- Advertisement -

Ер-тұрман жасаудың шебері

59

- Advertisement -

Тарихқа көз жүгіртсек, он саусағынан өнер тамған шеберлер мен ұсталар аз емес. Ел ішінде ісмерлігімен көзге түскендер ұсталық өнердің қадіріне жетіп, абырой-беделге де ие болған. Ал олар жасаған құнды дүниелер сан қырлы болғандығы тағы бар. Мәселен, бір шебер темірден түйін түйсе, өзгесі қамшы өріп, киіз үй заттарын, ер-тоқым мен ат әбзелдерін жасаған. Күреңбелдік Саят Жақаевты бүгінде ел-жұрт аттың ер-тұрман, басқа да ат әбзелдерін жасаудың шебері деп біледі. Сөзден гөрі, іске бейім оның бұл кәсіпті серік еткеніне отыз жылдан асқан. Тоқырау жылдары жан бағу үшін қолға алған ісінен ол қазір нәпақасын тауып отыр.

– 1991 жылы ауылдағы мектепті бітірген соң осы кәсіпке түбегейлі ден қойдым. Әрине, тоқырау жылдары кім-кімнің де тұрмысы оңай болған жоқ. Әсіресе қаражат табу, отбасын асырау қиынға соқты. Содан ата кәсіпке бет бұрып, тұрмыстық жағдайымды түзеуге тырыстым. Жасаған ер-тоқымдарым алғашқыда-ақ өте сәтті шықты. Осылайша, тапсырыс берушілер де көбейе бастады. Жалпы, бұл өнер маған түп нағашыларымнан дарыған. Өйткені әкемнің нағашылары қолынан іс келетін ұсталар болған екен. Ол кісілердің есімі Аса, Билікөл елді мекендерінде тұратын көнекөз қарияларға жақсы таныс.

Ер-тұрман жасаудағы ең басты талап – ол аттың арқасына тимеуі керек. Олпы-солпы жасалған ыңғайсыз, нашар ерлерді көзіміз көріп жүр. Атқа да, иесіне де жайлы ер жасау нағыз шеберлік. Ер жасауға ең ыңғайлы ағаш – қарағаш. Бұл біздің өңірде көптеп өседі. Өз басым осы ағашты пайдаланамын. Қазіргі таңда көмекшілерім де бар. Бұл кәсіпті үйренуге ниетті ауыл балалары да жеткілікті. Оларға білген-түйгенімді үйретуден жалыққан емеспін, – дейді шебер.

Саят ердің екі түрін жасайды. Біріншісі қазақы құранды ер болса, екіншісі күнделікті тұрмыста көп қолданылатын орыс ерлері. Ол қазақы ерді бүтіндей ағаштан да шауып, ыңғайына қарай құрап жасай береді. Бүгінде шебердің қолынан шыққан ерлерді есімі елімізге белгілі көкпаршы жігіттер пайдаланып жүр. Олардың арасында жерлесіміз Мұстафа Ертаев пен Шыңғыс Әтеев сынды айтулы шабандоздарымыз бар.

Иә, аттың да, жігіттің де абыройын асыратын оның ер-тұрманы. Бұрынғы көшпелі замандарда жігіттің астындағы атының әбзеліне қарап-ақ оның тұрмысынан, абырой-беделінен хабар алған. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ауылдағы қарапайым шебер азамат Саяттың халқымыздың қолөнерін дамытып, ата-баба аманатына адалдық танытуы сүйсінтеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support