Анасын емдеу үшін дәрігер болған

60

Адам баласы басына сынақ түспей ештеңенің мәнісін білмейтіні рас. Әншейінде ақ халат киген кісілерге ауызға келген балағат сөздердің бәрін айтып, бас ауырып, балтыр сыздаса дәрігерлерді іздеп, солардан қайыр күтіп, жәутеңдей қалатынымыз бар. Ішінде кейбір қатыгездері болмаса, адам жанына араша болып жүрген жандардың халықтың саулығы жолында сіңіріп жүрген еңбектері ұшан-теңіз. Оны білетініміз бар, білмейтініміз бар. Сондай білікті маманның бірі – облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сағыныш Нұрғабылова.

Еңбек жолын Ақмоладан бастаған

Сағыныш мектепті жоғары үлгеріммен оқыды. Бірнеше мамандықты жүрегі қалап, армандады. Бірақ мамандық таңдау оңайға соққан жоқ. Бірақ өмірге әкеліп, жарық сәуле сыйлаған анасы ауру болған соң, дәрігер боламын деген нақты байламға келді. Тоғызыншы сыныптан кейін, медициналық колледжге түсіп, төрт жыл сол жерде білім алды.

Мұнан соң бұрынғы Целиноград қаласындағы медициналық институтқа түсіп, өзінің қалауы болған дәрігерліктің қыр-сырын терең меңгерді. 2000 жылы аталған оқу орнынан ( ол кезде медициналық академия болып өзгерген) жоғары дәрежелі диплом алып шықты. Бір жыл интернатура оқыды, Ол тұста Сағыныш студент болған қаланың атауы әуелі Ақмола, артынан Астана болып өзгерген еді.

Еңбек жолын Ақмола облысы, Степногорск қалалық ауруханасының учаскелік терапевт дәрігері болып бастады. «Жедел жәрдеммен» сырқаттанған кісілердің үйлеріне барып, емдеп жүрді. Үлкендерден алғыс алған сайын жас дәрігердің бойын қуаныш билейтін. Ал анасы жалғыз қызының білікті дәрігер болғанына қуанып, Жаратқанға сәт сайын шүкіршілік етті. Сағыныштың Степногорскідегі жұмысы жаман емес еді. Абырой биігіне көтеріліп келе жатқан. Инфекционист дәрігер мамандығы бойынша да арнайы курстан өтті. Бірақ анасы Асылкүлдің жағдайына қарайлай берді. Ауа райы жақпады ма, Арқаның даласында анасының денсаулығы сыр берді. Ойлана келе, Сағыныш Таразға қайтты. Анасының денсаулығына қолайлы жерде жүруді, өмірге алып келген ең қымбат адамының қабағына кірбің түсірмеуді қалады.

«Медицина саласының үздігі» атанды

2005 жылы көшіп келгелі Тараздағы жұмысы да жаман болған жоқ. №2 қалалық емханада инфекционист-дәрігер болып, тыным тапқан жоқ. 2007 жылдан бері облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында инфекционист-дәрігер болып істеді. «Әсіресе 2020 жылғы ковид кезінде күндіз-түні тер төктік. Ұйқысыз түндер, қарбалас күндер өтті. Қазір есіме түсіп отырған бір оқиға бар. Ковид кезінде қабат-қабат киініп аламыз ғой. Көзіміз ғана жылтырап көрінеді. Бір қарт әжені бірнеше күн емдеп, жазып шықтық. Жиырма күндей жатып толық емделіп шыққан әжеміз мен кезекті ауысымға түсу үшін жұмысыма келсем, есіктің алдында жолықты. Үйіне шығып бара жатыр екен. Мені көре сала: «Сағынышсың ба, айналайын!» деп тани кетті. Оған бір күліп алдық. Сонда даусымнан ғана танып тұр ғой. Әйтпесе, қабат-қабат киімнен ол кезде бізді тану мүмкін емес. Анамдай сол кісі әлі ойымнан шыққан жоқ. Өзімнің анам Таразға келген соң жеті жылдан кейін өмірден озды. Ал өзім анамдай кісілерді, жас ана мен баланы емдеу жолында тер төгіп жатырмын. Жолдасым да дәрігер — кардиохирург. Жаратушы берген екі қыз, бір ұлымыз бар. Кіші қызымыз Дильназ Алматыдағы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетте оқиды. Осы қыз жолымызды қуады, білікті дәрігер болады деп үміттенемін. Ал өзім 2021 жылдан осы аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарымын. Мұнда 400-ден астам адам еңбек етсе, оның ішінде 42-сі дәрігер. Биыл мен үшін сәтті болды. «Медицина саласының үздігі» атандым. Бізде қазір 300 науқас жатыр. Солардың әрбірі ойымызда тұрады. Күніне 30-40 бала жазылып, үйіне қайтып жатады. Бірінің ата-анасы рақмет айтады, біреуі айтпайды. Тіпті ес-түссіз, өте ауыр халде келген жүздеген науқасты жазып, емдеп аламыз. Ол үшін мақтау күтпейміз де. Ол – парызымыз. Бірақ арасында бір науқас ауыр халде өмірден өтіп кетсе, біз бүкіл сынның астында қаламыз. Осы жағынан келгенде дәрігер әріптестеріме психологиялық жағынан да салмақ түседі. Соның бәрін жеңіп жүрген әріптестеріммен мақтанамын. Мейірбике, аспазшы, кіші қызметкерлердің де жұмыстары өте елеулі. Бәріне құрметпен қараймын», – дейді Сағыныш Қабылтайқызы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.