- Advertisement -

Өңірде діни ахуал тұрақты

215

- Advertisement -

Биыл елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асыру мерзімі аяқталады. Осыған орай, Үкімет деңгейінде «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін 2022-2025 жылдары дамыту» блогы әзірленуде. Бүгінгі күні елімізде рухани келісім мен ізгілікке үндейтін дәстүрлі діндер кең қанат жаюда. Дәстүрлі дін дегенде бірден көз алдымызға – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы келеді. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданып, исламдағы Ханафи бағытының заң жүзінде мемлекет аумағындағы орны мен рөлі нақты көрсетілді.

Соның нәтижесінде, ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орнығуына сүбелі үлес қосуда. Бұл жерде міндетті түрде басын ашып алатын мәселе бар. Ол – діни ахуал ұғымы. Діни ахуалдың тұрақтылығы еліміздегі мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас, конфессиялар арасындағы өзара әрекеттестік, азаматтардың ар-ождан бостандығының деңгейі, дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуы, азаматтардың дін саласындағы саясатқа қатынасы мен дін саласындағы ахуалды бағалауы тәрізді көп қатпарлы өлшемдердің нәтижесінен құралады.

Бұл жағынан алғанда еліміздің дін саласында шешімін таппай отырған мәселе жоқ. Мемлекеттік-конфессиялық тұрғыдан дәйекті қатынас орнатылып, азаматтардың діни бостандығы толығынан қамтамасыз етілген. Жалпы, елімізде оның ішінде, облысымызда діни ахуалдың жай-күйі тұрақты деуге толық негіз бар.

2022 жылы елімізде дін саласында бірқатар өзгерістер орын алды. Ең айтулы оқиға қыркүйек айында елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің өтуі болды. Бұл съезге облысымыздан да делегаттар қатысты.

Осы кезең ішінде ҚМДБ ел аумағындағы барлық мешіттерді ұйыстырушы, рухани құндылықтар төңірегіне топтастыратын қара шаңыраққа айналды. Бүгінде облысымызда ҚМДБ-ға қарасты 333 мешіт қызмет атқарып келеді.

Өңірдегі мешіттерде арнайы бұйрықпен 435 діни қызметкер жұмыс атқаруда. Оның 309-ы имам/молда, 56-сы наиб имам, 37-сі азаншы, 33-і ұстаз. Өткен жылмен салыстырғанда жоғары білімді имамдар 23 пайыздан 24,6 пайызға, орта білімділер 22,1 пайыздан 24,9 пайызға кеміген.

Осы ретте дін қызметкерлерінің білімдерін жетілдіру үшін түрлі шаралар мен оқыту семинарлары өткізілуде. Биылғы жылдың өзінде 108 имам біліктілікті жетілдіру курсынан өтті.

Білім қай кезеңде болмасын маңызын жойған емес. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп», – деген даналық сөз тегін емес. Имамдардың қызметіне қатысты сұрақтар осыдан 5-6 жыл бұрын өзекті мәселе болатын. Халық тарапынан имамдардың біліміне көңіл толмаушылық білдіріп жататын.

Бүгінде жағдай жақсарған. Білімді де, білікті кадрлар дайындалды. «Сен тұр, мен атайын» деген имамдарымыз жетіліп, қоғам өмірінде өз бағалауларын алып жатыр.

Жамағат дін қызметкерлерінен теологиялық білім тұрғысынан ғана емес, саяси сауатты, әртүрлі саладан хабардар болуын күтеді. Халыққа дін сияқты нәзік дүниені жеткізуде тек уағыз айтумен ғана шектелмей, оны әрбір имам ұлттық мәдениетімізге, тарихымызға, әдебиетімізге, салт-санамызға негіздеп, ұлттық таныммен насихат жұмысын жүргізсе дейді көпшілік.

Дегенмен мешіттердегі имамдардың кейбіріміз біле бермейтін қызметтері жетерлік. Қазір елдегі ең төменгі жалақы алатын қызмет иелерінің бірі – имамдар десек қателеспейміз. Ауылды жерлерде мешітке түскен аз-маз садақаны айлық тұтып, тіпті кейде айлық алмастан жұмыс істеген кісілердің азаматтығы өз алдына бір әңгіме.

Бүгінде имам – ислам дінінің халық арасындағы негізгі өкілі мен насихатшысы, елдегі тыныштықтың негізгі сақшысы. Көп жағдайда, имамдар мешіт істерінен бөлек, өздері тұратын аймақтың тәрбиесі мен тыныштығына жауапты тұлға.

Мешіт мәселесіне қайта оралсақ. Соңғы жылдары елімізде жеке кәсіпкерлер тарапынан мешіт салу мәселесі көптеп қолға алынуда. Мешіттердің көбеюі тұрғындардың қажеттілігіне қарай, әсіресе мешіті жоқ ауылдық елді мекендер есебінен жалғасуда. Мысалы, облыс аумағында 2018 жылы 301 мешіт болса, бүгінде мешіт саны 333-ке жетіп отыр. Бұдан бөлек, қала мен аудандарда тағы 16 мешіттің құрылысы жүргізілуде.

Қызметтерін атқарып тұрған кейбір шалғай елді мекендерде орналасқан мешіттерге адам саны жеткілікті деңгейде келмейді және мешітті қажетті кадрмен, қажетті қаражатпен және т.б. мәселелермен қамтамасыз ету қиынға соғуда.

Жағдайы бар меценат азаматтардың мешіт салу тенденциясы – мешітке келуші азаматтардың санының өсуінен бұрын, кәсіпкер азаматтардың Ислам дініндегі «мешіт салу – сауапты іс» деген түсінігінен бастау алуда. Десе де, Исламда жол салу, көпір салу және т.б. қоғамға қажетті әлеуметтік мәселелерді шешу мешіт салумен қатар сауапты іс болып табылады. Мешіт соғуға ниетті азаматтарға біз әрдайым осы мәселені түсіндіруге тырысып жатамыз.

Жалпы, облыстық дін істері басқармасының негізгі мақсаты – дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру, діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау және экстремизм мен терроризмнің алдын алу.

Басқарма өз жұмысын үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады. Атап айтсақ, халық арасында дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, БАҚ және интернет кеңістігіндегі насихаттық жұмыс, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендермен жұмыс, сондай-ақ өңірімізде тіркелген діни бірлестіктермен өзара байланыс.

Халық арасында діннің өзекті тақырыптарында кең ауқымды ақпараттық науқандар мен түсіндіру шараларын жүргізу үшін облысымызда жалпы саны 130 адамнан тұратын 17 ақпараттық топ нәтижелі жұмыс істеуде. Атап айтқанда, 1 облыстық, 5 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарына тәжірибелі мамандар, теологтар, дінтанушылар, мешіт имамдарымен қатар қоғам белсенділері мен ардагерлер де тартылған. Ақпараттық-түсіндіру топтарымен жыл басынан 3 087 ақпараттық іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде жүз мыңға жуық тұрғын қамтылды.

Жылдан жылға интернет кеңістігінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын арттырып келеміз. Басқарма жанындағы Дін проблемаларын зерттеу орталығы «Талдамалық интернет карта», «Кибербақылау», «Контр» сынды интернет кеңістігінде теріс діни контенттерді талдауға, анықтауға және оларға қарсы насихат жұмыстарын жүргізуге арналған ақпараттық жүйелермен жұмыс жасауда.

Нәтижесінде, жыл басынан бері интернет желісінде теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 8 279 тұрғынды ол топтардан шығардық. Интернет кеңістігінде еркін пайдалануға болатын 6 011 күдікті парақша анықталып, дінтану сараптамасына жіберілді.

Жастар көп пайдалатын Instagram, Facebook, Telegram, Vkontakte, Tiktok сияқты әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері арқылы жастардың тілімен айтқанда, «жаңа трендтер» бойынша деструктивті діни контенттерге қарсы баламалы дүниелерді әзірлеп жариялаудамыз. Әйтпесе әлеуметтік желідегі қатерлі топтардың жетегіне арбалып жатқан жастарымыз аз емес. Ол жағдайдың алдын алмаса, ертең – қатерлі. Осы мақсатта Дін проблемаларын зерттеу орталығының жанынан ашылған студияның техникалық базасын жаңартып, «Подкаст» бейнеөнімдер түсіруді бастадық.

Жаһанды шарпыған экстремизм мен терроризм қаупі елімізде сейілмейінше оған қарсы күрес те бәсеңдемейді. Осындай кешенді шаралардың арқасында Қазақстанда діни экстремизмнің қара бұлты сейіліп, жағдай біршама оңалды деп нық сеніммен айтуға болады. Мамандар бұл бағыттағы жұмыстардың жемісті болуына профилактикалық іс-шаралардың бір жүйеге түсіп, өзінің тиімділігін көрсете бастауы септескенін алға тартуда.

Облыста жат ағымның жетегінде кетіп, оның құрбаны атанған облыс тұрғындарымен психологиялық, мемлекеттік дін саласындағы заңның негізгі тармақтарын түсіндіру бойынша оңалту жұмыстары да өз жалғасын табуда. Оның және отбасында туындаған мәселелері болса, жергілікті әкімдіктермен бірлесе әлеуметтік көмек беру қарастырылған. Басты міндет – зайырлылық принциптерін сақтай отырып, жат ағымның жетегінде кеткен азаматтармен психологтар, теологтар жұмыс жасап, қалыпты өмірге бейімделуіне көмектер көрсету. Бұл бір күннің жұмысы емес, ол қажырлы еңбек пен уақытты қажет ететін кешенді жұмыс.

Өкінішке қарай, дінді біржақты түсінетін радикалдық ағымдардың идеяларына бет бұрып кеткен отандастарымыз да бар. Десек те олардың әрекеттері еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығына сызат түсіре алмайды. Сондықтан еліміздегі діни ахуал тұрақты екендігін және діни себептерді бүркеніп, радикалдардың қатысуымен орын алған бірді-екілі оқыс жағдайлар оған түбегейлі әсер етпеді деп толық сеніммен айта аламыз.

Әрине, бұл еліміздің дін саласында ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмесе керек. Біздің қоғамымызда радикалдық діни ағымдардың деструктивті идеяларының таралуынан көрініс тауып, көпшілікті алаңдатып отырған мәселелердің бар екені сөзсіз.

Ел ертеңі үшін жастарға зор сенім артылады. Білімді жастардың озық технологияны меңгеріп, алдыңғы қатарлы оқу ордаларында білім алуы, әрине құптарлық іс. Көптеген жастар әр салада білімдерін жетілдіріп жүр. Бірақ нақты діни білім алу мәселесіне келгенде бізге жіті қырағылық керек. Олай дейтініміз, шет мемлекеттерге өз бетімен діни білім іздеп кеткен азаматтардың потенциалды қауіп көзіне айналып кетуі ғажап емес. Олардың дін емес, сол елдің діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын сіңіріп алу қаупі зор.

Көптеген әлеуметтанушы ғалымдар ХХI ғасырдың алғашқы жылдарындағы әлемдегі ең басты, ықпалды, жаһандық сипаттағы он бағыттың ішінде тілдік патриотизм мен діни қайта жаңару үрдістерін атаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз діни қайта жаңғыру жолында қоғамдық өмірдің діни спектрінің күрделенуіне тап болдық. Жаңа діни ұйымдардың, оның ішінде дәстүрлісі де, дәстүрлі емесі де бар түрлі діндер мен ағымдардың қызметі күшейді.

Бүгінде біз сол социо-мәдени шынайылықтың салдарымен күресіп, ахуалды тұрақтандыру бағытында жұмыс жасаудамыз.

Айта кетерлік тағы бір мәселе – биылғы жыл әрбір қазақстандық үшін ауыр кезеңмен басталды. Қаңтар оқиғасы қоғам өмірінің барлық салаларындағы тұрақтылықты одан әрі нығайту, оның ішінде діни бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін тағы да дәлелдеді.

Осы орайда Президентіміз елдегі орын алған жағдайға өзінің нақты бағасын беріп, діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыруды тапсырды. Осы тұста өңіріміздегі діни ахуалды тұрақты деп бағалауға болады.

Бүгінде облыс аумағында 11 конфессиядан тұратын 378 діни бірлестік тіркелген. Оның 332-сі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары. Сондай-ақ 8 православ, 1 католик шіркеу мен 27 протестанттық және өзге де бағыттағы шіркеулер жұмыс атқарады.

Діни бірлестіктер арасында конструктивті диалогты кеңейту және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында басқарма жанындағы діни бірлестіктер клубы жұмыс жасайды. Клубтың ережесі бекітіліп, мүшелері тізімінің жобасы жасақталып, клубтың отырысы тоқсанына бір рет ұйымдастырылып тұрады. Діни бірлестіктер клубының мүшелерінің, олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен таза ауада бірлескен көктемгі тал егу акциясы ұйымдастырылады. Алдағы уақыттарда клубтың жұмысын стандартты емес үлгіде өткізу, мемлекеттік, ұлттық мерекелер мен діни мерекелерді бірлесе атап өту, түрлі тематикалық кездесулер мен спорттық, тағы басқа да шараларды өткізу жоспарлануда.

Радикалдық діни ағымдардың ұстанушылары өз идеяларын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыздан жоғары қояды және діни талаптармен өмір сүретін мемлекетті қоғамдық құрылыстың «ең дұрыс жүйесі» деп есептейді. Ал мұндай шетін идеялардың біздің мемлекетімізге және сан ғасырлық тарихымыз бен мәдениетімізге қайшы келетіні айтпаса да түсінікті.

Облыста қазіргі күнде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, діни сипаттағы радикалдық және экстремистік идеяларға тосқауыл қою бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде және ол алдағы уақытта да күшейе түсетін болады.

Сирияға облысымыздан біраз жерлесіміз кеткен еді. 2019 жылы «Жусан» операциясы аясында бірқатары қайтарылды. Бүгінде олар өз үйлерінде, туыстарының арасында тұрып жатыр. Біз олардың барлығымен тұрақты байланыс жүргізіп отырмыз. Олардың барлығы дерлік, әрекеттеріне өкінеді және өз туған Отанының оларды қайта қабылдағанына рақмет айтады. Осының барлығы интернетте немесе таныстар арқылы жүргізілетін теріс насихаттың салдары.

Осындай келеңсіз мәселелер еліміздің дамуының зайырлы қағидатын ілгерілетуге және зайырлы өмір сүру құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған жұмыстарды күшейте түсуді қажет етеді. Еліміздің діндар азаматтары ең біріншіден, өз елінің патриоттары болуы тиіс. Олар жақсы білім алып, адал еңбек етуді, өздерін үнемі жетілдіріп отыруды, заң талаптарын сақтауды басшылыққа алулары керек.

Түзеу мекемелеріндегі діни радикализмның алдын алуға қатысты профилактикалық жұмыстардың да маңызы зор. Қазіргі таңда, Тараз қаласы аумағында 5 түзеу мекемесі орналасқан. Біздің мамандар тарапынан түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында тұрақты кездесулер өтеді. Онда экстремизм және терроризм баптарымен сотталған арнайы контингенттің белгілі саны бар.

Олардың біразы түрмеде бекерге қарап отырмай айналасындағы адамдардың миын улауы мүмкін.

Сондықтан түрмені діни экстремизмнің ошағына айналдырмау үшін діни түсінігі радикалданған тұлғалармен жекелеген теолог мамандар жұмыс істеп, олардың бетін бері қайтаруда. Бұл ретте құзырлы орындар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдарының көмегіне жүгінуде.

Бүгінде түзеу мекемелеріндегі діни көзқарасы радикалданған тұлғалармен жұмыс істеудің тәжірибесі Орталық Азия елдерінің қызығушылығын арттырып отыр.

Әрине, мемлекет жастардың шетелдерде білім алуын, олардың елге қажет мамандықтарды игеруін және басқа елдерден оң тәжірибе жинауға деген құштарлығын құптайды. Сондықтан қазіргі күнде біздің елімізде жастардың түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында және әртүрлі гранттар мен ата-аналарының жеке қаражаты есебінен шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Өкінішке қарай, жастарымыздың шетелдерде оқып жүріп әртүрлі келеңсіз оқиғаларға тап болуы орын ала бастады.

Сондықтан мемлекет жастарымыздың шетелдерде әртүрлі сипаттағы қақтығыстарға ұшырамауына, олардың жапа шекпеуіне және басқа елдердің заңдарына қатысты мәселелер туындамауына мүдделі. Жалпы бұл мәселеде Еуропа елдері мен Америкада жағдай тыныш болса, араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие.

Атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуы, дінаралық қақтығыстардың белең алуы және экстремистік, сондай-ақ террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуы қоғамдық-саяси және діни ахуалға өз әсерін тигізуде. Сондықтан ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн.

Көптеген ата-ана шетелдерде білім алудың кейбір тұстарына мұқият назар аудармастан, өз балаларының басқа елдерде оқуын қуана құптайды. Олар балалары білім алғысы келген елдің ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек екенін, басқа мәдениет пен өзге менталитеттегі адамдармен қатар өмір сүріп, араласатынын білулері тиіс.

Қоғамдағы радикалдық идеологияға қарсы тұратын күш «Отан», «Ұлттық мүдде», «Ана тілі» сияқты қасиетті ұғымдар ол біздің қазақы мұсылмандығымызда жатыр. Ясауиден бастап Абай мен Шәкәрім бабаларға дейін жан тазалығы мен ар түзейтін ғылымына негізделген ұлттық және рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды ғылыми жүйеге енгізіп кеңінен насихаттау арқылы радикалдық идеологияға тосқауыл қою маңызды іс. Әрбір азамат дін арқылы қоғамды түзетемін деп емес, дін арқылы өз жан дүниемді тазартамын деген ниетте болса, сонда ғана қоғамда тұрақтылық болар еді.

 

Сәкен МЫҢБАЕВ,

облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support