Қазақ отбасында мейірімге бөленген Алена

5

Ұлттар арасындағы достық, ұлт өкілдерін қастерлеу – бабалардан жалғасқан асыл қасиет. Барша ұлт өкілдерінің қара шаңырағына айналған Қазақстан Халықтары Ассамблеясының – ұстанған бағыты мен бағдары осы құндылықтармен байланысты. Ассамблея үлкен ұйым болса, еліміздің әр ауылында, әр көшесінде бірнеше ұлт өкілдері сүттей ұйып, ынтымақ, бірлік, татулықпен күн кешіп келеді. Бұл жерде жаны жомарт, құшағы кең, ақкөңіл қазақ халқының жарқын мінезін, дархандығын, жылы мейірімін, шұғылалы шуағын жоққа шығаруға болмайды.

Қазақта «Тектілік», «Текті жерден шыққан» деген жақсы сөздер бар. Арғы атасынан адалдық пен имандылық үзілмеген адамның өзі де ұлағатты, ибалы болатыны рас. Оның өзі рухани болмыстың биіктігін, бабалар жолының саралығын көрсетсе керек. Таластықтар заманында еңбекпен аты шыққан Дәдебай Байқонысовты құрмет тұтады. Дәдебай – Талас ауданындағы тамаша жетістігімен аты шыққан 61 Социалистік Еңбек Ерінің бірі. Әлжаппар Әбішевтің «Үлкен жолда» романында осы Дәдебай жайлы, оның өзіне ерлігі тартқан қайсар әйелі Шынбике жайлы, Шынбикенің қасқыр ұрып алған өжеттігі жайлы айтылады. Отағасы Еңбек Ері болса, Шынбике де еңбегіне лайық «Сталин» орденімен марапатталған еңбек озаты.

Біздің бүгінгі айтарымыз басқа тақырып. Бірақ әрине, сол шешімнің өзі ата мен анадан жұққан адамгершіліктен, асыл қасиеттерден бастау алып жататыны шындық. Біз әңгімелеп отырған Дәдебай мен Шынбикеден талантты ұл-қыздар өмірге келді. Дәдебайдың бір баласы – филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық университетінің проректоры болған, танымал ғалым – Жаңғара. Ал қызы – 76 жасқа келген Тынымкүл. Тынымкүл Дәдебайқызы сексенді алқымдаған жасында облыстық архивке өзі барып, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлын іздеп, тауып алыпты.

Тынымкүлдің зеректігі, адалдығы, ұлтжандылығы өз алдына, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбегі ерен. Ақмарал Атаева деген қызының мамандығы – тәрбиеші-логопед, тіл маманы. Ақмарал облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 15 жылға жуық тәрбиеші, логопед-дефектолог болып қызмет еткен. Аталған орталықта өте ауыр халдегі ауру, ата-анасы бас тартқан, туа жетім науқас балалар тәрбиеленеді. Олардың 18 жастан кейінгі тағдырлары да ауыр. Сауап іздеген адамның көмек көрсетіп, мейірімін төгуге лайықтысы да – осы балалар.

Ақмарал ол кезде аталған орталыққа жаңадан ауысқан болатын. Мейірімді. Әрдайым шуақты іздейтін балалар мұның қасынан шықпайды. Соның бірі – сол кезде төрт жастағы Алена Валерьевна Клочкова еді. Өзі науқас, еркелететін ешкімі жоқ баланың жағдайы қайдан болсын. Ол уақытта Алена буындары қозғала алмайтын науқас, тілінде де көп мүкісі болған. Бірақ ол Ақмаралды өте жақсы көріпті. Басқаға тілі келмесе де «Атаева» дегенді түсінікті етіп айтады екен. Тәрбиешісінің аяғына оралып, еркелейтін болған. Ол жағдайға Ақмарал да елжіреп, балаға мейірімін төге бастаған.

Арада зымырап 14 жыл өте шыққан. Тоқтаусыз уақыт-ай, десеңші! Алена 18 жасқа толса, ол орталықта бір күн де тұра алмайды. Заң солай. Басқа қаталдау мекемеге ауысады. Науқас, жарымжан болса да қыз жүрегі бұл қиындықты сезіп, мекеме директоры Индира Қожамқұловаға рұқсат сұрап кіріп, «Ақмарал Атаева тәрбиеші апай мені үйіне бір күнге болса да алып кетсінші» деп өтініпті. Бұл сөзге Индираның да жүрегі елжіреп, еңбек демалысында жүрген Ақмаралға қоңырау шалып: «Алена Клочкованы үйіңізге бір күнге алыңызшы. Қыз өзі солай өтініп жатыр» дейді. Ақмарал бірден келіседі. Ертеңіне келіп, Аленаны алып кеткен Ақмарал сол тәуліктің кешінде анасын және бүкіл бауырларын, келіндерін жинап алып, «Алена қызды асырап аламын, қамқоршысы боламын» деп шешімін айтады. Анасы Тынымкүл де бауырлары да бірден келісім береді. Қазақы мінезбен өскен, мейірім мен ізгіліктен алыс кетпеген әулетте мұндай игі шешімге кім қарсы болады дейсіз?!

Содан бері орыс қызы Алена өзі жақсы көрген Ақмаралдың тәрбиесінде, қамқорлығында. Қызға бар мейірімімді төктім. Қазір бұрынғы сырқаттарынан айығып, тілі де жақсы шығып келеді. Орыс және қазақ тілдерінде сөйлейді. Бір өкініштісі, әріп танымайды. Өйткені нағыз білім алатын балалық шағында ауырды. Аурумен алысты. Енді қанша үйретіп көрсек те, хат танитын ниеті жоқ. Бірақ бәрін түсінеді. Еркелеткенді біледі. Мүмкіндігі жеткенше үй жұмысына көмектесіп, қолғабыс береді» – дейді Ақмарал Атаева.

Ақмарал №13 шағынауданда көпқабатты үйде тұрады. Сондықтан екі жыл уақыттан соң, Аленаны Тараздың Жылысбаева көшесінде тұратын анасы Тынымкүлдің қолына уақытша берді. Мұнда кең аула бар. Алена осылай екі ортада еркелеп жүр. «Менің үйім көпқабатты үй, №13 шағынауданда, бұл апамның үйі» дейді. Онысына Тынымкүл апасы да, Ақмарал әпкесі де рахаттанып күліп алады. Аленаның ол сөзін естігенде біз де езу тарттық.

«Мен – қазақпын, Тынымкүл апаның қызымын» деп еркелей тіл қатқан Аленаның адал, таза сөздеріне көңілденіп, бұл әулетке «Алланың нұры жаусын» дестік. Осылайша Дәдебай мен Шынбикенің ізгі қасиеттері, адалдығы, имандылығы орыс қызы Аленаға деген қамқорлық, жылу болып жалғасып келеді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.