- Advertisement -

Шалғай ауылдағы ауқымды тірлік

312

- Advertisement -

Бөлтірік шешен ауылы аудан орталығынан ең шалғай орналасқан елді мекен. Жолы ұзақ, демесеңіз, жергілікті тұрғындардың тұрмысы ешбір елді мекеннен кем емес. Алға салған малы, айналдырған шағын шаруасы шалғайдағы ауыл азаматтарын қатардан қалдырып отырған жоқ.  

Тәуекел етіп тірлікке ниет танытсаң болғаны. Қалың орта іздеп, қала кезіп қоныс аудармай-ақ, тұрғылықты жерден табысыңды айырып, тірлік істеуге болады. Тек ебін таба білсең болғаны. Мұны Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны, кәсіпкер Мұрат Ордабаев та өз ісімен дәлелдеп отыр. Ол атақонысы болған ауылдан көшпек емес. Керісінше, бота тірсек балалығы өткен топырақтың түрленуіне тамшыдай болса да үлес қоспақ ниетте.

Мұрат Ордабаев осы ауылдан жылыжай салып, онда күнделікті тұтынатын көкөністерді жергілікті тұрғындарға ұсынбақ. Қазір 5 сотық жерге жылыжайды орналастырып үлгерген. 9 миллион теңгеге жуық қаражатты қалтасынан шығарып, істі бастап кеткен. Жылыжайға аскөк, пияз, шалқан, қияр отырғызған. Енді міне, еккен өнім жеміс беруге жақын.

–Жылыжайдың көлемі 50х10 метр. Әзірге істің бастамасы ретінде ерте өнім беретін көкөністердің көшетін қолға алдым. Көшеттің өзін осында дайындадым. Аскөк 15, шалқан 20-25 күнде, ал қиярды сабағынан үзу мерзімі бір жарым айға жуықтайды. Екі-үш күнде өнім жинаймын. Қазірдің өзінде ауылдағы ағайынға таратып та жатырмын. Алдағы ақпан айынан қызанақты да қоса отырғызбақпын. Қажетті тыңайтқыштар мен топырақты жақын маңнан алдым. Жергілікті тұрғындар «Домалақ баз» атап кеткен, бұрынырақта мал ұсталған жердің қиын пайдаландым. Нәтижесі жақсы, – дейді ол.

Істің көзін тапқан шаруаның алдағы жоспары да ауқымды. Әуелі осы шағын жылыжайды кеңейтіп, өнім көлемін арттыру. Сонымен қатар ауылдағы жастарды жұмыспен қамтып, оларға кәсіптің қыр-сырын үйрету.

Бұдан бөлек, Мұрат қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысады. Асыл тұқымды мүйізді ірі қара бағуда талай жылдан жинаған мол тәжірибесі және бар. Оның айтуынша, «Қали» шаруа қожалығын 1996 жылы құрған. Табанды еңбектің арқасында қолдағы санаулы мал басын еселеп арттырып, ісін алға бастырған. Ал жылыжай салу, көкөніс егу беріде тәжірибелі мамандардың кеңесі мен пікірінен кейін қолға алған ісі екен.

Өзге аймақтармен салыстырғанда Талас ауданында жылыжай жұмысының кенжелеп қалғанын мойындауымыз керек. Бұл бағытта жұмыс істеуге ниетті азаматтарға қолдау да бар. Бірақ ден қойып, оны қолға алғандар байқалмайды. Мәселен, аудан көлемінде жеті жылыжай ғана жұмыс істейді. Бұл бүтіндей бір аудан үшін тым аз.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support