Қоғам дерті қайткенде құрықталады?

12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар арасында суицид дерегі жиі тіркелетін облыстарды атап, соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық- зомбылықтың көбейіп кеткеніне алаңдайтынын айтқан болатын. «Жалпы еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид азайды. Дегенмен Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар керек», – деді Мемлекет басшысы.

Суицид ұғымы XVII ғасырда пайда болғанымен, адамзаттың өмірін жалмаған бүгінгідей жағдайға енді жетіп отыр. Қазіргі қоғамда өзін өзі өлтіруге итермелейтін жайт көбейіп кетті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша әр 25 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсаса, дәл осы суицидтің кесірінен жылына 1,5 миллион жан өмірімен қоштасады.

Өз-өзіне қол жұмсаудан – Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші орында болса, әлем бойынша алғашқы бестікте тұр.

Өлімнің жалпы статистикасында, суицизм 13-ші орында. Жалпы, суицидті бір ғана себеппен байланыстыру қате. Әлеуметтік жағдай, отбасылық жанжал, жалғыздық, бәрі де оған түрткі болуы мүмкін. Мамандар өзін өлімге қиятындардың 19 пайызы – жазалау алдындағы қорқыныштан, 18 пайызы – рухани дерттен, 18 пайызы – отбасылық уайым-қайғыдан, 6 пайызы – қорқыныштан, 3 пайызы – қаржылық мәселелерден, 1,5 пайызы – өмірден жалығудан, 1,2 пайызы ауруға шалдығудан орын алатынын айтады. Ал 41 пайыз өлімнің себебі белгісіз күйінде қалып отыр.

Облысымыз бойынша сараласақ, ағымдағы жылдың 9 айында 117 адам өз өмірін қиған.

Өзіне өзі қол жұмсаудың ең қауіпті кезеңдерінің бірі– жасөспірімдер арасында жыныстық-рөлдік сәйкестендірудің қалыптасуы орын алған кезде, сәтсіз махаббат, достармен, ата-аналармен қақтығыстар және мектептегі мәселелерден туындайды екен. Мамандар бір-біріне мұқият болу арқылы қайғылы жағдайдың алдын алуға болады дейді. Өз-өзіне қол жұмсауға шешім қабылдаған адам басқаларға өзінің жоспарлары туралы жасырын сигнал беруге тырысады. Сондықтан осындай жағдайға тап болған уақытта, ең алдымен, тиісті маманға хабарласу керек.

Әлеуметтанушы Нұрсәуле Көмекбаева қандай қауіпке де алғашқы болып ұрынуға бейім, оң-солын толық танып үлгермеген жастар жағы екенін айтады. «Мәселен, былтыр елімізде 15-29 жас аралығындағы жастар өзіне қол жұмсаудан әлемде 4-орын алды. Ең өкініштісі, бізде жастар арасындағы суицидке қарсы насихат шаралары жүйелі түрде жүргізілмейді. Шыны керек, мамандар өзіне-өзі қол жұмсаудың негізгі себептерін анықтап береді. Енді онымен күресу керек қой. Осы арқылы бұл мәселені түбегейлі шешпегенімізбен, салдарын азайтуға әбден болады. Ол үшін психологтар, дін өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер, саламатты өмір салтын насихаттаушылар, ұстаздар, ата-аналар, жалпы айтқанда біртұтас қоғам болып күресуіміз керек. Арнайы бағдарлама керек. Өйткені мына статистика – жаға ұстатарлық, дабыл қағарлықтай жағдай. Өзіне қол жұмсап тірі қалғандардың дені өмірмен шын қошт асқысы келмегенін, тек өздеріне қоғамның назарын аударуға тырысқанын айтқан. Сондықтан түрлі мәселеге тап болып, депрессияда жүргендермен, жүйкелеген жұртпен жұмыс жүйелі болса дейміз», – дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидті алдағы уақытта да жер бетіндегі өлімнің негізгі әрі басты себебінің бірі болып қала беретінін мәлім еткен. Солай екен деп қол қусырып отыруға да болмайды. Ол үшін әр адам жақын-жуығын бақылап жүруі керек. Әйтпесе қоғам дертін құрықтай алмаймыз.

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.