеңейтіп жатыр.

Ежелден батырлар елі саналатын Жуалы ауданында да көкпардың даму қарқыны жоғары деңгейде. Кешегі кеңестік кезеңде есімі одақ көлемінде мәлім болған Әділбек Тастеміров, Тұрсынбай Пәшіров сынды көкпаршылар ұлттық спорттың дамуына елеулі үлес қосты. Қазіргі таңда да құрыш білекті, жолбарыс жүректі жігіттерден құралған команда өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Солардың қатарында диқандық Құлажан Тоғайбаевтың орны бөлек. Жерлесіміз көкпардан және теңге ілуден спорт шебері, көкпардан жастар арасындағы ел чемпионатының және «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының күміс жүлдегері. Сондай-ақ даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған ұлттық ат спорты ойындарының күміс жүлдегері, ҚР Ұлттық спорт түрлері фестивалінің жеңімпазы. Ең үздік көкпаршыларға берілетін «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері атанған ол бүгінде «Әулиеата» көкпар клубының белді мүшесі. Ал Қошқарата ауылының тумасы Қайсар Махамбетов аударыспақтан екі дүркін ел чемпионы.

Жас шабандоздардың көкпардағы үздік өнері мен жетістіктері таңдай қақтырады. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың да жастайынан атқа әуес болуына септігін тигізері анық. Ат жетектеп, жылқыға құмар болған баланың болашағы да жарқын болары хақ. Өйткені Қамбар ата баласын баптаған жігіт физикалық тұрғыда ширақ болып жетіліп, қиындықты еңсере біледі. Жалпы, көкпардың түпкі мәні – жауынгерлік өнер. Сонау ерте заманда, қазақтың сарбаздары бейбіт күні көкпар тартып, соғыс өнеріне машақтанып отырғаны тарихтан мәлім.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support