- Advertisement -

Жамбыл мұрасы –мәңгілік елдің мирасы

142

- Advertisement -

Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Ол ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алғашында мақала болып жарық көргенімен, бүгінде бағдарлама ретінде іске асырылып отыр.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақалада ұлы даламызда аса көрнекті әз-Тәуке мен тарихи тұлға Абылай, Кенесары хан мен ұлы Абай, бес арысымыз бен үш бәйтерегіміз… Айта берсең тағысын тағы көптеген ұлы тұлғаларымыздың парасатын негізге ала отырып, ұлттық құндылығымызды дәріптеу болып табылатындығы айтылған. Осы орайда авторы: «Абайдың баға жетпес даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, жүз жасаған жыр алыбымыз – Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының құлақ құрышын қандырар күйлері, сан ғасырлар қойнауынан жеткен бабаларымыздың үні – біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» дей келіп, «жаңғыру» ұғымына тиісінше жан-жақты қарауымыз қажет екендігіне тоқталады. Ендеше, мына біз, жас ұрпақ, әр тарихи құбылыстың астарындағы терең ойды ұғынып, саралап, жетік меңгергеннен кейін, ұлы тұлғаларымыздың тарихи болмысын әлемдік деңгейде насихаттауымыз қажет.

Бүгінде тәуелсіз елімізді дүниежүзіне таныту туралы жиі айтылып жүр. Ал қазақ өнері мен мәдениетін әлемге әйгілеу туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен облысымызбен аттас Жамбыл Жабаев атамыздың теңдессіз мұралары ойға оралады…

Қарап отырсақ, бәрібір, кейде осы алып тұлғалар жайлы бүгінгі күнге дейін ескіше көзқарастан шыға алмай келе жатқан сияқтымыз. Бір құбылысты бір көргеннен ғана «жақсы» яки «жаман» деп ой қорыта салатын бойымызға сіңген қазақы мінезімізбен кейде Жамбылдай алыптарымыздың қадір-қасиетіне жете алмай жүргендей көрінеміз.

Қазақ халқының сөз өнері ерте заманнан бері үш түрде жасалып, ғұмыр кешіп, біздің дəуірімізге жетті. Олар – халықтың ауыз əдебиеті (фольклор), авторлық ауыз əдебиеті (ақын-жыраулар поэзиясы) жəне жазбаша əдебиет (көне түркі мəтіндерінен бастау алады). Осы үшеуінің соңғы екеуі бүгінгі шақта да дамып келеді. Қазіргі көпжанрлы əдебиетіміз бен бүгіндері өтіп жатқан айтыстарымыз бұрынғы дəстүрді жалғастырумен бірге жаңаша, соны сипатта көрініс беріп, өзіндік ерекшеліктерге ие болуда.

Осы екі ұлы сөз зергерінің ұлттық сана сезіміміздің, руханиятымыздың дамуында тарихи рөл атқарғаны үшін қазақ халқы олардың есімін, мұрасын əрқашан ардақтап, ұлықтап келеді, дəріптей бермек. Ал енді Тəуелсіздік тұсында бүкіл тарихымызды, рухани мұрамызды қайта қарап, ұлтымыздың мүддесі мен міндетінің талаптарына сəйкес жаңаша зерделеп, бағалап жатқанымызда Абайдың да, Жамбылдың да мұрасына қазақ көзімен қарап, сөз өнеріміздің табиғатынан шығатын заңдылықтар негізінде зерттеу қажеттігі дау тудырмаса керек. Бүгінгі əңгімеміздің мақсаты – Жамбылдың шығармашылық мұрасы келешекте қалай насихатталып, зерттелуге тиіс, алда қандай істерді жүзеге асыру қажет деген ойларымызды ортаға салу болып табылады.

Жамбыл Жабаев – ұлы ақын, жырау, жыршы. Ұлы жүз құрамындағы шапырашты тайпасының Екей руынан шыққан. Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы 28 ақпанда Жапа деген елге қадірлі адамның отбасында дүниеге келген. Жасынан өлең-жырға қанып өсіп, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алды. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік біліп, жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген. Жамбылдың шығармашылық өмірі XIX ғасырдың 70 жылдарынан басталған. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Осы жылдары Ресей империясы бүкіл қазақ елін түгел отарлап алған болатын. Соның салдарынан жерден, малдан айырылған жұрттың тұрмысы жүдеп, күйзеліске ұшырады.

Ол аз болғандай, XX ғасырдың 20 жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру сияқты оқиғалар халықтың тағдырына теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, замана болмысын жасырмай суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлады, күйініп те, қиналып та сөйледі. Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан өнері – оның айтыстары. Бұл айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та бар. Осының қай-қайсысында да Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді.

1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатысты. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Кеңес дәуірі жылдарында Жамбыл қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлады. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнмен байытып жеткізді.

Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді.

Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды.Жамбыл Жабаевтың шығармаларында педагогикалық идеялар әдебиет пен өнердің ең басты мақсаты – қоғамымыздың саналы азаматтарын патриоттық рухта тәрбиелеу.

Кез келген ақынның шығармашылығында сол өзі өмір сүрген уақыттың ізі, қолтаңбасы қалатыны сөзсіз. «Дала Гомері» атанған данагөй тұлға, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың даңқы ХХ ғасырда әлемге мәшһүр болды. Еуропада отырғанымен ежелгі ғұндар мен қыпшақтардың бекзат салтын жаңғырта білген мажарлар кезінде жыр алыбына ерекше назар аударыпты.

Қазақ халқының төл өнері – поэзия жанрында өлең өнерімен даңқ тұғырына көтерілген Ж.Жабаевтың өнегелі өмірі мен өнерпаздық мұра-мирастары кеңес дәуіріне дейінгі және кейінгі кезеңдерде жан-жақты зерттеліп, жеке жинақ, ұжымдық еңбектер түрінде жарық көрді («Жамбыл Жабаев творчествосы», «Ж.Жабаев. Шығармаларының толық жинағы», «Жыр алыбы» (естеліктер), «Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы», «Дастан ата» т.б.).

Жыр жұлдызы Жамбылдың дара дарынға тән талант қуаты мен даналық мәйегі туралы ұстаздары мен тұстастары, көрнекті қаламгерлер мен әдебиеттанушы ғалымдар әр кез-ақ айтып, жазды. С.Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» десе, академик-жазушы Ғ.Мүсірепов: «Жамбыл дүниеге екі туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы туды. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты. Бірінші туғанда – ана бесігінде өсті, екінші туғанда – Отан бесігінде өсті» дей келіп, жыр-дарияның бастау арнасы мен мың сан иіріміне де енеді, өлең-өнердің көркемдік құпиясына да ден қояды. Мағыналы өмірінің ширек ғасырдан астам бөлігін Ж.Жабаев шығармашылығына, оның ақындық мұрасын зерттеп, зерделеуге арнаған қоғам қайраткері, әдебиеттанушы ғалым М.Жолдасбеков: «Жамбылдың ақындық жолға түсуінің ең әдепкі адымы өзінің алдындағы белгілі ақындардың өлеңдерін, ел аузындағы өлең-жырларды жаттап айтудан басталады.

Жас ақын Жетісу елінің ертедегі салтымен бәдік, жарапазанды көп айтады, бірақ ол ешқашан дін, шариғат жолын үгіттемей, күлдіргі, әзіл-қалжың өлеңдерді көбірек шығарған. Жарапазанды сылтауратып жас ақын бірде әйгілі Сүйінбайдың ауылына келіп, Сүйекемнің үйінің сыртынан ат үстінде өлеңді ағытып қоя береді. Жамбыл ұзақ жырлайды. Сүйекең жалықпай тыңдайды. Аттан түсіріп, Сүйінбай талапкерге оң батасын беріп, үстіне шапанын жабады. Асқар Алатаудай ұстазының сынынан сүрінбей өткен бақытты күнінен Жамбыл өзін шын ақын санап, жолы да, өрісі де ашылып, тайсалмай топқа түсе бастайды» –деп жазады «Асыл мұралар» атты еңбегінде.

Иә, ұстаз-ғалым М.Жолдасбеков ұзақ жылдарғы ізденістері арқылы ел ардағына айналған, өлең жырдың биік белесіне көтерілген Ж.Жабаевтың ғажайып ғұмырын, айрықша дарыны мен даналығын, ой мен сөздегі шебер де шешен, сергек те серпінді сипаттарын терең танып-талдап, тамыршыдай тап басып көрсетеді.

Ж.Жабаевтың өнегелі өмірі мен өнерпаздық мұра-мирастары кеңес дәуіріне дейінгі және кейінгі кезеңдері арқылы жан-жақты зерттелді. Сол зерттеулерде зерделенгендей, Жамбыл – ондаған ғасырлардың фольклорын жиырмасыншы ғасырға жеткізуші көне дəуір мен жаңа заманның арасында тұрған рухани жəдігер. Рухани жалғастықтың дəуірлік жүгін белі қайыспай көтерген ол өзіне жүктелген ұлы міндетті ақырына дейін адал атқарып, халқына аманаттап кетіпті.

Жамбыл – дүлдүл ақын. Бұл оған қазақ халқының ғана емес, бұрынғы барша кеңес Одағы жұртының берген əділ бағасы. Жаңа дəуірде, жарлылар үкіметі тұсында ширек ғасырдан аса ғұмыр кешкен талант иесі соңына өлмес мұра, өшпес даңқ қалдырды. Жамбыл ақын еді, даңғыл ақын атанды…

Шынында, Жамбыл қазақ əдебиетіне өз жолы, өз сүрлеуімен келді. Алмастай өткір, жақұттай жарқыраған жойқын жырларын Жамбыл ешкімнен сұрап алған жоқ. Ескімен жаңаның, өткен мен бүгіннің арасына өткел болған ұлы Жамбыл өз даңғылын өзі салды. Ол өз заманының жыршысы, өз қоғамының бұлбұлы болды. Бұл шындық. Алайда Кеңес үкіметінің бұл таңдауы тегіннен-тегін емес еді. Жамбыл өзі тұрғылас қазақ ақындарының арасынан жас мөлшері ғана емес, дарыны жағынан да оқ бойы дара шыққан саңлақ ақын болғандығын оның өз туындыларынан – поэзиясының қуаттылығы мен поэтикалық болмыс бітімінен айқын аңғарамыз.

Сөзіміздің түйінінде халық жазушысы, драматург, сыншы Ғабит Мүсіреповтің Жамбыл мінездемесін «феномен – феникс» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген сипаттамасы Жамбыл атамызға берілген нақты баға екенін еске салмақпыз. Ендеше, қазақ руханиятында Жамбыл мұрасы ешқашан көмескіленбейді.

 

Аида МАХАНБЕТҚҰЛОВА,

№6 орта мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support