- Advertisement -

Иммун тапшылығы вирусы – үкім емес

53

- Advertisement -

ЖИТС жайлы көп естиміз. Бірақ оған көбіміз мән бере бермейміз. «Оның бетін ары қылсын!», «Құдай сақтасын!» дейтініміз рас. Бірақ «Сақтансаң – сақтайды» демекші, ғасыр індеті атанған дерт жайлы біліп жүргеніміздің артықтығы жоқ.

Статистикалық мәліметке сүйенетін болсақ, облысымызда АИТВ жұқтырғандар саны 1485 адамды құрайды. АИТВ дегеніміз не, яғни адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса, адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады.

Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауруға шалдығады. Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласып кетеді. Дәрігерлер оны АИТВ індетінің соңғы стадиясы деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды.

Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады дейді мамандар.

Жамбыл облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және аурудың алдын алу орталығының бас дәрігері Айбек Исаевтың айтуынша, вирус анықталған жағдайда ең алдымен ЖИТС орталығына барып тіркелу қажет. Өйткені ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. АИТВ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі. Ал сақтанбаған жыныстық қатынастан кейін күмәнданған жағдайда контактіге дейінгі және контактіден кейінгі профилактика шараларын пайдалануға болады.

Ретровирусқа қарсы препараттар – тенофовир және эмтрицитабин деп аталады. Бұл әдіс вирус жұқтыру қаупін 90 пайызға дейін төмендетеді және бұл көбіне тәуекел тобына жататын адамдарға арналған. Контактіден кейінгі профилактика ЖИТС жұқтыру қаупін төмендетіп, вирустың көбеюіне тосқауыл жасайды.

Адам иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. АИТВ жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Жақын адамыңыз осындай дертке душар болған жағдайда кеудесінен итермей, қолдауға тырысу қажет. Өйткені науқастың күйзеліске толы болатын ендігі өмірінде достары мен туыстарының қолдауы ауадай қажет. Мамандар АИТВ жұқтырған науқастың отбасында әр адамның өзіне тиесілі маникюр құралдары, қырынатын ұстарасы мен жеке тіс щеткасы болуы тиіс екенін ескертеді.

 

 Ғалия ХОДЖАБАЕВА,

облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының тілшісі.

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support