- Advertisement -

Оңтайлысы – онлайн сауда

58

- Advertisement -

Цифрландырудың дамуымен және карантиндік шараларға байланысты онлайн форматқа жаппай көшу – электрондық сауданың дамуына да жол ашты. Қолдағы смарт телефон арқылы-ақ қазір онлайн сауданы жүргізіп, табыс табуға мүмкіндік мол.

Қазақстанда 2022 жылдың сәуіріне дейін интернетке қолжетімді ұялы байланыс абоненттерінің саны 17 миллионнан асқан. Мамандардың дерегіне сүйенсек, олардың қатары жылына шамамен 5,7 пайызға артып отыр. Елімізде қазіргі таңда 2,8 миллион интернет абоненті тіркеліпті. Бұл дамыған өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанда интернеттің ену деңгейі жоғары екендігін көрсетеді.

Қазірдің өзінде бізде барлық нарықтық құрылымдар онлайн режимге көшкен. Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі де бірнеше есеге өскен. Мәселен, осы жылдың бір тоқсанында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2019 жылдың толық жылындағы көрсеткіштерден 43 пайызға, ал 2018 жылдың толық жылындағы көрсеткіштерден 28 есеге артқан. Интернет пен ұялы телефон арқылы жасалған онлайн төлемдер қолма-қол ақшасыз төлемдердің 84,2 пайызын құраған.

Nasdaq мәліметтері бойынша, 2040 жылға қарай барлық сатып алулардың 95 пайызы онлайн режимде жүзеге асырылады.

Елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюымен қатар, электрондық коммерцияның көрсеткіштері де өсуде. Егер 2018-2019 жылдары электронды сауда үлесі тиісінше 2,9 және 3,8 пайызды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 есеге дейін өсіп, 9,7 пайызға жеткен. Сонымен қатар тауарлар мен қызметтерді онлайн сатып алған интернет пайдаланушылардың үлесі 2019 жылғы 15,6 пайыздан 2020 жылы 17,7 пайызға дейін артқан.

Бүгінде біз күнделікті тұтынуға арналған қарапайым тауарлардан бастап, сирек және эксклюзивті заттарға дейін, жалпы кез келген нәрсені үйде отырып-ақ онлайн сатып ала аламыз. Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, біздегі онлайн сатып алынатын тауарлардың ең көп тараған санаттарының қатарында киім, аяқкиім, спорт тауарлары, шаруашылыққа арналған тауарлар, дәрілер, байланыс қызметтері, азық-түлік екен. Тек бұлар ғана емес, онлайн сауда арқылы қазақстандықтар үлкен көлемдегі заттарды да сатып алуда.

Соның бірі – автокөлік. Қазақстандағы ірі автодилерлердің көпшілігі онлайн саудаға көшкелі қашан. Жылжымайтын мүлікті де онлайн сатып алуға болады. Мысалы, BI Group холдингінің веб-сайты немесе BIG App арқылы (компанияның жеке өнімі) пәтерді онлайн режимінде санаулы минуттарда-ақ сатып алуға болады екен. Ал оффлайн режимінде шамамен үш күнді қажет етеді. Қазіргі уақытта бұл компания тұтынушылармен келісімшарттардың 90 пайызын электронды түрде жасайды. Тиісінше, келісімшарттарға онлайн қол қою 2 миллионға жуық қағазды үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Бұл дегеніңіз, 200 ағаш кесілмей, бүтін күйінде қалды деген сөз.

Интернет арқылы электронды сауда жасаудың негізгі артықшылықтары:

– Уақыт үнемделеді. Дүкенге барып әуре болмай-ақ санаулы минут ішінде, үйде отырып-ақ қалаған затыңызға қол жеткізе аласыз.

– Әсіресе пандемия кезінде өте маңызды болғаны, кезек күтіп, көпшілік ортасында тұрмайсыз.

– Қаржы үнемдейсіз. Қай дүкенде, қандай жеңілдіктер болатынын алдын ала бақылап, арзан бағада зат сатып алуға әрі жолпұлға да қаражат жұмсамай, үнемдеуге болады.

– Төлем түрін таңдау еркі. Тұтынушы төлемді қолма-қол, карта арқылы, интернет арқылы немесе ұялы телефон арқылы төлей алады. Тіпті бөліп төлеу, несие арқылы рәсімдеу секілді төлем жасаудың сан түрі де қарастырылған.

Елімізде электронды сауданы бұдан әрі дамыта түсу үшін мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер бар. Мәселен, онлайн сауданы ынталандыру үшін 2023 жылға дейін салық жеңілдіктері қарастырылған. ҚР Сауда және интеграция министрлігі Цифрландыру департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл ұлттық электронды сауданы дамыту бойынша тиімді шаралар кешені әзірленуде. Осы жылы трансшекарлық және ішкі электронды сауда саласында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда «100 цифрлық нарық» жобасын іске қосуға дайындық жүргізіліп жатыр.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support