Қоғам тыныштығын күзеткен ару

22

Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда құқық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Қиындығы мол бұл саланың қызметкері болу үшін білім, білік, білек және сабыр, төзім мен қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті де шен таққандарға керекті басты қасиеттер. Ұстамды, сыпайы болу, азаматтармен тіл табыса білу де аса маңызды. Осындай талап үдесінен шығуды мақсат еткендердің бірі – Аймен Тайтелиева.

Өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы офицерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі Ақылбек саналы ғұмырының 25 жылын осы салаға арнаған адам. Подполковник шенінде зейнетке шыққан. Ал ізінен ерген інісі Асхат облыстық полиция департаментінде жедел уәкіл болып қызмет атқарады. Полиция майоры. Әкесінің жүріс-тұрысына қызығып өскен Аймен бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандағанын айтады.

– Өз басым офицерлер отбасында дүниеге келдім. Біздің үйдің балалары құқық қорғау саласындағы қиындықтар мен сынақтарға қанығып өсті. Әкеміз Ақылбек 25 жыл осы салада қызмет істеді. Содан болар, бала күнімнен бұл салаға деген аңсарым ауды. Ес білгелі осы салада ғана қызмет етуді мақсат тұттым. Бүгінде мен және інім Асхат екеуміз осы салада қызмет атқарып жүрміз. Ал сіңілім Айна экономист мамандығын таңдады. Есесіне, күйеу балам Асхат ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет етті. Бұл салада қызмет ететін адамның бойында мол қажыр-қайрат, тәртіп пен табандылық болуы қажет. Сол кезде ғана бүгінгі қоғамның құқықтық тәртібін нығайтуға болады. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегеніндей, өзгеден тәртіпті талап ету үшін әуелі өзіміз тәртіпке бағына білуіміз қажет, – дейді ол.

Кейіпкеріміз 1997 жылы мектепті тәмамдап, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Заңгер» мамандығына қабылданады. 2001 жылы диплом алып, үш ай облыстық ішкі істер департаментінде тағылымдамадан өтеді. Сол жылы дәл осы департаментке тергеуші болып жұмысқа орналасады. Ал 2007 жылы өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің кадр бөліміне ауысады. Қазіргі таңда оның шені – әділет подполковнигі.

– Бұл күнде департаменттің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы болып жұмыс істеймін. Мұндағы басты міндетім – сот үкімімен кінәлі деп танылғандардың екі қолына бір күрек тауып беру. Бұл мақсатта әріптестеріммен бірлесіп, түзеу мекемелерінде өндіріс орындарын ашу үшін жеке кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Нәтиже де жаман емес. 1 144 жазасын өтеуші ақылы жұмыстарға тартылды. Жалпы, облыстағы жабық мекемелердің аумағында 38 жеке кәсіпкерлік жұмыс жасайды. ҚАЖ саласының негізгі мақсаты – сотталғандарды қамауда ұстап, жазалау емес. Керісінше, оларды оқшауламай қоғамдық өмірге бейімдеу әрі бостандыққа тезірек шығу мүмкіндігін ұсыну. Бұл ретте олардың жұмыспен қамтылуы да маңызды рөл атқарады, – дейді Аймен Ақылбекқызы.

Иә, қазір тәртіп сақшыларына жүктелер міндеттің жүгі ауыр. Ал сотты болғандармен жұмыс істеу, тіл табысу әрі оларды тәртіпке бағынуға шақыру айтуға ғана оңай. Түзеу мекемелеріндегі сан алуан мінезді адамдардың «еркелігін» көтеріп, кей сәттерде олардың намысқа тиетін сөздерін ести тұра, ашуыңды сабырға жеңдіре білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал Аймен Ақылбекқызының қызметтік этиканы мінсіз сақтап, Отанға адал қызмет ету жолындағы еңбегі көпке үлгі.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.