- Advertisement -

Жас ақындар жырлайды

232

- Advertisement -

Елімізде үлкен қолдауға ие болған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп айтылған болатын. Бойында өмір бойы адалдық, ізгі қасиеттер тұнып тұрған, сол қасиеттерден бүгінгі жас ұрпақ үлгі алған биік тұлғаның бірі – Дінмұхамед Қонаев.

«Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі Д.А.Қонаев орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен дара тұлғаның 110 жылдығы аясында «Қазақтың біртуар ұлы – Қонаев» атты оқушылардың облыстық шығармашылық байқауы өтті.

Аталған іс-шараның бірінші бағыты бойынша оқушылар мемлекет және қоғам қайраткері туралы ғылыми жобаны қорғап шықса, екінші бағыты «Дара тұлға» ізімен атты эссе жазуға арналды. Аталған бағыттар бойынша да сәтті еңбектер жазылып, жеңімпаздар анықталды.

Ал «Дана тұлға – дара тұлға» атты облыстық мүшәйра да жоғары деңгейде өтті. Мұнда аталған Д.А.Қонаев орталығының өкілі Лесбек Егембердиев, ақын Ақтолқын Құлекеева қазылар құрамында болып, Тараз қаласы және аудандардан оза шапқан 13 оқушы бақтарын сынады. Шәкірттер мүмкіндігінше, Димаш аталарының болмысын өлеңмен ашуға ұмтылды. Әсіресе сарысулық Нұрбану Исаханованың «Аласұрып іздеген көңілімен, Бір бозторғай кеудемде кісінейді», қаратаулық Қарақат Бескемпірдің «Қазағымның шоқ жұлдызы деп білем», шулық Бақнұр Ноғаеваның «Өзі салған бір қаласы Қапшағай, Қонаевтың есімімен аталды», меркілік Әсел Шерімованың «Игі істерге ынтызар жоғары адам» деген жолдарына сүйсіндік.

Ал тараздық Гүлназ Базарбай: «Димаш ата нағыз тұлға – кемеңгер, Тау тұлғаны құрметтеңдер, елеңдер» деген жолдарымен ерекшеленіп тұрды. Қазылар алқасының шешімімен тараздық Гүлназ Базарбай аталған мүшәйраның жеңімпазы, яғни, бірінші орын иегері атанды. Жүлделі екінші орындарды сарысулық Нұрбану Исаханова мен меркілік Әсел Шерімова бөліссе, тағы төрт талапкерге үшінші жүлде берілді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есенәлиева, аталған Д.А.Қонаев орталығының атқарушы директоры Қибат Асқарбеков марапаттап, диплом және бағалы сыйлықтар тапсырды.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support