- Advertisement -

Отанның оққағары – оғлан ұрпақ

43

- Advertisement -

Қарт тарих бәрін көрген. Бәрін де біледі. Көпке сырын айта да бермейді. Алайда ол ұлан-ғайыр ұлы даладағы даналар парасаты мен бабалардың ерлігіне, ел өмірнамасының шындығына жалғыз куәгер. Жебе түскен жерден жусан, қылыш қадалған қырынан қарағай өсіп-өнген марлан дала бүгінгі береке бірлігіміздің, талпыныс, тірлігіміздің атадан қалған аманат бойтұмары екені айтпасақ та белгілі. Сол аманаттың жолын бабалар рухы күзетіп жүргенін де ұмытпағанымыз абзал. Ал аманатқа адалдық – бүгінгі буынның жауапкершілігі әрі ең жоғары борышы!

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда Отан қорғамақ түгіл, тепсе темір үзетін, ұлт үміт, мемлекет сенім артып отырған жастардың арасында алтын уақытын ауаға шашып, түнгі клубтарда тентіреп жүргендер көбейді. Әскерде уақытын «қор» қылғысы келмей, есесіне әлеуметтік желіден шықпайтын ұрпаққа не дерсіз. Ал сын сағатта Отанның ортақ мүлкіне нұқсан келтіріп, арандатушыларға еріп жүрген білім мен тәрбиеден жұрдай жастарды ертең ел тізгінін ұстайтын, елдің есіктегі басын төрге сүйрейтін болашағымыз деп айтуға тіпті ауыз бармайды.

Мұндайда халықтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының «Тексізден тезек, Арсыздан айуан артық» деген ащы да болса шындық сөзі еріксіз еске оралады. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген сөзінде: «Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады.Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деп орынды тапсырма берді. Ал тапсырманың талабы нәтиже екені айтпасақ та түсінікті ақиқат.

– Әрбір адамзат баласы үшін Отаннан қымбат құндылық жоқ. Сондықтан Отан қорғаудан ешкім қашпауы тиіс. Қазір жас сарбаздарға борышын адал атқаруға жан-жақты мүмкіндіктер жасалған. Жасыратыны жоқ, өз ынтасымен келген балалардың денсаулығы жарамай жатады, есесіне қуаты тасып тұрған жастар борышын өтеуден жалтарады. Бұған бір жағынан әлеуметтік жағдай да әсер етеді. Себебі колледж бітірген балалар бірден жұмысқа кіріп, нәпақасын тауып, отбасын асырасам деп әскерге бармай жатады. Қазір әскерге келетін жастардың басым көпшілігі ауылдың балалары. Құлық танытпайтындар көбіне қаланың жастары. Дегенмен әскерге келіп, борышын өтеп, үйіне қайтып бара жатқан жастардың ойы өзгереді. Ата-ананың қадірін түсінеді. Өзімен-өзі болуды, жауапкершілікті үйренеді. Қазір жастар әскерде қызмет етуді абырой санамайды. Өкініштісі сол, бұл ең алдымен тәрбиеге байланысты. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары алғашқы шекарашылар біз болдық. Тәжік-Ауған шекарасына сол жылдары бір ғана облысымыздан 1500-ге жуық сарбаз аттандық. Ол кезде жастар үшін Отан қорғау, әскери борышты абыроймен атқарудан асқан бақыт болмайтын. Біріншіден, жоғарыда атап өткенімдей тәрбие мықты болды, екіншіден, денсаулығы жақсы еді. Әлі де болса ауылда өскен балалар тіршілікке шыдамды, қиындыққа төзімді. Әрине, ел Үкіметі тарапынан әскерде борышын өтеп келген жастарға оқуға түсу үшін де жеңілдіктер қарастырылып жатқаны қуантады. Оған қоса Президентіміз әскерде керекті әрі үйлесетін мамандықтарды ашу керек деді. Мұның бәрі жастар үшін мол мүмкіндік. Мәңгілік ел болу үшін шекарамыз берік, әскеріміз айбынды болуы қажет. Сондықтан жастарымыз жауапкершілікті сезінсе, ертеңімізге нық сеніммен қараймыз, олай болмаған жағдайда, бәрі де бекершілік. Отан бізде жалғыз, сол жалғыз Отанымызды көздің қарашығындай қорғау әр өскелең ұрпақтың қасиетті парызы болуы тиіс, – дейді әскери саладағы ұрыс қимылдарының ардагері Қайсар Арғынбеков.

Расында бүгінгі жастардың арасында тәрбиеге басымдық беру маңызды міндет. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да назарынан түскен емес. Патриоттық деген ұғым сайда саны, құмда ізі жоқ іс-шаралармен емес, ұлттық тәрбиемен санаға сіңетіні де өмір дәлелдеген шындық.

– Біздің бала күнімізде мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық сабағы өте жоғары деңгейде, әрі қатал өтетін. Онда Отанға деген сүйіспеншіліктен бастап, таза жүріп, таза тұруға дейін үйрететін. Және ол пән әскери мекемелердің басшылығы тарапынан бақыланып, қадағаланып отыратын. Ал қазір ол пәннің аты да, заты да жоғалып барады. Мен көп мектептерді аралап жүріп, осыған көзім анық жетті. Қазір алғашқы әскери дайындық сабағы аптасына бір мәрте өткенімен, онда тәрбие дұрыс берілмейді. Өзін-өзі тану деген секілді аса маңыздылығы жоқ пәндердің орнына осы алғашқы әскери дайындық сабағына неге басымдық бермеске? Бұл сабақ еш уақытта немқұрайлы өтпеуі керек. Себебі ең басты қазынамыз – Отан. Бұл Отанға адал қызмет етуге үйрететін, нағыз патриоттыққа тәрбиелейтін жалғыз пән. Сондықтан әскерге деген ұмтылысты жастардың бойына мектеп қабырғасынан бастап сіңіруіміз қажет. Отбасында әкенің тәрбиесін немесе әскердің жауапкершілігін біліп, көріп, сезінбеген бала әрине әркімнің жетегіне еріп кетеді. Адасады. Себебі ол Отанның, мемлекет құндылықтарының қадірін білмейді. Сондықтан жастардың жауынгерлік рухын оятатын жобалар мен жұмыстарға басымдық берілуі қажет, – дейді «Жамбыл облысы және Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков.

Бұл тұста қазіргі таңда әскерде борышын өтеп жүрген жас жауынгерлердің де пікірін білдік. Олардың дені әскерге бармай тұрып бас тартуға болмайтынын жеткізді.

– Қатарластарымның көбісі әскерге барған жоқ. Ал мен өз еркіммен әскерге борышымды өтегім келді. Оған еш өкінбеймін. Керісінше қуанамын. Мұнда білмегенімді үйрендім. Әскери өмірдің де өз қызығы, қиындықтары бар. Қиындықтан қайраласың, шыңдаласың, ал қызық сәттері ешқашан естен кетпейді. Сондықтан барлық замандастарымды Отан анамыздың алдындағы перзенттік парызымызды адал өтеуге шақырамын, – дейді сарбаз Әрін Шалқарбай.

«Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу» деп биыл туғанына 150 жыл толып отырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, өз қадірімізді өзіміз қашырмай, қайта қасиетті Отанды көзіміздің қарашығындай қастерлеп, қызғыштай қори білсек, келешек ұрпақтың алдындағы азаматтық парыз, ардақты аманатқа адал болар едік. Қалай дегенмен қоғам болып құруға ниет еткен «Әділетті Қазақстанымызға» қалқан болатын жауынгер жастардың қатары көп, қарасы қалың болғай!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support