Кәсіптік-техникалық мамандықтарға сұраныс қашанда жоғары
Кәсіптік-техникалық мамандықтарға сұраныс қашанда жоғары
Мереке қарсаңында Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Пісіру технологиялары» атты жаңа орталық ашылды. Орталықтың тұсауын аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев пен «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Балжан Қодасова ресми түрде кесті. Айта кетейік, шымылдығы түрілген жаңа орталық заманға сай техникалық құрылғылармен жабдықталған. «Жас маман» жобасының шеңберінде іске қосылған орталықта лазерлі станок, темір кесу және майыстыру құралдары, жалпы пісіру технологиясына қажетті құрылғылар толығымен жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар іргелі оқу ордасының базасында екі бірдей ірі орталық бар. Шарапаты мол шара барысында аталмыш орталықтарға экскурсия жасалды. Экскурсия барысында қонақтар студенттердің тиімді білім алуына толыққанды жағдай жасалғандығына ризашылығын білдірді. Ашылу салтанатынан кейін қатысушылар диалог алаңына жиналды. Онда орта және шағын бизнес өкілдері мен бөлім басшылары төбе көрсетіп, олар кәсіптік оқыту жолдарын пысықтап, оны қалай дамыту турасында пайымды пікірлермен бөлісті. Ашық алаңдағы алғы сөзді колледж директоры Олжас Мұсақұлов алды. – Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – жұмыс беруші мен кадр дайындау сапасын арттыру және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша ынтымақтастықты дамыту. Ел экономикасының іргесі саналатын қажетті жұмысшы орта буын мамандарын даярлайтын техникалық және кәсіптік білімнің деңгейін көтеру баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп бөлек баяндамаларға кезек берді. «Академиялық дербестік шеңберіндегі кәсіпорындармен өзара іс-қимылдар жасаудың нормативтік-құқықтық актілері» деген тақырыпта баяндама оқыған директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ержан Алибаев қазіргі таңда өзекті әрі қажетті мамандықтардың бірі саналатын ветеринария мамандығына кеңінен тоқталды. Ал білім ордасының әлеуметтік серіктестері туралы директордың өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары Р.Ташыбаева сөз сөйлеп, «SV Agro», «Меркі ірімшік зауыты», «Шәушен» сынды ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтар дуалды оқыту жүйесі бойынша студенттерге барынша көмектесіп жатқандығын және дәл осындай нарық заманында бәсекеге қабілетті жас маман даярлау міндеті білім ордасының алдында тұрғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ кәсіпорындармен байланыс орнату тиімді әдістердің бірі екендігін айтып, осыған сәйкес, колледж, студент, мекеме арасында 3 жақты дуалды келісімшарт түзілгенін жеткізді. Конференция соңында жұмыс берушілер мен оқу орны арасында келіссөздер жүргізіліп, «SV Agro», «Шәушен» шаруа қожалығымен меморандумға қол қойылып, жетекші ұжым басшыларына Алғыс хат табысталды.
Балжан ЖЕҢІС.
Т.Рысқұлов ауданы.