Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты

Мемлекет басшысы Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты. Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның төрағалығымен өткен саммитке Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, кезектен тыс өткен Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтаған жиынға қатысушыларға алғыс айтты.

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың түрлі бағытына қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді. Ұйымға мүше елдер басшыларының қорытынды кездесуі күрделі геосаяси қайшылықтар мен бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқанын айтты.

Осы ретте Президент армян-әзербайжан қақтығысын дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған шараларды қолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге шақырды.

Мемлекет басшысы ұйым аясындағы іс-әрекетті одан әрі дамытуға байланысты бірқатар ұсыныс айтты. Соның ішінде ҰҚШҰ-ның бітімгерлік әлеуетін дамыту мәселесін жуық арадағы басымдық ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе армян тарапына және Никол Пашинянға ҰҚШҰ төрағасы ретіндегі табысты жұмысы үшін алғыс айтып, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың 2023 жылы атқаратын төрағалығына сәттілік тіледі. Сессия қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды. Жоспарланған ротация аясында мемлекеттер басшылары Қазақстан өкілі Иманғали Тасмағамбетовті 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдады.