Экономика

«ЭКСПО-2017»: қуатты қазақстанды танытар сәт

«ЭКСПО-2017»: қуатты қазақстанды танытар сәт

 13Мұхтар ТӨЛЕУЛИЕВ, 

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.

Бұған дейін бөлінген 25 миллиард теңгеге «ЭКСПО-2017» кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлінетін болды. Бұл – жағымды жаңалық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сейсенбідегі халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан белгілі болды. «ЭКСПО-2017» қарсаңында бізге Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максимальды өткізу қабілеті – 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы. Бұл «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі «дирижері» Президент Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Әлемдік энергетикадағы дағдарыс үрдістерін ескере келе Мемлекет басшысы 2017 жылғы көрменің нышаны ретінде «Болашақтың энергиясы» ұранын ұсынды. Соған байланысты елімізде 2-3 жылдан бері «Жасыл экономикаға» үлес қосып келе жатқан баламалы қуат көздері индустриясы өрге басып келеді. Бұл бағытта Жамбыл облысы өзінің баламалы қуат көздері стансаларымен еліміз бойынша көш бастап тұр. Мәселен, 2010 жылға дейін облыстағы қолданыстағы жаңартылған энергия көздері нысандарының жалпы қуаты 1,5-2 МВт құраған болса, одан бері жаңартылатын энергия көздері нысандарының 6 жобасы іске асырылып, бүгінгі күнге ол 19 МВт құрап отыр. Бұл нысандар бүгінде электр желілеріне қосылған. Ел игілігіне де берілуде. Бүгінде жаңартылған энергия көздері нысандарының жалпы қуаттылығы облыстың электр энергиясын орташа тұтынудың шамамен 2 пайызын қамтиды. Бұдан бөлек, 2015 жылға «Меркі ГЭС-і», қуаттылығы 100 МВт құрайтын Жаңатас жел электр стансасын, Т.Рысқұлов ауданында 24 МВт күн электр стансаларының құрылысын іске асыру және Отар елді мекенінің аумағында орналасқан стансаларының қуатын 7 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда. Үкімет бекіткен 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес, көзделген жобалар арқылы баламалы энергияның үлесін 2015 жылға қарай – 1,5 пайызға, ал, 2020 жылы 3 пайызға жеткізу көзделген болатын. Сол үшін еліміздің өзге де облыстары бүгінде жел, күн, су электр стансалары жобаларын жүзеге асыруға ерекше ден қоюда. Бұл ретте біздің облысымыз да құр қалып отырған жоқ.