Денсаулық

Көктайғақ әулиеаталықтарды әбігерге салды

Көктайғақ әулиеаталықтарды әбігерге салды

Қарашаның соңғы күндері еліміз үшін нағыз мезгіл сынағына айналды. Солтүстік өңірлердің халқы сақылдаған сары аязбен арпалысса, оңтүстіктегілер көктайғақтан көз ашпады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін Әулиеатадағы күре жолдар жабылды. Облыс орталығындағыәуе рейстері уақытша тоқтатылды. Жүзден астам адам медициналық көмекке жүгініп, олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды. Көктайғақтың салдарынан зардап шеккен 41 бала да дәрігерлердің бақылауында. Себебі табиғаттың тосын мінезіне қарамастан өңір мектептерінде сабақ тоқтатылған жоқ.

Кешқұрым майдалап жауған жауын таңсәріде көктайғаққа ұласты. Салдарынан облыс аумағында жол апаты жиілеп, зардап шегушілердің қатары артты. Тараз қаласының көшелері де көлік кептелісінен көз ашпай, тұрғындардың жүріп- тұруы қиындады. Оған қоса облыс аумағында бір тәулікте 15 жол апаты тіркелген. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларына сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тараздық тұрғын Роза Маделиева: «Кешкісін жұмыстан қайтарда майдалап жауын жауып тұрған еді. Түнімен ол қатқаққаайналды.Таңертең көлікке жете алмай, есіктің алдына жаяу әрең шықтық. Жарты сағат бойы көлігімді оталдыра алмадым. Балаларым сабақтан кешігіп бара жатқан соң такси қызметіне жүгінуге тура келді. Бірақ бірде-бір такси болған жоқ. Себебі қаланың барлық көшесінде кептеліс болды. Ақыры мектебіндегі мұғаліміне хабарласып, кешігіп бардық», – десе, таңсәріден тайғақ кешіп жұмысына асыққан тұрғын Қалижан Шымкент: «Үйден ерте шыққанның өзінде көлігіміз жолда қатты тайғанақтап, жұмысқа коньки тепкендей кешігіп жеттік. Абырой болғанда көлігімнің дөңгелектерін ерте бастан ауыстырып қойғанмын. Алдында көшелерге ештеңе себілген жоқ болатын. Кейін сегіз жарым, тоғыздарда құм себіле бастады. Жалпы жолда абай болған абзал», – дейді. Ал Тараз қаласы әкімдігінің жауапты мамандары көшелерді тазалау жұмыстарының түннен бері тынымсыз атқарылғанын алға тартты. «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандарының айтуынша, көктайғақтың алғашқы күні даңғылдар мен магистральдық көшелерге 420 текшеметр құм, 200 тонна тұз жұмсалып, оған 25 жұмысшы жұмылдырылыпты. – Ең алдымен көшелер мен тротуарларға тұз бен құм себу, автобус аялдамаларын, білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне іргелес жолдар тазаланды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Көктайғақ салдарынан Шөлдала тұрғын алқабына қарай қоғамдық көліктердің жүруі уақытша тоқтатылды. Тұз аралас құм себу жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық көлік қайта қатынай бастады. 29 қараша күнгі жұмыстар бойынша 1 камаз, 3 газель, 4 трактор, 1 зил, 1 жүк тасымалдайтын көлік, 6 шағын трактор көше тазалауға жұмылдырылды. Бұл жұмыстарға 185 адам қамтылды. Жалпы қыс мезгіліне дайындық жұмысына «Жасыл Ел -Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 тонна тұз, 3600 текшеметр құм сатып алған, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөлім басшысы Нұрбол Жетпісбаев. Көктайғақ болған күні 13-шағынауданда жолдан шыққан автобус автотұраққа қарай бет алғандықтан, абырой болғанда салонда жолаушылар болмаған. Сонымен қатар таңертең ерте көктайғақ салдарынан Талас ауылының маңында No9 бағыттағы автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда барлық автобустың жол парағына арнайы белгі қойылып, күнделікті жұмыс басталмас бұрын механикалық тексеруден өтуде. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы барлық коммуналды қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қалалық көпбейінді ауруханасына көмекке жүгінген 117 адамның жағдайы бүгінде қалыпты. Олардың басым көпшілігі тізе, қол, аяқ буындарының зақымдануы салдарынан жарақат алған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Шымкент-Тараз-Алматы тас жолдары да уақытша жабылған болатын. Қазір барлығы қалпына келуде. Дегенмен жол қауіпсіздігіне жауаптылар тұрғындарды ауа райы тосын мінез танытқан жағдайда сақтық шараларын мұқият сақтауға шақыруда.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ