- Advertisement -

Балаңыз ақша жұмсай ала ма?

109

- Advertisement -

Психологтардың айтуынша, балалардың дүкеннен өздері қалаған затты алуға қызығушылығы 4 жастан басталады. Сол себепті ата-ана баланы қаржылық сауаттылыққа кішкентай кезінен бастап үйрете алады. Отбасында ата-ананың әр қылығын көріп өскен бала, сол істі міндетті түрде қайталайды. Сіз өз қаражатыңызды қалай жұмсайсыз? Үнемдей аласыз ба? Ақшаңызды әр жерге шашпай, қалай жинақы ұстайсыз? Міне, балаға қаржылық сауаттылықты үйретудің басы осы жерден басталады. Егер бала сіздің ақшаңызды қолы жететін жерден алып, ойыншыққа айналдырса, есейгенде де өз қаражатына жеңіл көзқарас қалыптасады. Сол себепті есейген сайын қаржылық қиындыққа тап бола бастайды.

Егер жасөспірімнің ақша табуға қатысты жалғыз машығы – өз ата-анасын қандай да бір затты сатып әперуді мәжбүрлеу болса, оны шынайы өмірге дайын деп айтуға болмайды. Мұндай балалар өмір бойы қаржылық қолдауды іздеуі мүмкін. Алайда ата-аналардың өзінің ақшаға деген көзқарасының өзі кей жағдайда сын көтермейтінін атап өту қажет, онымен қоса, жасөспірім отбасында қаржылық жауапкершілікке барынша ертерек араласқаны абзал.

«Қоғамдық пікір» қоғамы жүргізген зерттеулерге қарасақ, респонденттердің арасында 28 пайызы негізінде жасөспірімдерде артық ақша болмауы қажет деп санайды екен. Олардың пікірінше, жасөспірімдер ақша ұстай алмайды, ақша олардың тәрбиесіне кері әсер етеді, темекі, ішімдік немесе есірткі қолдануға итермелейді. Бірақ бұл пікірмен сауалнамаға қатысқандардың 66 пайызы келіспейді – олардың көзқарасы бойынша жасөспірімде ол өзі жұмсай алатын ақша міндетті түрде болуы қажет. Олар көбінесе жасөспірім қажеттігі мен қызығушылығын қанағаттандыру үшін ақша қажет деп түсіндіреді және ақшаны ұстау тәжірибесі есеюге, тәрбиеге оң әсерін тигізеді деген пікірде. Ата-аналардың балаларының ақшаны дұрыс ұстай алмауына қатысты алаңдаушылығы олардың қаржылық сауатсыздығынан туындайды.

Ақылды ата-ана баласын ересек әлемдегі ақша қатынастарымен біртіндеп таныстыра бастайды. Мектеп оқушысы үшін алғашқы мүмкіндіктер – бұл ақша шығынына берілген ақша және балаға өз бетімен шешім қабылдау мүмкіндігі. Алдымен бұл балмұздақ пен тәтті ірімшік арасында жасалатын таңдау болуы мүмкін. Содан соң ақшаны тәттіге жұмсамай, жинап қызықты кітап алуға болады деген ой келеді.

Ақша қатынастары тәрбиелеудің тамаша құралы болуы мүмкін. Мысалы, балаға ақшаны бір күнге емес, бір аптаға, тіпті одан ұзақ мерзімге де беруге болады. Осылайша балада өз қаражатын болашаққа жоспарлаудың алғашқы тәжірибесі пайда болады. Егер ол берілген ақшаны бір күнде жұмсайтын болса, келесі аптаға дейін ақша бермеу өте маңызды. Бұл оны өзінің қаржылық іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке үйретеді.

Егер ата-аналар балаларымен ғарышкер немесе балерина болу туралы армандайтын кезінен бастап олардың болашақтағы мансабы туралы әңгіме қозғаса жөн болады. Мұндай жұмыс үшін қанша ақша төлейтінін бірлесіп зерттеуге және өмір сүруге, тамаққа, көлікке және осы саладағы басқа да шығындарға адамның қанша жұмсайтынын салыстыруға болады.

Кей ата-аналар өзінің балаларына олардың сәби кезінен бастап-ақ депозиттік шот ашады. Бұл бала үшін тағы бір пайдалы сабақ болуы мүмкін. Шот не үшін ашылатыны, оның қандай мүмкіндіктер беретіні жөнінде түсіндіру қажет. Тіпті кішкентай шот иесін банкке өзімен бірге алып жүріп, барлық қағаздарды бірге толтыруға болады. Егер банктен хаттар келетін болса, оларды ең алдымен балаға оқып беруге болады, сонда оның ақшаға қатысты қатынасы күшейе түседі. Осылайша баланың болашағы негізінен оның ата-анасының ақшаға қатынасы мен дұрыс қаржылық тәрбиелеуіне тәуелді болады.

Сондай-ақ психолог Ғалияш Махашеваның айтқанына сүйенсек, қаржылық сауаттылықты үйрету барысында кішкентай балаға түрлі ойындарды қолданған ыңғайлы, ал 7-8 жастағы балаларға нақты есеп арқылы ақшаны үнемдеу, тиімді ұстау жолдарын түсіндіруге болады. Мысалы, мектепте асханаға жұмсайтын ақшаны жеткізуге тырысу, досына бәлішке деп қарызға берген ақшаны кейін қайтарып алу, сосын баланың ақшаға байланысты әрекеттерінің бәрін арнайы дәптерге жазып, есебін жүргізуге үйрету. Қарапайым ғана мысал болғанымен, бұл тәртіп баланың ақшаға деген жауапкершілігін арттырады.

«Біз бала отырғанда ақша санамау керек немесе баланың көзінше отбасының қаржылық жағдайын айтпау керек деген түсініксіз қағиданы ұстанып алғанбыз. Бұл – орынсыз», – дейді Ғалияш Махашева.

Ойын – балалар үшін әлемді танудың негізгі тәсілі. Дәл осы ойын арқылы балаларды ақшаны дұрыс жұмсауға үйретуге болады. Солардың бірқатарын сіздерге ұсынамыз:

  • «Кім арзанырақ табады?». Супермаркетте балаңызға қолжетімді бағада тауарды табуға тапсырма беріңіз. Тіпті жылдамдыққа жарысып, сатып алатын сүттің, шоколадтың арзанын бірге тауып көріңіз. Нәтижесінде өнімді салыстырып, қайсысы қымбат, қайсысы арзан екенін бірге талқылаңыз.
  • «Дүкенге барып кел». Балаңызды дүкенге жіберіп, тек тізім бойынша заттарды алып келуді бұйырыңыз. Нәтижесінде қай өнім қанша тұратынын, қанша ақша қалғанын сұрау арқылы оның логикалық ойлау қабілетін қалыптастыруға болады. Сондай-ақ бала өзіне жауапкершілік алып, дүкенде ересек адамдар сияқты сауда жасауды үйренеді.
  • «Бюджетті жоспарлаймыз». 7-8 жастағы баламен ақшаның қайда кеткенін есептеңіз. Параққа арнайы кесте сызып, түрлі санатқа бөліңіз (тамақ, пәтер ақшасы, көлік, басқа да қажеттіліктер). Балаға қандай шығын қай санатқа жататынын нақтылауға мүмкіндік беріңіз. Нәтижесінде апта соңында қанша шығын қайда жұмсалғаны анық болады. Ал бұл кестенің есебін балаңызбен бірге жүргізіңіз.
  • Отбасының барлық мүшелерімен «Монополия» сияқты үстел ойындарын ойнауға болады. Бұл ойын түрі уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support