Ауылдан адам көшкенмен…

29

Мемлекет басшысы Ұлықтау рәсімінен кейін ең алдымен «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Қазақтың құтты мекені, ата қонысы – ауылға Президенттің назар аударып, арнайы Жарлық шығаруы ауылдың айын оңынан туғызатын ақжолтай жаңалық деп қабылдап жатқан елдің қуанышында шек жоқ.

Алтын бесік – ауылға өлең арнамаған ақын, тебіреніп ән шығармаған композитор кемде-кем. Жазушы біткен де өз шығармаларында айналып ауылына бір соқпай өтпейді.

Қазақстанның Еңбек Ерлері, даңқты композиторлар Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмда ауылым», Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері» әндері әлі күнге эфирден түспей, түрлі концерттік бағдарламаларда, той-думан, әдеби-сазды кештерде шырқалып келеді.

Шерағаң, Шерхан Мұртаза бүй дейді: «Тілші менен сұрайды:

– Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – дейді. Мен: – Наурызкөк, қарлығаш, тағы басқа құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой.

Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние.

Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас,

Үйірінен безінген тұлпар оңбас».

Қазақтың атақты перзенттерімен қатар, қарапайым ұл-қызына дейін ынтық қылған ауылдың бүгінгі жайы не күйде?

Тәуелсіздіктің елең-алаңында, нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде ауылдың дені ажарынан айырылып, базары тарқады. Кеңшар-ұжымшарлар тараған соң, жастардың дені жұмыс іздеп қалаға кетті. Балаларының соңынан ата-аналары да ауылды тастап, қалаларға үдере көшіп жатты. Кей ауылдарда көшкен жұртта ата-қоныс, құтты мекенді қимай ауылда қариялар ғана қалды. Қайсыбір ауылдарда жүздеген оқушыға арналған жаңа типтегі мектептерде әр сыныпта бес-алты баладан оқыды. Мәдениет, басқа да әлеуметтік нысандар да тіршілігін тоқтатқандай күй кешті. Ол қиындықтың барлығы өтпелі кезеңнің еншісінде қалып, бүгінде ауылдар ажарлана бастады.

Тәуелсіздік жылдары дүние есігін ашқан нәрестелер ат жалын тартып, азамат болды. Жоғары немесе арнаулы оқу орнының кейбір түлектері келешегі бар деп танылған елді мекендерге әр саланың маманы атанып орала бастады. Ата кәсіп – мал және егін шаруашылығын дамытуды ниет еткен жастардың бір шоғыры өсіп шықты. Оның үстіне, мемлекет, облыс басшылығы тарапынан әр жылдары жасалып келген қолдау-көмек ауылды бүтіндей құрдымға кетуден сақтап қалғанын да естен шығармауымыз керек. Оны облыстың бас басылымы «Aq jol» газеті жылдар бойы үздіксіз жазды, әлі де жазып келеді.

Облыста биылғы 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша, 1 215 482 адам тұрса, оның жартысынан астамы 149 ауылдық округке қарасты 371 ауылда мекендейді. «Әділетті Қазақстан» құруға кіріскен мемлекетте шалғай өңірлердегі ауылдарда тұратын ағайындар ешнәрседен мұқтаждық көрмеуі тиіс. Газ, ауыз су қай қиырдағы болмасын елді мекендерге тартылып, аудандық мәндегі жолдар тегіс асфальттануы қажет. Мектеп, балабақша, мәдениет, спорт нысандарынан мұқтаждық болмауы шарт. Байланыспен, интернетпен қамтылмаған бірде-бір елді мекен болмаса дейміз. Міне, сонда ғана қалалықтарды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп, асырап отырған ауылдағы ағайынның бар мұқтажы шешіледі, қалыпты ғұмыр кешеді.

Қазақтың түп-тамыры ауылда. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді».

 

Амангелді ӘБІЛ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.