Атқарылған тірлік ауқымды
Атқарылған тірлік ауқымды
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осы мерейлі дата мен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Тараз қалалық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиында ҚР Парламенті аграрлық мәселелер бойынша Комитетінің жауапты қызметкері Ержанбек Нұрбеков еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің құттықтау хатын оқып берді.
Сонау 1999 жылы қиын кезеңнен ел енді еңсесін тіктеп жатқан тұста ашылған инспекция осы күнге дейін бірнеше құрылымдық атауға ие болған екен. Аты өзгергенімен заты сақталған инспекцияның қалай құрылғанын Ержанбек Нұрбеков тебірене әңгімелеп беріп, жерлестеріне құттықтау тілегін жеткізді. Естеріңізге сала кетсек, Е.Нұрбеков осы инспекцияның облысымыздағы алғашқы басшысы болып қызмет еткен.
– Жамбыл облысы шын мәнінде республика бойынша ауылшаруашылығы әлеуетті аймақтардың бірі. Сондықтан, министр Асылжан Сарыбайұлының осыған үлкен мән беріп, «Осы сәлемді жеткіз» деп, үлкен табыс тілегені – сіздерге деген құрмет пен жауапкершіліктің белгісі. Бұл инспекция осыдан он бес жыл бұрын Үкімет қаулысымен құрылған саладағы алғашқы бақылаушы орган болды. Осында отырған және қазір арамызда жоқ біраз білікті азаматтардан кадр жасақтап, оларға сенім арта жұмысқа кірісіп кеттік. Үкімет артқан үдеден шығу үшін барынша еңбек еттік. Ел үшін, саладағы жоғары нәтиже үшін көп жұмыстар атқардық. Ол да өз жемісін берді. Дегенмен, ол оңайлықпен келе қоймады. Өйткені, нөлден бастап жаңа мекеме құру, оның базасын жасақтап, құрал-саймандарын түгендеу аса маңызды шаруа. Қиындыққа шыдамағандар да болды. «Көш жүре түзеледі» демекші, осылайша қажырлы еңбектің арқасында аппарат жасақтадық, басқарма құрдық, – деген Е.Нұрбеков жерлестерін мерекемен шын жүректен құттықтады. Одан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың құттықтауын жеткізді. Мерекелік шара әрмен қарай инспекция өмірінен сыр шертетін шежірелі бейнекөрсетіліммен жарасым тапты. Онда облыстық, аудандық (қалалық) аумақтық органдардың алғашқы құрылу жылдарында атқарған жұмыстар туралы мұрағаттан алынған суреттер мен бейнекөріністер топтастырылыпты. Ал, бұдан кейін жиынның негізгі баяндамасын Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков жасады. – Еліміз егемендік алып, мемлекеттік шекарасын белгілеу кезеңдерінің алғашқы жылдарында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету де кезек күттірмес мәселенің бірі ретінде күн тәртібінде тұрған еді. Сол жылдары агроөнеркәсіп кешені экономиканың негізгі салаларының бірі болғандықтан және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, мемлекеттік қоғамдық-саяси тұрақтылық та осы саланың дамуымен тікелей байланысты болды, – дей келе ол инспекцияның құрылған кезден бастап осы күнге дейінгі атқарған жұмыстарына кеңірек шолу жасап шықты. Осы мекеменің аяғынан тұрып кетуіне бір кісідей атсалысқан азаматтардың адамгершілік қырларына да тоқталды. – Еліміздің алтын бесігі, береке-бірлігінің көзі болып саналатын ауылға, агроөнеркәсіп кешеніне мемлекеттік қолдаудың, қаржылай көмек көрсетудің маңызы орасан зор екендігі белгілі. Өйткені, халқымыздың 46 пайызы ауылда тұрады. Ауыл шаруашылығына тиісті дәрежеде көңіл бөліп, Жер-ананы дұрыстап пайдалана алсақ, ол – таусылмайтын, қайта жаңарып отыратын үлкен байлық. Сондықтан Елбасы отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдауды күшейтіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігіне баса назар аударуды тапсырып отыр. Біздің инспекция басшылығы мен мамандары да Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыра отырып, өз үлесімізді қосуға дайын екендігімізге сендіремін, – деді сөзінің соңында инспекция басшысы Н.Жігітеков. Инспекция басшысының баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан облыстың Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев, облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы қызметінде болған, бүгінгі зейнеткер Қылышбай Ахметов, Жамбыл аудандық аумақтық инспекциясының бұрынғы бастығы, зейнеткер Рахымбек Жапаров сынды азаматтар өздері еңбек еткен жылдардан тебірене естеліктер айтып, инспекция жетістіктерін тілге тиек етті. Жиын соңында аумақтық органдардың құрылғанына 15 жыл толуына байланысты және ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай саланың бірқатар қызметкерлері Ауыл шаруашылығы министрінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, салтанатты жиынға шақырылған зейнеткерлерге естелік сыйлықтар тапсырылды.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».