Мектептен музей ашқан мұғалім

25

Ел ішінде өз ісінің шеберіне айналған майталман мамандар жеткілікті. Ондай үздіктер білім саласында да бар. Мұғалім мамандығының беделін де, оқушылардың білім деңгейін де арттырып жүрген білікті ұстаздың бірі – Шу қаласындағы «Жібек жолы» мектеп-лицейінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Рая Тоқтаболатова.

Рая Смағұлқызы–өте тәжірибелі мұғалімдердің бірі. Ол – шәкірт жанын түсінген нағыз педагог. Білім ошағына қажеттілігінен болар, осы салада 42 жыл еңбек еткеніне қарамастан, әлі де тер төгіп жүр. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегендей, Рая ұстаздың төккен тері ақталды. Оның еңбегі халықаралық энциклопедияға енген. «Ұстаз даңқы», «Қазақстан ұстазы» төсбелгісінің иегері. Орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы.

Білікті ұстаздың жылдар бойы жиған тәжірибесі жас мамандарға үлгі. Ол шеберлігі мен мол тәлімін жас мұғалімдерге үйретуден еш жалыққан емес. Соңғы жылдары қалтасындағы қаржысымен өзі еңбек ететін «Жібек жолы» мектеп- лицейінен музей ашты. Онда мектептің бүкіл тарихы көрініс тапқан. 1993 жылы ашылған бұл білім ошағын Ардақ Жанғарашева ұзақ жыл басқарған директор. Ол «Жібек жолын» он жылдам астам басқарып, академиялық кабинет ашты. Мыңға жуық шәкірттің спорт, өнер, ғылыммен шұғылдануына еркін жол ашты. Сондықтан Ардақ Төлепбайқызының еңбегі аталған музейден ерекше орын алатын жөні бар. Музейде өзге де озат ұстаздар мен оқушылардың еңбектері қамтылған.

Мәcелен, орыс тілінің маманы Нина Кобецтің, ағылшын тілінің мұғалімі Светлана Харькованың, орыс тілінің майталманы Айнұр Мамырбаеваның, қазақ тілі маманы Мадина Дауылбаеваның еңбектері ерекше аталып өткен. Динара Бошанова, Гүлзира Төлегенова, Гүлнар Ыбыраева, Қарлығаш Кәрібаева, Ризат Ордабаева, Толғанай Дулатова секілді үздік мұғалімдердің де жұмыстары жарқырап, ел назарын аударады.

Ұстаздары ұлағатты бұл мектептің шәкірттері де шетінен жеңімпаз және жүлдегер. Республикалық ғылыми жоба байқауының жүлдегерлері – Нұрхан Ораз бен Арсен Қарсыбеков. Облыс көлемінде ғылыми  ізденістерімен көзге түсіп жүрген Айжан Әбділда, Зере Есен, Қарақат Жасұлан – мектеп мақтаныштары. Аталған оқушылардың барлығы да – оқу озаттары. Айта берсе лицейдің жетістігі жетерлік. Осы жетістіктердің бәрі Рая Смағұлқызы ашқан музейге көрік беріп тұр.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы.

Comments are closed.