ҰЛТТЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІК ҚАБІЛЕТІ
ҰЛТТЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІК ҚАБІЛЕТІ
Бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен анықталады
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңаша бағыт пен айқынды мақсаттарын және сындарлы саясатының тағы бір дәлелі ретінде 2014 жылғы 13 қарашада «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деген атпен жаңа Жолдауы Қазақстан халқына жол тартты. Жолдауда «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі...» – деп атап көрсетілген.
ТарМУ-дың кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор.
«Нұрлы Жол» идеясы да – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Сондай-ақ, Жолдауда бірнеше мақсаттарды жүзеге асыру қажет деп саналған. Сол мақсаттардың бірінде «Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын» деп Елбасымыз атап өтті. Елімізде химиялық өндіріс орындары көптеп кездеседі. Солардың ішінде Жамбыл облысының өзінде «Қазфосфат», «Қаратау фосфор», «Жамбыл фосфор», «Химпром», «Жаңа Жамбыл фосфор» т.б. зауыттарының рөлі айрықша. Ол деген өңіріміз химия саласына ыңғайластырылған деген сөз. Соған байланысты еліміздің өсіп-өркендеуіне бірден- бір атсалысып жатқан өндіріс орындарына бәсекеге қабілетті ғылыми танымы мен ой-өрісі кең жастарды тарту қажет. Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деген Қазақстан халқына Жолдауы қайсымызды болса да ойлантуы тиіс. Өйткені, дүниенің кілті – білімде. Ал білімнің қайнар көзі – ғылымда. Дамыған өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенер болсақ, ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне әсер ететін факторлардың маңыздысының бірі – ғылым өрісінің дамуы, озық ғылыми жаңалықтардың кеңінен қанат жаюы. Білім, ғылым және рухани мәдениеті дамымаған ел өркениетті ел бола алмайтыны белгілі. Бүгінгі заман – ғылым мен озық технологияның заманы. Өркениеттің көші осыны аңғартады. Ол үшін бәсекеге қабілетті жастардың ғылыми әлеуетін арттыру кезек күттірмейтін мәселе. Ал жастардың ғылымға деген көзқарастары мен қызығушылықтарын арттыру, өрістету, өркендету ең бірінші кезекте жоғары оқу орындарының меншігінде. Елбасымыздың Жолдауы аясында жоғары оқу орындарында жұмыстар көптеп атқарылып жатыр. Солардың қатарында Тараз қаласында орналасқан М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті. Университет ғылыми-әдістемелік, мәдени-ақпараттық, материалдық-техникалық, педагог мамандар қуаты мен ресурстарымен толыққанды жабдықталған. Университет құрамында 10 факультет бар. Солардың бірі – технологиялық факультеті. Факультетімізде бірнеше кафедралар жұмыс жасайды. Оның ішінде химия бағытындағы мамандарды дайындау «Химия және химиялық технология» кафедрасында жүргізіледі. Кафедра химия, бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы мамандықтарынан бакалавр, осы мамандықтар және «Наноматериалдар және нанотехнология» мамандығы бойынша магистр, PhD докторларды дайындайды. Сонымен қатар кафедра ғылыми дәрежелері жоғары, білікті оқытушы-профессорлар құрамымен қамтамасыз етілген және жастардың ғылыми біліктілігін арттырып тәрбиелеу арқылы магистранттарды, PhD докторларды дайындауда. Сондай-ақ, кафедра қажетті құрал-жабдықтармен, химиялық реактивтермен толық жабдықталған. Студенттердің, магистранттардың, докторанттардың лабораториялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын заманауи тұрғыда орындауын қамтамасыз ету мақсатында материалдық-техникалық базасын дамыту үстінде. Атап айтар болсақ, 2013 жылы 40 млн. теңгеге заманауи тұрғыдағы жаңа құрылғылар: сұйықтық хроматограф, ИҚ-спектрометр, атом-адсорбциялық спектрометр, рефрактометр, иономерлер және муфельдік пештер сатып алынып іске қосылды. Сондай-ақ кафедра әл-Фараби атындағы КазҰУ, Д.И.Менделеев атындағы РХТУ, М.Ломоносов атындағы ММУ, Ресей Ғылым Академиясының микроэлектроника және өте таза материалдар проблемалары институттарымен, Д. Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия ҒЗИ және Канаданың Woterloo университетімен тығыз байланыста ғылыми жұмыстар жүргізу үстінде. Келешекте Ұлыбританияның Вольверхэмптон университетімен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарлануда. Үстіміздегі жылдың қазан айында «Болашақ» бағдарламасы бойынша кафедрамыздың мүшелері Бауыржан Мырзахметов, Рабиға Құдайбергенова, Гүлім Жетпісбаевалар Францияда бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өтіп (арнайы сертификаттары бар), өзіміздің жоғары оқу орнымызға қайта оралды. Алдымызға қойылған басты мақсат білікті, сапалы мамандар қатарын көбейту. Еліміздің барлық оқу мекемелерінде білімнің жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – жаһандану заманында білімнің бүкіләлемдік кеңістігіне ену. Осыған орай, білімнің мазмұны да, оған қойылатын талаптар да өзгереді. Сол себепті қазір жалпы барлық оқу орындарында оқытудың инновациялық технологиялары қолданылуда. Сондықтан жаңашылдық керек, яғни, инновациялық жүйе негізінде жоғары оқу орны білім алушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өзіне сенімділігін қалыптастыруға, танымдық-шығармашылық қабілеттерін дамытуға, сабақта, сабақтан тыс уақытта өз ойын еркін жеткізе білуге үйретуге, қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты көзқарастарының болуына, инновациялық тәртіп нормаларын, белгілерін, көрсеткіштерін анықтауға көмегін тигізеді. Биылғы Жолдау да ауқымды іс-шараларымен және атқарылар істерімен ерекшеленіп, ел есінде мәңгі қаларына мен сенімдімін дей отырып ойымды қорытындылап, Елбасымыздың қанатты сөздерімен тәмамдағым келеді. «Қазақстан 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!».
Тараз қаласы.