Күз суғар, күз суғармасаң жүз суғар
Күз суғар, күз суғармасаң жүз суғар
Диханның күні қашанда ауа райына қарайды. Биылғы табиғаттың егін үшін қолайсыз құбылыстары оларды қуанта қоймағаны анық. Сондықтан, сан соғып, күткен өнімнен қағылып қалғандар көп болды. Ал, биылғы күздік егіске жердің ылғалдылық деңгейінің қалыптылығы жағып-ақ тұр. Шу ауданындағы дихандардың алдағы жиын-терін науқанында еңбектері ақталатындығына сенімдері басым. Олар үстіміздегі жылы 12500 гектар күздіктен әр гектарына 4-5 центнерден өнім жинаған болатын. Биыл жоспарланған14000 гектар алқапқа тұқым сеуіп үлгерді.
Аудандағы «Бектібай», «Абылай», «М-Сафар», «Медеу», «Белбасар-Шу» шаруа қожалықтарының күздік егіс көрсеткішіндегі үлес салмақтары басқаларға қарағанда көш ілгері. Жалпы, күздік егуге 180 шаруа қожалық, АТК, ЖШС-лар қатысқан. Күздік бидай егуге басымдық бергендер түрлі сапалы сұрыптарды қолдануда. Ал «Баласағұн» АТК, «Бектібай», «Өтеуіл», «Данияр» шаруа қожалықтары екі-үш есе көп өнім беретін, сапасы жоғары «Супер Элита» тұқымын сепкен. Сипатына қарай, бағасы да төмен болмайтын бұл тұқымды олар арнайы Қазақ ғылыми-зерттеу институтынан алдырған. Техника жағына келсек, Шу ауданының ауылшаруашылығы саласы бұл тұрғысынан мақтаулылар қатарында. Сондықтан, егін даласын реттеуде тек екі қолдың күшіне ғана сеніп, қиналып жүрген дихан жоқтың қасы. Биылғы жиын-терінге, дақыл егуге 790 трактор, 200 соқа, 27 культиватор, 39 сыдырғыш, 112 дәнсепкіш, 5 тұқым дәрілегіш жұмылдырылған. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Сейдахметов күздік дала егіс жұмыстары жоспарға сай өз деңгейінде орындалғанын және дихандардың жұмысына кедергі келтірерлік проблемалардың болмағанын жеткізді.
Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».
Шу ауданы.