- Advertisement -

Бала тәрбиесіндегі басты қағидалар

87

- Advertisement -

Ата-ана үшін бала – өмірінің сәні де, мәні де екенін жақсы білеміз. Ата-ана сол баласы үшін өмір сүреді, оны әлдилеп, әлпештеп, азамат етіп, өсіруге бар күш- жігерін жұмсайды.Тегінде бала – отбасы дәнекері, ата-ана ғұмырының жалғасы, ең бастысы біздің елімізді алға қарай дамытушы – болашағымыз. Сондықтан ата-ана мен мектеп болып, жасөспірімдер мен балаларды заман талабына сай, көздің ғана емес, көңіл қуанышы етіп тәрбиелеу басты міндетіміз.

Бала – ата-анаға, өскен ортаға қарап бой түзейді, үлкендердің үлгі- өнегесіне қарап тәлім алады. Жас шыбық иілгіш болса, жас балада сондай жақсыға да, жаманға да бірдей бейім болады. Ал үйдегі үлкендердің жаман әдеттері мен іс-әрекеттері бала тәрбиесіне ықпал етеді. Жас кезінде дұрыс тәрбие алмаған баланың есейе келе тәртібі қиындап, оқу үлгерімі нашарлап кетеді. Тәрбие – үздіксіз жүретін құбылыс, ешқандай үзіліс, демалыс күндер дегенді білмейді.

Оқушыларды тәрбиелеу жүйесі заман талабына сай қоғамдық өмірде болып жатқан ұлы өзгерістерге байланысты. Қазір қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген, өз Отанын шын сүйетін толыққанды адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. «Қоғам талабы – заман талабы», өйткені әр адам – өз заманының баласы. Жас адамды есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен мектептің, қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы. Өйткені «Ес түзелмей, ел түзелмейді», олай болса, Тәуелсіз еліміздің болашағы отбасында тал бесіктен және мектеп баспалдағынан басталады.

Бірінші ата-ана үйде баланың жағдайын көбірек жасап, бөлмедегі сөрелерді қажетті кітаптармен, газет- журналдармен жабдықтауы керек. Бала білмеген сұрақты сол сөреден қарап, қосыла жұмыс жасаған ата-ана баласынан көп үміт күтуіне болады. Қазір енді ғана тілі шыққан сәбиімізге дейін компьютер алдына отырып, ұялы телефонды ұстағысы келеді. Қуанатын дәнеңе жоқ, бала техникаға қызықты дерсіз…

Бірақ қазір жасөспірімдер жаппай компьютер ойынына елігіп, ғаламторға кіріп, «тыйым салынған» сайттардан өзіне қажетті емес, ұятсыз нәрселерді көріп, одан қалса ВК, уатцап, инстаграмға кіріп, бейтаныс адамдармен танысып, бір- біріне суреттерін жіберіп, уақыттарын босқа өткізіп жүр. Компьютердегі ойын мақсаты қарсыласын өшпенділікпен неше түрлі тәсілмен ұрып-соғып, өш алу, өлтіру, кек қайтару, қарсыластың көзін жоймай байыз таппайды.

Тағы бір түрі – соғыстың неше түрлі айла- тәсілдері насихатталады, бала ойын шырмауына кірсе шығуы қиын. Онда темекі шегіліп, неше түрлі былапыт сөздер айтылып, балаларымыз соның арасында қатыгездікке үйрететін ойын ойнап отырғанына жауапсыздықпен қараймыз. Бала мұндай жерлерде босқа жүрмей жат қылықтарға үйір болары анық. Темекі тарту, ішімдік ішу, бұзақылық пен ұрлық жасау алдымен түнде беймезгіл уақытта жүретін жасөспірімдерден шығатынын бәріміз де білеміз. Міне, осындай зиянды әрекеттер жан-жақты бала санасын улап, байлап- матап жатқанда, ата- аналар мен мұғалімдер қарап отырмай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс істеуі қажет.

Ата-аналар, балаларыңыз отбасыңызды, әулетіңізді ұятқа қалдырмасын десеңіз «Ұят болады» сөзі арқылы тәрбиелеуді қолға алыңыз. Осы сөз арқылы оның адамгершілік бейнесі қалыптасады. Балаларыңыз үсті-басын таза ұстамаса, беті-қолын жумаса «ұят» деңіз. Ұят арқылы бала өз жүріс-тұрысына баға береді. Мұхаммед Пайғамбарымыз өз хадисінде «Адамнан ұят кетсе, арсыз болады», «Ұят деген нәрсе харамнан сақтану», «Ар- ұяттан безгенді мұсылман деуге болмайды» деген екен.

Олай болса, ұят бар жерде адамгершілік бар, адамгершілік бар жерде имандылық, достық, сүйіспеншілік бар. Тәрбиелі, көргенді адамды қазақ «ұяты бар екен» дейді. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғ.Мұстафин «Адамды адам етіп келе жатқан бір ұлы қасиет бар, ол – ұят» дейді.

Қазақтың қайсар қаһарман ұлы Б.Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп әр адам тәртіпті сақтап, тәртіпке бас исе, елдің отбасының тыныштығын сақтағаны деп көрегендікпен, бір ауыз сөзбен ұрпағына түсіндірген.

Сыныптан тыс уақытта оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін біздің мектепте оқушылардың қызығушылықтарымен бейімділігіне қарай әртүрлі үйірмелер, клубтар, оқушылардың ерікті ұйымдары мен қосымша білім беру курстары жұмыс істейді. Әр жаңа оқу жылының басында оқушылардың сұранысы бойынша ата-аналардың өтініші алынып, мектеп директорының бұйрығымен ақысыз үйірмелер, клубтар, жастар ұйымы ашылып, олардың мүшелері мен жетекшілері, жұмыс жоспарлары бекітіледі.

Бала тәрбиесінде ата-ана мен мектептің мақсаты бір болса, сол мақсатқа жету жолында мұғалім мен оқушы, мұғалім мен ата-ана, мұғалім мен мектеп әкімшілігі тынбай тиянақты жүйелі жұмыс жүргізсе, біз бағындырмайтын белес, алынбайтын асу болмас еді. Сол кезде ғана жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, рухани-адамгершілік қасиеттер мен жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, мәдениетті, өнерлі, салауатты өмір салтын ұстанатын, Отанын шын сүйетін, елі үшін аянбай еңбек ететін, нағыз ұлтжанды азаматтар тәрбиелеп шығара аламыз.

 

 Қаламқас АБДУАНОВА,

бастауыш сынып мұғалімі.

Талас ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support