- Advertisement -

Қасиетті қара өлең құбылысы

104

- Advertisement -

Кезінде Руми мен Рудаки сияқты Шығыс алыптары мың жыл бойы жырлаған Тараз шаһарында жан сарайы жырдың бесінші мезгіліне есігін айқара ашты. Рухани шығармашылық толқын бұл жолы «AYU» ресторанында бас қосты. Бесінші жүздесуді шексіздікке қанат сермеген авангардтық жастар өмірден өтсе де, сәулелі болмысы санадан сөнбейтін ақын-жазушылардың, өнер адамдарының рухтарына арнады. Бұл кеш «Сағыныш сонатасы» деп аталды.

Жарық жылдамдығының жалына жармасып, алабұртқан адам жанының сан алуан сергелдең сезімдерін сертті жырға серік еткен жамбылдық жас ақындардың тәуелсіз, яғни ешқандайшартты шектеулерге шідерленбей, шалқар шексіздікке рухы самғаған, жаңаша ойлайтын, жаһандық көзқараспен дүниеге һәм келешектің көкжиегіне көз жүгірткен по эзия шеберлерінің бе сінші жыр кеші де әдеттегідей ерекшеліктерге толы болды.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп хәкім Абайайтпақшы, адам ғұмырының әр сәті, тағдыр бұралаңдары, өмір өрнектері өлеңмен астарлы астасып жатыр. Бұл жырдың мағына тұңғиығы, тұжырым тұғыры сөз құдіретіне бас иген тараздық жастарға әу бастан аян. Оның үстіне көне Таразда әлі күнге дейін шығыстың шынары һәм шоқ жұлдызды шайырларының рухы кезіп жүр. Соңғы кездері әулиеаталық жас ақындар республиканың түкпір-түкпіріндегі әдеби орталарда маңдайы жарқырап, жыр додаларында жеңімпаздардың қатарында аты аталып, жыры жаңғырып жүргені көпшілікке белгілі. Күні кеше осы жобаның авторларының бірі Файзулла Төлтайәдебиет аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік сыйлығын иеленді. Жоба авторларының бірі, ақын Арайлы Жақсылық та Фариза Оңғарсынова атындағы әдеби марапаттың иегері.

Нақты уақытта киелі Тараз топырағында сөз қадірін өз қадіріндейтүсінетін, өмірінің өзегін өлеңге айналдырған өрімтал жастардың шоғыры қалыптасты. Олардың туындылары әдеби аға буынның, тіпті сұңғыла сыншылардың да оң пікірін алып жүр. Бірер жыл бұрын аймақта алғаш рет өздерінің бастамасымен «Жыр дуэль» ұйымдастырды.

Осы секілді әдебиет пен әлемнің, өмір мен өлеңнің кредосын шығармашылықтан тапқан жастардың лирикалық лебі сең бұзып, экстравагантты ерекше орта қалыптастырды. Осылайша жаз, күз һәм қыс мезгілінде алаулаған «Авангард» атты культ пайда болды. Һәм әлі жетіліп келеді.

Әрдайым алға ұмтылу философиясына негізделген бұл сөз әлемдік өнерде бұрыннан бар ұғым. Оның ауанында жаһанға аты мәшһүр талай классиктердің келешекке көші, сүрлеу соқпағы, іргелі ізі жатыр. Ал бұл ұғым бізде бұған дейін дәл осындай айналымда бола қойған емес. Әрине, қазақ ақындары қай кезде де ел болашағын, адамзат тағдырының келешегін ойлағаны шындық. Тек авангардизм тақырыбы бас білдірілмеген асаудай еді. Оның толқынын тұңғыш рет Тараздың талантты жастары арнаға алып келіп отыр десек, артық болмас.

Хош, сонымен жас ақындар Файзулла Төлтай мен Арайлы Жақсылықтың бастамасымен тұтанып, өзегін өлең өртеп жүрген өңір жастарының алауына айналған Авангардтың бесінші кеші әдеттегідей кітапхана мен мұражайға бас сұқпайтындар үшін «AYU» ресторанында өтті. Бас сұқпайтын демекші, бұл өз алдына бөлек мәселе. Талантты жастарға ол бала кезден таныс. Себебі ондай рухани шаңырақтарда тек қана өлеңге, әдебиетке қатысы барлар ғана төбе көрсететіні жасырын емес. Оның қырық сылтауы санаған сайын көбейеді.

Дегенмен өлең, поэзия, әдебиет соғыста да оқылған. Осыны ескеруіміз қажет-ақ. Сол себепті де тәуелсіз авангардтық жастардың заманауи бастаңғылары көпшіліктің көзі үйреніп, ізі сайрап жатқан мейрамханаларда ұйымдастырылуы әдетке айналуда. Әрине, Авангардта қатып қалған қағида жоқ. Бастысы – ой еркін. Бәрі өнер деген ауылдың перзенттері болғандықтан, бұл кеш барысында өзге өнер түрлері де шет қалмауда. Кімнің жанына қай өнер серік, бірі терме тартса, бірі күй, енді бірі музыкамен үндеседі. Қазақтың қастерлі домбырасы да, сезімнің сырын шерткен саксофон да, жүрек жылытар гитара да поэзиямен үндесіп отырады. Және шарада жас ақындардан бөлек, жан дүниесі жырға шөліркеген, өлеңсүйер қауым мен тіл, жыр жанашырлары, сазгерлер мен суретшілер, тіпті физиктер де төбе көрсетті. Аға буын толғанып, тілеулестік білдірсе, кейінгі буын жанартаудай отты жырларымен көңіл марқайтты.

Көпшілік сағына күткен бесінші жүздесуді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Қадірәлі жүргізді. Дауыл мен жауын секілді бұл кеш те еркін форматта өтті. Жүздесу барысында Арайлы ақын да өзінің жүрекжарды монологтарын оқып, көпшілікті жазушылық қырымен тамсандырды.

Белгілі кәсіпкер Асаубай Майлыбаев «Жастардың өмірден өткен алдыңғы буын ағаларын еске алуы еріксіз жүрек тебірентті. Өз басым осы жастардың жанашыры болған, көзі тірісінде алғашқы «Авангард» кештеріне қатысқан қазақтың қабырғалы қаламгері Несіпбек Дәутайұлын сағынып жүрмін. Ол кісі өмірден өткелі, рухани жан досымнан айырылып, жалғызсырап жүр едім. Жастардың жырларын тыңдап, сол сағынышым басылғандай болды» десе, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Бекет Момынқұл «Кез келген істі бастау үшін адамға мінез керек. Ал әдебиет ар мен мінезсіз болмайды.

Осындай жауапты ортаны ешкімге жалтақтамай қалыптастырып жүрген тараздық жас ақындар да осындай ерекше мінезге ие. Мен бүгінгі авангардтық жастардан көп үміт күтемін. Олар ертең қазақ әдебиетінің белгілі тұлғаларына айналарына кәміл сенемін», – деді. Сол секілді медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабеков те жамбылдық жалынды жастардың шығармашылығына толағай табыс тіледі.

Әдеби-сазды кеш барысында осы тақылеттес игі тілектер легі ақтарылды. Кеш барысында ақын Бауыржан Үсеновтің туған інісі Біржан Үсенов тебірене сыр шертіп, асқақтата ән шырқады. Жалпы кештегі әндердің басым көпшілігі жамбылдық ақындардың сөздеріне жазылған туындылар болды. Сол секілді өмірден өтіп кеткен тараздық талай танымал ақындардың рухани досы, сырласы, жанашыры болған ұлағатты ұстаз Сейсекүл Исматова қазақ әдебиетінің келешегі үшін бұрын-соңды болмаған еркін форматтағы шараны жауапкершілікпен жалғап жүрген жастарға аналық ақ тілегін жеткізді.

– Авангардтың осымен бесінші кездесуі бола тұра, жас ақындардың арасында үлкен қызығушылық тудырғаны көңіл қуантады. Сондай-ақ авангардтың әр кеші ерекшеліктерге толы. Осы кездесудегі тағы бір ерекшелік, ол – шараның алдыңғы буын қаламгер ағаларымыздың рухына арналуы. Бұл бастаманың тұңғыш рет Тараз топырағында өтуі, бастау алуы, оның осындағы жүрген талантты қыз-жігіттердің идеясынан туындағанына расымен қуаныштымын. Әр мамандықтың иесі болса да өзінің туған елінің әдебиетін сыйлайтын, құрметтейтін азаматтар, аға буын, замандастар мен іні-қарындастардың қатысып отырғаны да руханиятымыздың бір жемісі, – деп Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман өз өлеңін оқыды.

Жас ақындардың жанашыры Эльмира Мырза-Ғали да өз сөзінде тараздық талантты жастардың сүрлеу соқпағы көп шығармашылық жолына сәттілік тіледі. Оған қоса Авангардтың екінші жүздесуінде тамылжыта ән салған, өкінішке қарай, былтыр 28 жасында дүниеден өтіп кеткен сазгер Мұқағали Майрамқұлдың анасы Рахат Иманбаева жалғыз ұлын ұмытпаған достарына аналық ақ батасын айтып, жүрек елжіретті.

Мұнан соң Нұржан Әліш, Шапағат Әбдір бастаған өңір ақындары өлең нөсерін төкті. Тараздық ақын Жанғазы Ахметтің ұлы Нұриман да қазақ ақындарының жырын шарықтата жатқа оқып, көпшіліктің зор ықыласына бөленді. Һәм осылайша олар Авангардтың аурасын, негізгі мән-маңызын жырмен жеткізді. Ал кешке арнайы келген белгілі суретші, танымал қылқалам шебері Айдархан Сихаев шара соңына дейін көзіне жалт еткен образдарды қағазға бедерлеп отырды. Сонымен қатар өзге өңірлерден де өлеңсүйер жастар, ақындар арнайы ат шаптырып келді.

Жалпы, кеш барысында адам тағдыры, саф сезім, мөлдір махаббат секілді мәңгілік тақырыптар өлең тілінде жүректерде жаңғырды.

Ал жаңа өлеңдерін оқығанша асығып жеткен жыр жауқазындары әдеби-сазды кештің һәм өздерінің келешегіне сенім мен серпілістің зор екенін таланттарымен тағы бір дәлелдеп, «Көктемде көріскенше» деген жүрек ұранымен тарқасты.

 

Айсана НҰРБАП.

Тараз қаласы.

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support