- Advertisement -

«Даму» қорынан қолдау тапқан жобалар көп

69

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында шағын және орта бизнесті мейлінше дамытуға басымдық берген. Президент Жолдауда «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл негізгі талап», деп айқындай түскен.

Аймақта кәсіпкерлердің қаржылық мәселесін шешіп, екінші деңгейлі банктерден несие алуына облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы он жылдан бері қолдау көрсетіп, жұмыс істеп келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» – бұл «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің құрылымына кіретін мемлекеттік даму институты.

Қордың мақсаты – Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту. Қордың миссиясы қолдау көрсетудің кешенді және тиімді құралдарын іске асыру арқылы Қазақстанда микро, шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуындағы белсенді рөл болып табылады.

Аталған қордың кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі негізгі құралдары екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, банктер алдында кепілдіктер беру, лизингтік мәмілелерді, микрокредиттік ұйымдарды және басқа да қаржы институттарын жеңілдікпен қаржыландыру. Ұйымның Қазақстанның барлық 17 облысында және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік филиалдары жұмыс істеуде.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры облыстағы кәсіпорындарға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру түрінде қолдау көрсетуде. Қордың облыстық филиалының басшысы Бақытжан Исаковтың айтуынша, «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы іске асырылған сәттен бастап облыс кәсіпкерлері жалпы құны 255,9 миллиард теңгені құрайтын 4700-ден астам жоба қолдау тапқан. Оның ішінде 3200-ден астам жобаға «Даму» қорының кепілдігі беріліп, алынған несиенің жалпы сомасы 56,6 миллиард теңгені құраған.

– Ағымдағы жылдың 10 айында жалпы несие сомасы 26,9 миллиард теңгені құрайтын 1203 жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау алды. Атап айтсақ, мұның ішінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 17,3 миллиард теңгені құрайтын 1198 жоба қолдау тапқан. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы басым жобаларға кредит беру тетігі шеңберінде 9,5 миллиард теңгеге 5 жоба қолдау көрген. Сондай-ақ ағымдағы жылы «Кепілдендіру» құралы бойынша облыс кәсіпкерлерінің жалпы несие сомасы 14,6 миллиард теңгені құрап, 1389 жоба қолдау тауып, онда кепілдік сомасы 9,2 миллиард теңгені құрады, – дейді ол.

Бизнесті мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік секторды дамытудың маңызды шарты болып табылады. Бүгінгі таңда «Даму» қоры үш негізгі қолдау құралын ұсынады. Бұл – жеңілдікті кредиттеу, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлікті қолдау шараларының негізгі операторы және интеграторы болып табылады. Қордан қаржылықты қолдауды алған өндіріс орындарының бірі «Достық и К» ЖШС. Бұл компания нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошағы сыйымдылығы 1, 2 және 3 литрге дейінгі шыны банкаларды шығарумен айналысады.

Аталған кәсіпорын 2020 жылы «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «субсидиялау және кепілдік беру» құралы арқылы процесті автоматтандыру үшін жабдықтар, сондай-ақ өзге де құрал-жабдықтар сатып алу бойынша «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы қаржыландырылған. Несие сомасы 314 миллион теңгені құрады, ал компания үшін несиенің мөлшерлемесі 6 пайызға айналды, кепілдік сомасы 132,7 миллион теңгені құрады.

«Даму» қорымен жұмыс істеген келесі компания, ол «Ерсад-2021» ЖШС. Бірреттік медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын «Super Pharm» фармацевтикалық зауытының қасынан жаңа салынған зауыт кәсіпорын үшін «Спанбонд» типті тоқыма емес бұйымдарын өндірумен айналысады. Спанбонд – бұл өте жеңіл, экологиялық таза, ұзаққа созылатын, ең жұқа полипропилен жіптерінен дайындалған өнім. Спанбонд қымбат материалдарды ауыстыру ретінде қолданылады.

Материалдың негізгі қасиеттері – арзан, бойлық және көлденең бағытта жоғары беріктік, кесудің қарапайымдылығы, беріктігі, тұрақтылығы, ыстыққа төзімділігі, изотроптылығы (біртектілігі) және тыныс алу. Компания «Даму» қорына қайырылу арқылы несиеге қол жеткізген. Екінші деңгейлі банктер арқылы несие сомасы 865 миллион теңгені құрады, сыйақы мөлшерлемесі 15, «Даму» қоры тарапынан субсидиялау мөлшерлемесі 9, ал қалған 6 пайызды компания төлейді.

Бұдан әрі 2022 жылғы тамызда өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бағдарламасы шеңберінде компания айналым қаражатын толықтыруға «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы кредит алды, кредит сомасы 400 миллион теңгені құрады, оның 200 миллион теңгесі 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы шеңберінде берілген «Даму» қорының кепілдігі.

Осылайша «Даму» қорының өңірдегі филиалы аймақ кәсіпкерлерінің төмен пайызбен несие рәсімдеп, кәсібін дөңгелетуіне бұдан кейін де үлес қоса бермек.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support