Жұқпалы дертті жойғандар

14

Ақ халат киген адамдарға сүйсініп қаламын. Аппақ әлем – аппақ армандай әдемі. Ақ парақ пен ақ халатта қасиет бар. Бала күнімізден ауылда қадау-қадау дәрігерлерді, мейірбикелерді көріп өстік. Олардың көп ауруды емдеп жіберетін шеберліктеріне таңдандық. Сөйтсек, дәрігердің нағыз білгірлері үлкен қалада болады екен ғой. Оны есейгенде түсініп, адамзатқа арашашы болған дәрігерлерге құрметіміз толастаған емес.

Тараз қаласындағы Еркінтай Сауранбаев басқаратын облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс тоқтаусыз. Ел аузында бұл жер «инфекционная больница» аталып кеткен. Мұнда сәт сайын «Жедел жәрдеммен» келіп түсіп жатқан адамдар көп. Көптеген науқас есін білмеген жағдайда жансақтау бөліміне де түсіп жатады. Сондай өте ауыр халдегі дімкәс жандардың екі-үш күнде бетін бері қарататын дәрігерлерге қалай риза болмассың? Осында еңбек ететін жоғары білімді медицина мамандарының ішінде өте тәжірибелі, ұзақ жылдардан еңбек етіп келе жатқандары да аз емес.

Олардың жұрттан алған алғысы да көп. Мәселен, аталған ауруханада екінші респираторлық бөлімшесінің меңгерушісі Елеусіз Қайынбаевтың еңбек өтілі 38 жылға жуық. Осынша жыл ауыр жағдайдағы науқастардың денсаулығымен күресіп келеді. Қанша адамға қуаныш сыйлады. Үміті үзіліп келген жүздеген жандардың жүрегіне сәуле жақты. Өзіне қанша адамның алғыс айтқаны есінде жоқ. Әйтеуір ісіне, антына адал дәрігер.

Ол 1984 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын «Педиатрия» мамандығы бойынша бітіріп, интернатурадан өтті. 1985 жылы Тараз қалалық (ол кезде Жамбыл қаласы) балалар жұқпалы ауруханасының патологоанатом дәрігері болып еңбек жолын бастады. Ал аталған облыстық ауруханада еңбек еткеніне – 34 жыл. Осы кезеңдерде қабылдау бөлімшесінің ординатор-дәрігері, қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, 3-бөлімшенің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Қазіргі таңда да жоғарыда айтылғандай, бір бөлімшенің меңгерушісі. Ол балалардың жанын жақсы түсінеді. Өзі басқаратын бөлімшенің қызметкерлеріне сыйлы. Қоғамдық жұмысқа да белсенді. Біраз жыл аталған ауруханада бастауыш кәсіподақ ұйымын басқарған. Қазір сол ұйымда спорт секторының меңгерушісі. Елеусіз Мұғалімұлы 2011 жылдан ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Оған атақ пен марапат емес, науқастарға қуаныш сыйлағаны қымбат.

Жоғары білімімен денсаулық саласына тер төгіп келе жатқан майталманның бірі – Мұхтар Сержанов. Ол Алматы мемлекеттік медициналық институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп, Жамбыл облыстық балалар жұқпалы ауруханасында «Инфекционист дәрігер» мамандығы бойынша интернатурадан өтіпті. Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында да білімін жетілдіргені – оның мамандығын ғажайып құрметтейтінін көрсетеді.

1993 жылы облыстық балалар жұқпалы ауруханасына инфекционист ординатор-дәрігер болып қабылданады. 1996 жылдан бері аталған аурухананың бесінші терапия бөлімшесін абыроймен басқарып келеді. Өзінің өнегелі отбасында үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Мұхтар Орынбайұлының ұзақ жылғы еңбегі мемлекеттік «Құрмет» орденімен, «ҚР Денсаулық саласының үздігі» атағымен, мемлекеттік «Парасат» орденімен аталып өткен.

Аталған ауруханада ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан тәжірибелі, жоғары білімді маманның тағы бірі – кәріс ұлтының өкілі Евгения Цой. Ол Ресей Федерациясы Саратов мемлекеттік медициналық институтын «Педиатр–дәрігер» мамандығы бойынша бітірген. 26 жылға жуық уақыттан бері жоғары дәрежелі балалар инфекционисті. Өз ісінің маманы. Ол өңіріміздегі аудандық, ауылдық ауруханаларға да барып, өзінің тәжірибесін бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп тұрады.

Облыстық деңгейдегі конференция мен семинарларда баяндама жасап, өзінің ойымен бөлісіп жүр. Еңбегі облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және кәсіподақ, қоғамдық ұйымдардың түрлі марапаттарымен аталып өткен.

Евгения Давидқызының басты мақсаты– марапат алу емес, алдына ауыр халде келген балаларға шипа беру, солардың жәутеңдеген жанарына қуаныш сыйлау. Жүздеген баланы емдеп, бақытқа бөледі. Оның барлығын жұмысым, күнделікті атқаруға тиіс міндеттерім деп санайды. Аталған ауруханада Евгения Цойды сыйлап, құрметтеп, ол кісіден ақыл-кеңес сұрайтындар көп. Ондай кезде де Евгения білгенін бүгіп қалмай, барлық тәжірибесімен бөліседі.

«Жұмыс – ортақ. Мақсат – сырқаттанып келген кісілерге ем сыйлау. Осы жолда әріптестеріммен бірге тер төгіп келемін», дейді ол. Ал аталған аурухананың бас дәрігері Еркінтай Аштайұлы: «Менің дәл осы ауруханаға бас дәрігер болып келгеніме аса ұзақ уақыт болған жоқ. Ұзақ жыл еңбек еткен жоғары білімді, тәжірибелі мамандармен кеңесе отырып, жұмыстың жаңа тәсілдері мен мүмкіндіктері туралы ізденіп жүрмін. Осында ұзақ жылдан еңбек етіп келе жатқан Елеусіз Қайынбаевты, Мұхтар Сержановты, Сағыныш Нұрғабылованы, Евгения Цойды мақтан тұтамыз. Г.Мырзабекова, Ш.Акимов, А.Қыздарбекова секілді мамандардың да еңбегі елеуге тұрарлық. Сондай-ақ барша мейірбикелер, есеп, шаруашылық мамандары, кіші қызметкерлер уақытпен санаспай еңбек етуде. Баршасының еңбегі бағалауға татиды», – дейді. Бұл денсаулық мекемесінде қайнаған қызу еңбек, қарбалас. Сол қарбаласта уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген мамандарға елдің алғысы мол.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.