Көпке көмек қолын созған Айнагүл
Көпке көмек қолын созған Айнагүл
Айнагүл алты баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр ана. Қоғамдық істерге белсене араласатын волонтер. Бір өзі бірнеше істі арқалап жүрген кейіпкеріміз қазіргі таңда «Алрай» шаруа қожалығының басшысы болып, аталмыш қожалықтың мерейін асырып отырған іскер әйел. Кәсіпкерлікті де, отбасын да қатар алып жүрген ол бүгінгінің жастарына үлгі боларлық абзал ана. Қолы ашық кәсіпкер тұрмысы төмен отбасыларды ақшалай, киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ықыласына бөленіп жүр. Халықты әбігерге салған пандемия кезінде де қаншама отбасына қамқорлық жасап, мүмкіндігі шектеулі балаларға жәрдем беріп, әр баланың маңдайынан сипаған Айнагүл ханымның жасаған қамқорлығы жайлы ерекше айтып кетуге болады. Жуырда Құлан агротехникалық жоғары колледжінде өткізілген жиында Айнагүл ханымға халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасағаны үшін, БҰҰ аясынан құрылған «Бейбітшілік әлемі» (Планета мира – World of Peace) Халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігінің «Мейірбан ана» ордені берілді. Сонымен қатар Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға қосқан зор үлесі үшін, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың Алғыс хатымен марапатталды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақында Айнагүл Абдраимова өзінің отбасымен бірге Құлан ауылының тұрмысы төмен 3 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, тұрғындардың алғыс-тілектеріне бөленді. Кәсіпте ғана емес, қоғамға да пайдасын тигізіп, отбасында да ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана болып отырғанына тәнті болдық.
Ғазиза АСҚАР.
Т.Рысқұлов ауданы.